«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде “Қолөнер – сырлы өнер” атты Мағжан Жұмабаев аудандық тарихи-өлкетану музейінің көшпелі көрмесі ашылды.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көшпелі көрмені тамашалауға қала тұрғындары мен студенттер қатысты. Қазақ халқының тыныс-тіршілігінен сыр шерткен құнды жәдігерлер келушілердің қызығушылығын тудырды.

– Биыл қызылжарлықтардың назарына қазақ этнографиялық экспозициясын ұсынуды ұйғардық. Халқымыздың тарихын зерттеуде алдымен тұрмыстық заттар мен бұйымдарға ерекше назар аударған жөн. Біздің өңірімізде көбінесе, бұйымдар ағаштан жасалған. Көрмеге қойылған жәдігерлер соның айғағы іспетті, – дей келе Мағжан Жұмабаев аудандық мұражайының директоры Серік Жұмағұлов көрмедегі кішкентай баланың аяқ киімі теңдессіз жәдігер екенін тілге тиек етті. Ол әр бұйымның тарихына тоқталып, түлкі ішікке ерекше назар аударды. Он бір қарсақтың терісінен жасалған тон қонақтардың көзайымына айналды.

Жалпы, бұл көрмеге отызға жуық этнографиялық экспонат қойылды. Ағаштан жасалған ет табақ, қолдиірмен, шелек пен ұлттық киім үлгілері аудандық тарихи-өлкетану музейінің бірегей жәдігерлері болып саналады. Торсық, бесік, саптама етік, күбі де құнды мұралардың қатарынан орын алған. Жылжымалы көрмені қала тұрғындары мен қонақтары наурыз айының соңына дейін тамашалай алады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp