«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚ ТҮБІ — ӨКІНІШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары өртсөндірушілерден “Тұрғындар өз өміріне немқұрайды қарайды” деген сөзді жиі естиміз. Шынымен де, мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескерткенімен, көпшілік бұған құлақ аса бермейді. Мұндай салғырттықтың кесірі қайғылы оқиғаларға соқтырып жатқан мысалдар аз емес.

Осыдан екі апта бұрын тілсіз жау елордалық бүтін бір отбасының шаңырағын тас-талқан еткен еді. Уақытша баспанадан шыққан өрт бес бірдей баланың өмірін жалмады. Сол бір аядай үйде қапелімде қаза тапқан апалы-сіңлілі қыздардың үлкені 2006 жылы туған, ал кенжесі бір жасқа толмаған нәресте болатын. Осылайша, төтенше жағдай кезінде жұмыста болған байғұс ата-ана зар илеп қалды. Қаралы хабар қалың көпшіліктің де қабырғасын қайыстырып кетті.

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары оқыс оқиға пешті салу кезінде жіберілген қателіктің салдарынан туындағанын анықтады. Ел бойынша рейдтік шаралар жүргізіліп, уақытша баспаналарда (времянка) тұрып жатқан көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайы тексерілді. Нәтижесінде мамандар көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайтынына көз жеткізді. Осы орайда билік алдағы күндері тұрғындарға уақытша баспананы жалдауға тыйым салу мәселесін де қарастыруда.

– Өкінішке қарай, жұмысына атүсті қарайтын құрылыс компаниялары бар. Оның ішінде жеке секторда үй тұрғызатындар да аз емес. Олар өздеріне тиесілі жерде уақытша баспана салады да, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жалға беріп қояды, – деді Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында.

Вице-министрдің айтуынша, уақытша баспана салатындар мен оны қауіпсіздік ережелерін сақтамай жалға беретіндер де жауапқа тартылуы тиіс. Осы орайда Юрий Ильин уақытша баспанадан бас тарту қажеттігін атап айтты.

Біздің өңірімізде де өрт салдарынан орын алған оқыс оқиғалар аз емес. Мұны статистикалық деректерден аңғаруға болады. Өткен жылы өңірде 742 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 545-і жеке секторға тиесілі. Бұл – жерлестеріміздің жеке бас қауіпсіздігіне салғырт қарайтындығының көрінісі. Оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстары жиі жүргізілгенімен, қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Былтыр тілсіз жаудың салдарынан 37 адам қаза тапса, оның жетеуі – бала. Бұдан бөлек 19 азамат әр-түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған.

Астанадағы жантүршігерлік оқиғадан кейін жергілікті өртсөндірушілердің де жұмысы жандана түсті. Осы орайда өткен сенбіде өңірімізде өрт қауіпсіздігі күні өтті. Таң атысымен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері мен ведомство бағынысындағы мекемелердің өртсөндірушілері №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің алдына сапқа тұрды. Бұл шараға “Өрт сөндіруші” мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің мамандары және жергілікті тәртіп сақшылары да тартылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаев жеке сектордағы әр үйге барып, өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті. Шаһардағы хал-ахуалдың қандай екенін анықтауды көздеген шараға жергілікті журналистер де шақырылды.

Бұл күні департамент мамандары “Жас өркен”, “Копай”, “Заречный”, “Былғары зауыты” шағынаудандары және Жұмысшы кентінің көшелерін аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ, қызметкерлер Қызылжар ауданындағы Шахау ауылының тұрғындарымен кездесті.

Департаменттің қызметкерлері – Шолпан Қуандықова, Елена Шульгина мен Мақпал Әлімкина бастаған жергілікті тілшілер “Тайга” базарына ат басын тіреді. Тұрғындар көп шоғырланған бұл жердің әрбір қуысын аралаған мамандар жолда кезіккен адамдарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді.

– Салғырттықтың салдары сан соқтыратынын айтудан жалықпаймыз. Көбіне ата-аналарға түсіндіруге тырысамыз. Өйткені, олардың кейбірі әртүрлі себептерге байланысты балаларын үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Мысалы, жуырда “Черемушки” шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйде орын алған оқыс оқиғаны алайық. Үшінші қабаттағы пәтерде болған өрттің түтіні жоғары өтіп, төртінші қабатта жалғыз қалған жеті жасар қыздың өміріне қауіп төндірді. Ал баспана иесі үлкен балаларын мектепке апару үшін кетіп қалған. Мұндай жауапсыздық фактілері жиі кездеседі. Жалпы, рейдтік шаралардың барысында нақты ахуалға көз жеткіземіз. Көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлерінде қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын байқаймыз, – деді Шолпан Қуандықова.

Жұмысшы кентінде тұратын 4 баланың анасы Айтжамал Нұршәріпованың үйіне Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дмитрий Растихин бастаған топ барды. Үйге кіре сала пештің үстіне отын кептіріліп тұрғанын көрдік. Білікті маман үй иесіне бұл қауіпті екенін түсіндіріп, үйіне дабыл қаққыш құрал орнатып берді. Бұл қондырғы түтін шыққанда, белгі береді. Сондай-ақ, өртсөндірушілер әйелге күлді үйдің маңына төкпеу керектігін ескертті.

– Жыл басынан бері жағдайы нашар отбасылардың үйіне 20-дан астам құралды тегін орнатып бердік. Кейбір тұрғындардың үйлеріне кіргізбеуінің салдарынан көптеген пештер тексерусіз қалып жатыр. Бұл, әрине, баспана иелерінің құқығы. Алайда, осындай немқұрайдылық соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Жалпы, ұйқыдағы адам иіс тигенін байқамайды, оянбай ажал құшатыны белгілі. Сол себепті, пештің тартпасын уақытынан бұрын жабуға болмайды, – деді Дмитрий Растихин.

Бұдан соң мамандар көрші үйге кіріп, үй иесіне қауіпсіздік ережелері жазылған жадынаманы ұсынды. Үш баланың анасы Алена Олегова да бұл ережелерден бейхабар екен.

Жалпы, екі күнге созылған рейд нәтижесінде департамент қызметкерлері 7 мыңнан астам адамды қамтыған 3 мың аулада болды. Оған қоса, жеке сектордың тұрғындарымен 5 кездесу өткізді. Рейд барысында шұрықтесік пеш, ашық-шашық жатқан электр сымдары, тазартылмаған мұржаларды көрген журналистер тұрғындардың көп жағдайда жеке бас қауіпсіздігіне дұрыс көңіл бөлмейтініне көз жеткізді. Өртсөндірушілердің сын-ескертпелеріне жеңіл-желпі қарағандардың кезіккені де жасырын емес. Мұндайда:

Қазақта жазылмайтын бір ауру бар –

Келмейді мінін айтсаң жаратқысы, – деген Міржақып Дулатұлының өлең жолдары ойға оралады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp