М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Жуырда университет ректоры Серік Өмірбаев бастаған факультет декандары, білім ордасының өнерлі жастары Тимирязев ауданында болып, болашақ түлектермен және олардың ата-аналарымен кездесті.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге ауданнан 54 оқушы қатыспақ. Аудан төрт жыл қатарынан тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен үздіктер қатарынан көрінуде.
– Университетімізде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жақсы жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама арқылы бір семестр бойы басқа мемлекетте білім алу мүмкіндігі бар. Былтыр білім ордасының 48 студенті мен магистранты шетелдерге барып қайтты, – деді университеттің ректоры Серік Өмірбаев.
Сондай-ақ, шара барысында университеттің белсенді студенттері түлектерге білім ордасы жайлы ақпарат беріп, оқуға түсуге шақырды.
“Қызылжар-Ақпарат”.