Спорттық доданың көбі төбелессіз өтпейді. Бұған спортсүйер қауымның еті үйренгендей. Алайда, бұл жолғы төбелес ойламаған жерден шықты. Су добынан Ресейдің ішкі чемпионатының кезекті турында спортшылардың қатысуымен су ішінде жаппай төбелес болды.
Оқиға қазандық “Синтез” бен волгоградтық “Спартак” клубтарының арасындағы кездесу кезінде орын алған. Cпортшылардың қақтығысы ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда басталды. Бар-жоғы бір минутқа созылған судағы төбелеске екі команданың бас бапкерлері де қатысып үлгерді.
Ресейдің су спорты федерациясы қос команданы қатаң жазалап, клуб басшыларын 300 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуге міндеттесе, он екі ватерполшыны ойындардан шеттетті.