«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ БӘСЕКЕЛЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы қазақстандық спортшыларды халықаралық ірі додалардан бөлек, 2020 жылы Жапония астанасы – Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын іріктеу жарыстары күтіп тұр. Сонымен қатар студент саңлақтарымыз 2019 жылы екі бірдей Универсиада ойындарында ел намысын қорғайтын болады.

Биыл боксшыларымыз Олимпиадаға жолдама беретін әлем және Азия чемпионатында бақ сынайды. Әзірше, Азия чемпионатының қай елде өтетіні белгісіз, ал әлемдік дода 7-15 қыркүйек күндері Ресейдің Сочи қаласында жалауын көтереді.

2019 жылы дүниежүзінің ең мықты балуандары әлем чемпионы атану үшін елордамыз – Астанаға жиналады. Қыркүйек айына жоспарланған байрақты дода “Дәулет” спорт кешенінде өтеді.

Ауыр атлеттер сәуір айында Қытайда өтетін Азия біріншілігінде өнер көрсетеді. Бұл біріншілік – Токио Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын маңызды турнирлердің бірі. Одан кейін отандастарымыз Тайландта өтетін әлем чемпионатына қатысады. Былтыр зілтеміршілеріміз Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен біріншіліктен тек екі жүлдемен оралған болатын. Биылғы чемпионатта аянып қалмас деп сенеміз.

Жылдың басты жарыстарының қатарында қысқы және жазғы Универсиада ойындары бар. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын студенттердің сайысы 2-12 наурыз күндері Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Әлемнің 50 елінен 3 мыңнан астам спортшы спорттың 11 түрі бойынша бақ сынайды.

Ал биылғы 3-14 шілдеде Италияның Неаполь қаласында XXX жазғы Универсиада ойындарының жалауы желбірейді. Спорт сайысына әлемнің 170 елінен 12 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олар спорттың 12 түрі бойынша бақ сынап, 250 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бұдан бөлек, 2019 жылдың наурыз айында биатлоннан (Эстерсунд, Швеция) және мәнерлеп сырғанаудан (Сайтама, Жапония) әлем біріншілігі, мамырда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Наурыз айында футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі мен Қазақстан премьерлига ойындары басталса, шілдеде қазақстандық футбол клубтары Еуропа лигасындағы іріктеу матчтарына қатысады. “Қайрат”, “Тобыл”, “Ордабасы” командалары кәрі құрлықта алғашқы айналымдарда бақ сынаса, “Астана” командасы чемпиондар лигасындағы ойындарын өткізеді.

Халықаралық жарыстардан маусым айында екінші Еуропа ойындары, шілде айында велоспорттан клубтар арасындағы бейресми әлем чемпионаты саналатын “Тур де Франс” велокөпкүндігі және Оңтүстік Кореяда су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар 2019 жылы бірнеше елішілік жарыстар, турнирлер өтеді деп жоспарлануда.

Биыл жарыс жолына шығатын саңлақтарымыз жанкүйерлерді жеңістерімен қуантады деп сенеміз.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp