«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕТЕЛДЕ ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы шетелдік компаниялармен әріптестік байланысты нығайтуға зор мән беруде. Жақында білім ошағына Польшадағы “AGROS SP.zo.о.” компаниясының кадр бөлімінің директоры Анастасия Белова келіп, агротехнологиялық факультеттің оқытушыларымен кездесті.

Жиынды ашқан университет ректоры Серік Өмірбаев шетелдік мейманға оқу ордасы жайлы айтып берді. Бұдан кейін Анастасия Сергеевна өзі жұмыс істейтін кәсіпорын туралы сөз сабақтады. Маманның айтуынша, “G’s Fresh” атты ірі халықаралық агрохолдингтің филиалы болып табылатын “AGROS SP.zo.о.” компаниясы экологиялық таза көкөністер өндірумен айналысады.

– Аталмыш агрохолдингтің Испания, АҚШ, Англия және Чехия елдерінде филиалдары бар. Біздің компания өз өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттайды. Бұған барлық жағдай жасалған. Мәселен, фирмадағы жоғары технологиялық машина өнімді жинау, тазалау, орау және мұздату жұмыстарын бір мезгілде атқарады, – деді Анастасия Сергеевна.

Бұдан соң қос тарап ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады. Нәтижесінде университеттің “Агрономия” және “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” мамандықтарында оқитын студенттер Польшадағы компанияда өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Осыған орай, биыл университет басшылығы 40 шақты студентті шетелге аттандырмақ.

Бұл әріптестіктің жастар үшін пайдасы мол. Шетел компаниясы солтүстікқазақстандық студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп, тегін тамақтандырады. Сондай-ақ, тәжірибе кезінде студенттерге еңбекақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар компания мамандары тәлімгерлер үшін дуальды оқыту және теориялық сабақтарды жүргізетін болады. Агротехнологиялық факультеттің оқытушыларына да компания қабырғасында біліктіліктерін арттыру мүмкіндігі беріледі.

Аталмыш компания Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып жергілікті білім ошағымен әріптестік орнатып отыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp