«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДА ЕРЛЕР НЕГЕ АЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бізге мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, жаратылыстану, құқық, тағы басқа пәндерден ер мұғалімдер сабақ берді. Олардың сабақ барысында айтқан әр сөзін мұқият тыңдап, түсініп, жадымызда сақтауға тырысатынбыз. Өйткені, әкеміздей сыйлайтын едік. Ал қазір мүлдем басқаша. Соңғы кезде болмысы болбыр, қимылы сылбыр, қыз мінезді ұлдар көбейіп бара жатқандай. Мұның себебін мектептегі ер мұғалімдердің аздығымен түсіндіруге болады.

“Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы”, – деген екен осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Ал бүгіндері еліміздегі мектептерде жұмыс істейтін ер мұғалімдердің саны жиырма пайызға жетер-жетпес. Физика, математика, химия секілді негізгі пәндерден сабақ беретін ер-азаматтардың саны сиреп кеткен. Барларының өзі дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық және еңбек пәндерінен сабақ береді. Ал бұл жайттың бала тәрбиесіне тікелей әсері бар.

Ер мұғалімдердің жетіспеуі ХІХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Түркияда байқалған екен. Қоғам белсенділері: “Ер ұстаздардың аздығынан балаларымыз ұсақталып кетті. Жібектей сызылып, қыз мінезді болып барады. Ал қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды. Намыссыздық, сөзінде тұрмау, екі сөйлеу, сатқындық кең етек жайып барады”, – деп үлкен мәселе көтерген еді. Сонда Түркия билігі тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, ерлерді мектепке тарту мәселесі алдыңғы кезекке қойылған болатын. Мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалімдерден жасақталып, екі-үш жыл ішінде теңсіздік реттеліпті. Ал қазір бұл мәселемен Тәжікстан күресіп жатыр. Осы мақсатта тәжік парламенті арнайы заң қабылдап, ұстаздарға тегін емделу, жер телімін алу, қаржылай сыйақылар беру, ұстаздық жолды таңдаған жігіттерді мерзімді әскери қызметтен босату сияқты жеңілдіктер қарастырған. Бұл мәселеге біздің де назар аударатын кезіміз жеткен сияқты.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңіріміздегі мектептерде 10395 ұстаз шәкірт тәрбиелеп жүр, соның 7991-і әйелдер болса, ер мұғалімдердің саны 2404 қана. Ауылдардағы жағдай да мәз емес. Мысалы, бір Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 856 мұғалімнің 658-і әйел екен. Қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин алғаш рет мектеп ашып, “Балалар, оқуға бар, жатпа қарап, жуынып, киініңдер шапшаңырақ. Шақырды тауық мана әлдеқашан, қарап тұр терезеден күн сығалап”, – деп өскелең ұрпақты надандықтан арылып, білім алуға шақырды емес пе?! Одан кейін саналы ғұмырын тәрбиеге арнап, кейінгі ұрпақ үшін ағартушылық жолды барынша жеңілдеткен ғұламаларымыздың бірі Ахмет Байтұрсынов – біз үшін қазақ даласындағы білім берудің, мектептердің жайын, бала оқытудың жолдары мен тәсілдерін тек баспасөз жүзінде ғана көтеріп қоймай, өзінің бар ықыласын оқу мен білім әдістеріне аударып, осы жолда мол қазына, өшпес мұра қалдырған данышпан ғалым. Мағжан Жұмабаев секілді дара тұлғамызды да ұлтымыздың көзін ашқан ұлағатты ұстаз ретінде білеміз. Олардың қай-қайсысы болмасын бізге және кейінгі ұрпаққа өте құнды шығармалар жазып қалдырды. Даналарымыз негізін қалап кеткен осындай ұлы мамандықтан ер-азаматтарымыздың бүгінде алыстап кетуінің себебі неде? Әлде ұстаздық етуден жалықты ма?

Хәкім Абай: “Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың”, – десе, әлем­нің екінші ұстазы әл-Фараби: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы” деген екен. Бұдан байқайтынымыз, білім беру үшін әуелі тәрбие, тәртіп керек.­ Ал ер-азаматтар бар жерде тәртіп те болады. Әрине, бұл әйел адамдар балаға нашар тәрбие береді деген сөз емес. Ұрпағының тәрбиесіне тал бесіктен мән беретін қазақтың әйелдеріне мін тағу дұрыс болмас. Десе де, ұл бала нағыз қайсарлықты, қиындыққа мойымай, нар көтерер жүкті еңсеруді жаны нәзік әйелден емес, ерге тән болмысы бар азаматтан үйрен­се, дұрыс болар еді. Мектептегі ер мұғалімдердің аздығы мәселесін көтеруіміздің негізгі себебі де осы. Жақында ғаламторда бір баланы жабылып соққыға жыққан мектеп оқушыларының бейнежазбасы тарады. Ол былай тұрсын, қазақ қыздарының былапыт, дөрекі сөздер айтқан жазбалары жетерлік. Осыған қарап отырған адам, әрине, “баласына дұрыс тәрбие бере алмаған”, – деп, ең бірінші ата-ананы кінәлайды. Мектеп жасындағы оқушы болғандықтан, таяқтың бір ұшы білім ордасындағы тәрбиеге де келіп тиеді. Шектен шыққан қатігездік те “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа болмағандықтан, яғни, ер мұғалімдердің аздығынан болып жатқан сыңайлы.

Ер мұғалімдердің аздығының басты себебі – жалақының мардымсыздығы. Бұған бірнеше жас мұғаліммен әңгімелесу барысында көзіміз жетті. Қазіргі таңда жаңаша оқыту мазмұнына көшіп, біліктілігін жетілдірген педагогтердің айлығы айтарлықтай көбейді. Алайда, оқуын жаңа тамамдаған жас маманның алатын жалақысы көңіл көншітпейді. Мәселен, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында бір жүзге жуық студент білім алсақ, соның 15-і ғана ұл болатын. Бүгінде ұстаздық етіп жүргені бірен-саран. Оның үстіне, қағазбастылықтан басын аулақ салғысы келетін адамдар да педагог болудан қашқақтайды. Жалақысы мар­дымсыз, жұмы­сы көп, қағазбас­тылық басым іске ер адам­дардың бара қоюы екіталай. Кешегі кеңестік білім беру жүйесінде мектеп директорларының ілуде біреуі ғана нәзікжанды лар, көпшілігі ер мұғалімдер еді ғой. Ал, қазір жағдай мүлде басқаша.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp