«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАСЫЗ ҚАЛҒАН БЕС БАЛАЛЫ АНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

WHATSAPP желісіне Петропавл қаласының тұрғыны Меруерт Түленованың атынан сауал келіп түскен болатын. Хатта нәзік жан баспана мәселесі шешімін таппай отырғанын жазып, шағымданған.

Меруерт Түленова, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мен – 5 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Петропавл қаласында Пугачев қысқа көшесі, 7 мекенжайындағы біз тұрып келген үй апаттық жағдайда деп танылды. Қазір амалсыздан Мамлют ауданындағы Ленин ауылында туысымның үйін уақытша паналаудамын. Былтыр қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қабылдауында болып, жалғызбасты ана ретінде пәтер кезегіне тұруға көмектесуін сұраған едім. Себебі, бастапқы жарнаны талап ететін мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын мүмкіндігім жоқ. Алайда, маған пәтер кезегіне тұруға қатысты жөнді кеңес берілмеді. Енді не істерімді білмеймін.

Оқырманның сауалына Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы Ораз Қаршалов жауап берді:

– Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана қажетті құжаттарын өткізген күннен кейін кезек бойынша ретімен беріледі. Өкінішке қарай, Меруерт Түленова қала әкімдігінің пәтер кезегінде тұрған азаматтарының тізімінде жоқ. Біз көпбалалы анаға бұған дейін тұрып келген баспанасының апаттық жағдайда екенін растайтын құжат рәсімдеп, қала әкімдігінде жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар санатында пәтер кезегіне тұруға кеңес береміз.

Сондай-ақ, Заңның 67 және 68-баптарына сәйкес Меруерт Түлекова Үкіметтен жәрдемақы немесе басқа да жеңілдіктер алған жағдайда жергілікті атқару органының жеке тұрғын үй қорынан жалға берілетін баспаналарға кезекке тұру құқығы бар. Ол үшін Петропавл қ., Әуезов к., 157, Қазақстан Конституциясы к., 72 және Совет к., 34 мекенжайларында орналасқан “Азаматтарға арналған үкімет” АҚ-ы облыстық филиалының кеңселеріне жүгіну қажет. “Электронды үкіметтің” веб-порталы арқылы да пәтер кезегіне тұруға болады. Қолыңызда отбасының әр мүшесінің тұрғылықты мекенжайын, отбасы мүшелерінде баспананың бар-жоғын растайтын, неке туралы куәлік (некені бұзу туралы куәлік), балалардың туу туралы куәлігі, жалғыз тұрғын үйіңіздің апаттық жағдайда деп танылуы туралы анықтама, отбасының әрбір мүшесінің соңғы он екі айдағы табысы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама сияқты құжаттар болуы керек.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp