«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙДЫ ЗАҢ ӘПЕРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде “Педагог мәртебесі туралы” Заң әзірленіп жатыр. Тіпті оның жобасы жарияланбай жатып, Мәжіліс депутаттарынан бастап қатардағы ұстаздар қауымына дейінгі қоғам өкілдерінің ұсыныстары әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдарының беттерін жаулап алды. Бұл көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты өзекті екендігін көрсетсе керек.

Ұялы телефоныма келіп түсе сала, заң жобасының мәтінімен мұқият танысып шықтым. Тіл маманы ретінде менің алғашқы байқағаным – жобаның түсінікті жазылмағаны. Заң орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаланғаны көрініп тұр. Оның бір ғана дәлелі ретінде кейбір баптарды түйіндейтін “уәкілетті органмен айқындалады”, “уәкілетті органмен белгіленеді” сынды тіркестерді келтіруге болады. Қазақ тіл білімінде көмектес септік жалғауы сөзге үстейтін семантика-грамматикалық мағына үшеу ғана болатын: іс бірлігі, іс құралы және іс амалы. Ал жоғарыда келтірілген қолданыс тілімізге жат: калька аударманың “жемісі”.

Екіншіден, қарапайым емле қателері кездеседі. Мәселен 18-баптың 3-тармағында “даярлауды” сөзінен -у, 4-тармағындағы “бағдарламалар” сөзінен -ғ әріптері түсіп қалған. 8-баптың 2-тармағындағы “Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзу бұзушылыққа жол берген” деп келетін сөйлем бөлігінен не бұзу сөзін алып тастау, не сол сөзден кейін үтір қою керек. т.с.с.

Бұларды айту тырнақ астынан кір іздеу емес. Түсінікті жеткізілмеген ойдың дұрыс орындалатыны, іске асырылатыны да күмәнді.

“Педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілердің амандығы үшін қауіпсіз және жағымды білім беру ортасын құруға тырысады”, – делініпті. Шын мәнінде, ұстаз тиісті орындар құрған қауіпсіз және жағымды білім беру ортасында еңбек етуі керек. Осы жобаның 7-бабының 4-тармағында көрсетілген: “Жергілікті атқарушы органдар білім алушыларды дамыту, оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында қосымша шараларды қабылдауға құқылы” деген сөйлем: “Жергілікті атқарушы органдар білім алушыларды дамыту, оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдауға міндетті” болып өзгертілуі керек сияқты. Бұл ұстаздың жауапкершілікті өзгеге аударуға ұмтылуы емес, өзінің мүмкіндігін объективті бағалауы ғана.

Жоғары оқу орнын 21-22 жасында бітіретін педагогті 35 жылдық (ұсыныстардың басым бөлігі кеңестік кезеңдегі 25 жылды атаса да) еңбек өтілі негізінде зейнеткерлікке шығару жайлы “жаңалық” та ақылға сыйымсыз. Мектептегі жұмыстан қажыған ұстаз зейнеткер атанғанымен, азын-аулақ зейнетақыға күн көру қиын. Сондықтан қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Ал елудің ортасынан асып, денсаулығы сыр беретін жанға кім жұмыс дайындап отыр?

Біліктілікті арттыру мерзімінің 3 емес, бұрынғыша 5 жыл болып қалғаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бір жыл бойы аттестацияға дайындалсақ, келесі жылымыз одан өтуге жұмсалады. Сонда бір жыл ғана алаңсыз жұмыс істей аламыз. Ал біліктілік санатын ертерек арттырғысы келетін жанға жанымыз ашыса, оның мерзімінен бұрын аттестациялануға құқығы барлығы жобаның келесі жолында атап көрсетілген.

“Жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілген қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі”, – делінген заңның жобасында. Ол қолдау бүгінгідей символикалық қана ақы емес, қомақтырақ болғаны дұрыс. Шыны керек, кешегі кеңестік кезеңде ұстаздарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау елеулі болатын: жылына жағылған электр энергиясы үшін 316 квт/сағаттың құны төленсе, тұратын үй, пәтердің аумағына қарай текше метрлеп отын, тонналап көмір бөлінетін. Ал үстіміздегі оқу жылында бұл мақсатта әр мұғалімге бөлінген 4 мың теңгеден сәл артық ақшаның ширек тонна көмір не жарты текше метр отын алуға ғана жететіндігін айтудың өзі ұят. Оған қосымша ретінде ауылдық жерге келген жас педагогтарды қолдаудың ерекшелігін ашып көрсеткен дұрыс. Облыс орталығының іргесіндегі Бескөл мен түкпірдегі ауылды таңдаған педагогикалық оқу орнының жас түлектеріне бірдей қолдау жасау түсініксіз.

Мектеп қабырғасында өтіп жатқан қырық жылдық ұстаздық қызмет жолымда көп шәкірт тәрбиеледім. Оны мақтанышпен айтамын. Тәлімімді алып, тәрбиеме қаныққан өрендердің сый-құрметі еңбегімнің өтеуі секілді. Осыған қарап жеке ұстаздың қоғамдағы беделі тек өзіне ғана байланысты болатынын айтқым келеді. Беделді ешбір заң қолдан жасап бере алмайды.

Қалижан ТӘШКЕНОВ, Мектеп негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp