«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жиі-жиі ойға қалам: іргесін боз өзен жалап жататын интернат болмағанда, интернаттың бір тілім наны болмағанда, біз осы дәрежеге жетер ме едік? Кім біледі…”. Жазушы Шерхан Мұртазаның осы бір сөзінен-ақ интернаттың адам тұлғасының алғашқы кірпіштерін қалайтынын аңғаруға болады.

Небір ойшылдарды тәрбие мәселесі бейжай қалдырмағаны тарихтан белгілі. Олар өскелең ұрпақтың өсіп-жетіл­генде қандай азамат болатыны, ең алдымен, тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екенін жақсы білген. Сол себепті, балғындардың тәрбиесі қазіргі таңда да өзектілігін жоймақ емес. Өйткені, білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қоятын болса, мұның арты адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді.

Ұлы ақын Абайдың “Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы” – деп басталатын өлеңі еске түскен сайын, сол интернаттарда тұрып, тәрбие алып шыққан ұл-қыздар көз алдыма көлбеңдеп келе қалады.

Қазір көптеген өрендердің ғаламторда жарияланған ерсі қылықтарын көріп, тәрбие әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Ал тәлім-тәрбие өнегелі де ұлағатты сөз­бен, үлгі көрсетумен, бағыт-бағ­дар берумен жүзеге асырылады. Сол себепті, тәртіптік іс-шараларды көптеп өткізу маңызды.

Жақын маңдағы ауылдардың отыз оқушысының екінші үйіне айналған біздің мектебіміздің интернатында да тәрбие жұмысына көп мән беріледі. Тәрбиешілер оқушыларға танымдық, спорттық, шығармашылық шаралар ұйымдастырып, ойын ойнатып, әңгіме-дүкен құрады. Шәкірттерге шаттық сыйлау арқылы тәрбиелеу мақсатында мерекелік жоспар құрылған. Мәселен, мерейлі мерекелер кезінде тәрбиешілеріміз түрлі сайыстар мен ойындар ұйымдастырса, тәрбиеленушілер өздерінің талант-тарын көрсетеді.

Интернатта тұратын әрбір оқушы сабақтан кейін өздерінің сүйікті істерімен шұғылдана алады. Олардың жан-жақты дамуы үшін мұнда бай кітап қоры және интернеті бар кітапхана, спорт алаңы, хоккей қорапшасы, шынығу және спорт залдары бар.

Өткен жылдың соңына қарай ауылымызда ойын-сауық орталығы ашылды. Мұнда балалар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисін ойнай алады. Орталықтың қасындағы ауыл кітапханасы да тәрбиеленушілеріміздің жиі баратын орнына айналған. Тәрбиешілеріміз кітапханашылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, әртүрлі іс-шараларды жиі өткізеді.

Интернатта баласына қандай тәрбие беріліп жатқандығынан ата-ана хабарсыз қалмауы тиіс. “Келісіп пішкен тон келте болмас” демекші, өз кезегінде олар да тәрбиешілерге қолдау көрсеткені жөн. Сол себепті, интернатта ата-аналар жиналысын өткізу жақсы дәстүрге айналған.

Тәрбие ошағы саналатын интернат жастардың үлкен өмірге қадам басу жолында маңызды орын алады. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарын қаршадайынан тәрбиешілерге тапсырып, қамсыз жүре алады.

Қанат ШӘКЕНОВ, А.Игібаев атындағы орта мектептің директоры.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp