«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРДАН ҚАЛҒАН МҰРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы қол бастаған көсемге де, сөз бастаған шешенге де кенде болмаған. Солардың бірі – Абылай ханның сенімді тірегі, қолбасшысы болған ержүрек Тышқан батыр.

XVIII ғасырда қазақ елі Есіл өзенінің бойын қоныстанып келген қалмақтар мен башқұрттарды ойсырата жеңіп, шұрайлы жайылымдарға ие болады. Ақыры қазақтар башқұрттарды Оңтүстік Сібір аумағына ығыстырып тастайды. Тышқан батыр осы соғыстарда ерлік көрсеткен. Бабамыздың орта бойлы, шымыр денелі, қараторы өңді, өткір көзді болғаны ел аузында сақталған. Көз жанары ойнап тұратынын байқаған әкесі Пәрменбек бірде баласына қарап: “Осы бәлекеттің көзі бүркіттің көзіндей ойнап тұрады”, – деген екен.

Тышқан батырдан қалған найзаның ұшын және қылышын Шал ақын ауданының Көктерек ауылында тұратын ұрпақтары мұражайымызға 2017 жылы сыйға тартты. Найзаның ұшы – 24,2, төлкенің диаметрі – 3 сантиметр. Бұл найза жақын қашықтықта, бетбе-бет айқаста түйреу мақсатында қолданылатын қару түріне жатады. Ерте заманнан бері әлем халықтарының көпшілігі оны соғыс және аң аулау кезінде қолданған. Найзаның басы мұражай экспозициясының “Тақ залында” тұр. Оны бүгінгі күнге дейін 30 мыңнан астам адам тамашалады. Шетелден келген қонақтарға оның тарихы мен батырларымыз жайында ақпарат ұсынылады. Бұл жәдігерге QR код қойылып, қазіргі заман талабына сай цифрландырылған.

Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА, “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешені директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp