«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕЙЛІ БЕЛЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір жылдан кейін, яғни 2020 жылдың 22 ақпаны күні “Soltustik Qazaqstan” газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл айтулы дата – бар саналы ғұмырын редакцияның гүлденуіне арнаған және сол соқпақты абыроймен жалғап келе жатқан тілшілер қауымы ғана емес, байырғы басылымның жанашырлары, қалың оқырманы үшін де мерейлі қуаныш.

Алғаш 1920 жылдың ақпанында “Кедей сөзі”, кейіннен “Кеңес ауылы”, “Бостандық туы”, “Ленин туы” деген атаулармен шығып, туған еліміз бен халқымыздың тарих-тағдырымен сабақтас жарық көріп келе жатқан газеттің елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжардағы рухани орда, қазақ тілі мен руханиятының жоқтаушысы екені көпке мәлім. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды ардақты тұлғалар көшін сүйреген “Soltustik Qazaqstan” газеті бүгінде өмір ағымына ілесіп, уақыттың жүгін көтеріп, заман тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеп, ел-жұртының мақсат-мүддесіне қызмет етіп келеді. Осынау мерейлі датаға орай редакция қызметкерлері алдағы нөмірлерден бастап газеттің ғасырлық тойына арналған материалдарды үзбей беруді, тың жобалар мен жаңа айдарлар ұсынуды жоспарлап отыр. Бір жыл уақыт бойы біз оқырмандарымызға газеттің қабырғасы қаланған уақыттан бастап әр жылдары қызмет істеген тұлғалардың өмір жолдары, газет тілшілерінің бастамашы болуымен шешімін тапқан мәселелер жайлы мақалалар, “Қуғынға ұшыраған қаламгерлер”, “Газет және оқырман” атты айдарлармен танымдық, тағылымдық дүниелер ұсынбақпыз. Сонымен қатар басылымның мерейтойына орай жас ақындар мүшайрасы мен шығармалар байқауын, журналистер мен өңір қаламгерлері арасында биллярд пен шағын футболдан жарыс өткізуді т.б. шараларды қолға алмақпыз. Жүз жылға жуық уақыт бедерінде түрлі жолдан өтіп, ата-баба тарихын, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді түгендеп келе жатқан басылым жайлы айтар ойларыңыз, жылы лебіздеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына немесе WHATSAPP желісіне жолдауларыңызға болады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, “Soltústik Qazaqstan” газетінің бас редакторы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp