«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАНЫҢ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды тапсырды. Бүгінге дейін саланы жан-жақты дамытудың тың жолдары белгіленіп, елімізде ауыл шаруашылығын жүргізу үлгілері қалыптасты. Соңғы жылдары жаңа технологиялар енгізіліп жатқанына куә болудамыз.

Былтыр облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіліп, өңір өмірінде елеулі оқиғалар орын алды, тұрғындардың өмір сүру деңгейі артты. Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы облысты одан әрі дамытуға тың серпін берді. Маңызды құжатта аграрлық сектордың экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап айтқан Елбасы Үкіметке еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтуді, алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 100 млрд. теңге қарастыруды міндеттеді. Демек, бұл – алтын бесікке баланған ауылдың әлеуеті жақсарады, кәсіпкерлердің қатары көбейіп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Былтыр облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жаңа межелер белгіленген болатын. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне зор міндеттер жүктелді. Негізгі мақсат – еңбек өнімділігі және экспорт көлемін арттыру. Осы міндеттерді шешу үшін етті, сүтті мал шаруашылығын, құс, өсімдік шаруашылығын, суармалы егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық берілді. Яғни, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін арттыру есебінен жалпы өнім көлемінің өсуі қамтамасыз етілетін болады. Өткен жылы облысымыздың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ел бюджетінен 35,5 млрд. теңге бөлінді. Ал үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 41,2 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.

Облысымыздың экономикалық өсімінің негізі болып табылатын бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Инвестиция экономикаға серпін беретін қозғаушы күш екені белгілі. Агроөнеркәсіп саласына салынған жалпы инвестицияның 25 пайызы біздің облысқа тиесілі. Былтыр салаға 82,9 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз ел көлемінде бірінші орынға шықты. Соңғы жылдары өңірдің экспорттық әлеуеті артып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сыртқы сауда айналымы 182,4 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға көп. Жалпы 143,5 млн. АҚШ долларының 652 мың тонна өнімі шетелге экспортталды.

Топырағы құнарлы Қызылжар өңірі жыл сайын еліміздегі дәнді дақылдардың үштен бірін және майлы дақылдардың 40 пайызын өсіреді. Аграрлы өңірдің диқандары жаңбырлы күзге қарамастан, орақ науқанын сәтті аяқтады. Жалпы 2,8 миллион гектар алқаптан 5,2 миллион тонна астық алынды. Гектар шығымдылығы 18,7 центнерден айналса, майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Жалпы 587 мың тонна картоп, 110 мың тонна көкөніс қоймаларға жеткізілді. Егістік алқапты әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдар себілетін жер екі есе ұлғайды. Облыс диқандары 976,1 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңіріп, 966 мың тонна өнім жинады. Мұндай нәтижеге ауыл шаруашылығы саласында жоғары технологияларды қолданудың, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың, сандық жүйеге көшудің арқасында қол жеткізіліп отыр. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Диқандар 540,2 мың тонна сапалы тұқым құйып алды.

Елбасының Жолдауында экономиканы цифрландыру міндеті қойылған болатын. Осы орайда былтыр 2200 бас сиырға арналған тауарлы-сүт кешендері пайдалануға берілді. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылып, 3,3 млрд. теңгенің цифрландыру тетігі енгізілді. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, Мамлют, Қызылжар және Аққайың аудандарында 4,5 млрд. теңге қаржыға 1700 бас сиырға арналған тағы үш тауарлы-сүт фермасын салу жоспарлануда. Облысымызда жүргізіліп жатқан осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен 90 пайызға дейін қамтамасыз ету мүмкіндігі туады.

Бүгінде ел экономикасын көтеретін әлеуетті салалардың бірі ретінде мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр облысымызда 88,9 млрд. теңгенің азық-түлік өнімдері өндіріліп, өсім 8,5 пайызды құрады. Ет өнімі – 2,1, сүт – 1,6, жұмыртқа 16,3 пайызға артты. Қазіргі уақытта облыста 355 мың қара мал, 404 мың қой мен ешкі, 124 мың жылқы, 150 мың шошқа және 4,6 млн. құс бар. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жылдық қуаты 5 мың тонналық етті бағыттағы құс өсіретін фабрика салынуда. Қытай нарығына шығуды көздейтін Тайынша ет комбинатында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған биыл 700 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш үстіміздегі жылы 1,3 млрд. теңгеге артпақ. Ет өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үш мың басқа арналған бордақылау алаңы құрылды. Тайынша ауданындағы “ЕМС-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылына 5 мың тонна шошқа еті өндірілетін кешеннің жұмысы жанданды.

Облысымыз үшін ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартып тұрудың маңызы зор. Жергілікті тауар өндірушілер “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ы арқылы 29,2 млрд. теңгенің несиесін ресімдеп, 1560 техника сатып алды. Агроқұрылым басшылары биыл тағы 1600 ауыл шаруашылығы техникасын алуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 30 млрд. теңге бөлу көзделуде.

Аграрлық сектордағы еңбек өнімділігін, өнім көлемін арттыру сынды кешенді жоспарлар – цифрландырудың көмегімен ғана жүзеге асырылады. Мұны Елбасы соңғы Жолдауында атап айтқан болатын. Жерді талапқа сай игеру – табысты ұлғайтудың жолы. Осы орайда, былтыр өңірімізде бірнеше шаруашылық ІТ-технологияларды қолдану арқылы дәлме-дәл егіншілік жүйесін қолға алды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары агроқұрылымдарға геоақпараттық жүйе технологияларын, агрохимиялық және топырақ карталарын жасау бойынша көмектесті. Алқаптарды жерсерік арқылы бақылап отыруға мүмкіндік беретін геоақпараттық жүйенің пайдасы мол. Бұл химиялық тыңайтқыштар мен жанар-жағармайды үнемдеп, шығынды қысқартуға мүмкіндік беруде.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыру – Елбасы Жолдауында жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі. Бүгінгі таңда елдің агроөнеркәсіп кешені алдына ауқымды міндеттер қойылып отыр. Олар сәтті жүзеге асырылса, Елбасымыз айтқандай, “Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері” болар уақыт алыс емес.

Ерболат БЕКШЕНОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp