«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАЛЫМ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғылым мен ғалым. Дыбысталуы үндес, мазмұндық сипаты ұқсас келген, бірінен-бірін бөліп алуға болмайтын осынау ұғымдардың ішкі тұтастығы мен ажырамас бірлігінің сырын шынайы ғалымның шығармашылық, ізденімпаздық, еңбекқорлық әлеміне,оның бүкіл бітім-болмысына, адами парасатына бойлай алғанда түсіне бастайтын секілдісің. Сол түсінік ғалымдық қасиеттің адамға Алладан даритын, өнер тектес қабілет, дарын екендігіне көзіңізді жеткізе түседі. Өйткені, тумысынан ғалым жандардың ғылымға қатынасы да өзгеше секілді болып көрінеді маған.

Олар ғылымды осынау шексіз жаратылыстың, беймәлім әлемнің ақиқатын ашатын кілт деп ұғынады. Осындай дара тұлғалар үшін ғылым кіршіксіз адалдықты талап ететін киелі ұғымға айналатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ғылым тынымсыз іздену арқылы қол жететін ізгілікке ұласады. Ғылым басқа қонған бақ болып бағаланады, ол аялауды қалайтын бақытқа теңеледі. Сондықтан шынайы, өз ісіне жан тәнімен берілген, адалдықтың ақ туын қолда берік ұстаған ғалымдар ғылымды нан табудың, қызметтік өсудің, атақ-даңқ, марапат алудың жолы деп санамайды. Олар осы жолда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін өлермендерден ерекшеленіп тұрады, өзінің өресін ғылыми дәрежемен бүркемелейтіндерден бөлек болады. Ғылымды мансаптың жолына құрбан ететін дарынсыздардан адамгершілігімен, кісілігімен дараланады, оған кездейсоқ келген кеудемсоқтардан кішілігімен, кең мінезділігімен, мәрттігімен және басқа да адами қасиеттерімен биіктей түседі.

Ғылыми ортада азды-көпті сіңірген еңбегі, ашқан тың жаңалықтары бар Халықаралық білім беру академиясының корреспондент-мүшесі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Бескөл ауылында орналасқан Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Әйіп Ысқақовты осындай ғалымдардың қатарына әбден қосуға болады.

Әйіп Рәшитұлымен бір ауылдың топырағына аунап, айдын көліне шомылып өскен замандас болғандықтан ғана емес, оның көп жылғы ғылым саласындағы тар жол, тайғақ кешуден өткен ғылыми ізденістерінен, алдында кездескен небір қиындықтарды өзінің азаматтық болмысымен жеңе білген қайсарлығынан, табандылығынан, адалдығынан аз-мұз хабарымыз болғандықтан осындай ой түйіп отырмыз. Әйіп Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебін алтын медальға тамамдаған тұңғыш түлек болатын. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзінің дарындылығымен ерекшеленетін. Оны үнемі барлық жақсы істердің қасынан көретінбіз.

Халқымызда “ананың сүтімен келмеген тананың сүтімен енбейді” деген дана сөз бар. Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Біржан салдың әндері қалқып жүрген өңірде дүниеге келгендіктен болар, оның бойында ана тілімізге, ұлтымыздың руханиятына деген құрметі ерте қалыптасты. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде ол студенттер арасында ана тіліміздің насихаттаушысы болды. Қайта құру заманы тұсында Қазақ ғылыми-зерттеу инситутында еңбек ете жүріп, мекеме орналасқан Алматы облысының Алмабалық ауылында “Қазақ тілі” қоғамын құрып, ана тілінде балабақша мен мектеп ашуға бастамашы болды. Ол өзінің бұл ұстанымынан қай жерде еңбек етсе де айнып көрген емес, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойды. Мен ғалымның бұл мінезін жиі болмаса да әртүрлі кездесулер барысында айқын аңғаратынмын.

Болашақ ғалым Н.Вавилов атындағы Мәскеу қаласындағы жалпы генетика институтында тәжірибеден өтіп, аспирантурасына түседі. Ол ордабұзар отыз жасқа жетпей ғылым кандидаты атанып, биотехнология саласында алғашқылардың қатарында осындай дәрежеге ие болған. Он жыл өткен соң биология ғылымдарының докторы диссертациясын қорғап шығады. Ғалымның осыдан кейінгі өсіп-өркендеу жолы, қызметтік мансабы бүгінгі біздің әңгімеміздің ауқымына сыймасы анық. Сондықтан біз ол таңдаған биотехнология ғылымына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Қазіргі кезде биотехнология – ғылым мен өндірістің қарқынды дамып келе жатқан жетекші бағыты. Жер бетінде халық санының күрт өсуі адамзат алдына күрделі мәселелер қоюда. Биотехнология жетістіктерінің қолдану аймағы өте кең және сан алуан. Бүкіл дүние жүзінде экономикалық жағынан тиімді де маңызды заттар өндіру, өсімдіктердің жаңа сұрыптарын, малдардың асылтұқымдарын шығару, селекция процестерін жылдамдату, экологиялық таза өнім алу, қоршаған ортаның ластану мәселелерін шешу жолдарын жасау биотехнология ғылымының үлесіне тиеді. Бүгінгі күнде биотехнология ауыл шаруашылығында, дәрі-дәрмектерді өндіруде, қайта өңдеу және кен өндіру өнеркәсібінде, сыртқы ортаны қорғауда және тағы басқа салаларда кеңінен қолданылуда. Бұл саланы дамыту Қазақстан үшін де өте маңызды.

Әйіп Рәшитұлы еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерінде лауазымды қызметтер атқарып, отандық ғылымның дамуына өзіндік үлесін қосты. Әлемнің оннан астам елінде халықаралық жобалардың үйлестірушісі болды. Осы жылдар ішінде бір жүзден астам ғылыми еңбек пен мақаланың авторы атанды. Ол осыдан үш жыл бұрын туған өңірге оралып, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы болды. Әр басшының өзіндік басқару тәсілі болады ғой. Сондықтан жаңа басшы ең алдымен институт ғалымдарын жұмысқа ынталандыру, белсенділігін арттыруды мақсат етіп қойды. Ол үшін жылдық есептерін тексеріп, жаңаша жұмыс істеу керектігін тапсырды. Әр бөлімнің басшысына еркіндік берді, өндірістің сұранысын зерттеп, соған сәйкес жұмыс жүргізу керектігін үйретті. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде жылдың қорытындысы бойынша, ғалымдар еңбегіне қарай сыйақы алды.

“Атамекен” кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен тығыз байланыс орнатылып, бірлесіп шаралар жүргізу қолға алынды. Өйткені, бұл палата – әлеуеті мол кәсіпкерлерді біріктіретін үлкен беделді ұйым. Сонымен бірге аудандардағы ауыл шаруашылығы колледждермен байланыс орнатылды. Әсіресе, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен іскерлік қарым-қатынас жақсы дамыды. Өйткені, осындағы ауыл шаруашылығы кафедрасын университет проректоры болған кезінде өзі ашып, жетекшілік еткен. Бүгіндері ол факультетке айналған. Осы уақыт ішінде биотехнология мамандығы бойынша көптеген жастар білім алып шықты.

Кооперация құру мәселесі қолға алынған кезде ауылдарды аралап, әр ауданда шаруаларды жинап, кеңестер өткізді, ғылыммен байланыса отырып қандай жетістіктерге жетуге болатынын түсіндірді. Институттың материалдық базасы тозып кеткен екен. Қаржы көзін табу арқылы институт ғимаратын жөндеуге, техника сатып алуға мүмкіндіктер жасады. Ғылыми мекеменің жұмыстары да жаңа арнаға түсіп, ауыл шаруашылығы ғылымында соны серпіліс пайда болған. Әйіп Рәшитұлы енді институтта заманауи зертханалар құрып, ауыл шаруашылығы компанияларына ғылыми талдау жұмыстарын кеңейтуді көздеп отыр. Жемшөп үшін тұқым шаруашылығын қолға алып, мал азығы базасын нығайту да жоспарда бар. Институттың өндірістік егістерінде өлкемізде сұранысқа ие жемшөптерді өсіріп, тұқым алу қолға алына бастады.

Осы орайда институт үшін қаржы тарту мәселесі өзекті болып тұр. Бірнеше жылғы еңбек нәтижелі болып, институт тұңғыш рет Білім және ғылым министрлігі Ғылым қорының екі қомақты жобасын ұтып алды. Оның бірі белгілі ғалым Аяз Рамазановтың минералды витаминді қоспалар өндірісі, ал тәжірибелі зертханашы Жібек Нөкішева көлдерден өндірілетін артемия шаяндарынан белоктық азық қоспа жасамақ. Облысымызда майлы дақылдар өндіру көлемі соңғы жылдары артып келе жатыр. Осыған байланысты институт зертханашылары Астанадағы “Дәндерді қайта өңдеу” ғылыми мекемесімен бірлесіп майлы дақылдар қалдықтарынан мал азығын дайындау туралы зерттеуді қолға алды. Сонымен бірге Алмагүл Қалиасқарова бастаған агроном-ғалымдар “Қазақстан ғарыш сапары” АҚ-мен бірлесіп екі облыста геоботаникалық зерттеулер жүргізіп, біршама қаржы әкелді. Биотехнолог ветеринар мамандар шаруаларға мал тұқымын асылдандыру үшін қолдан ұрықтандыруды жолға қоюға көмектесіп жатыр, түбінде ұрықтарды трансплантациялауды қолға алмақ. 2018 жылы Манат Әлімбаев бастаған ветеринар мамандар тиісті бағдарлама бойынша мемлекеттік грантты ұтып алып, бірнеше шаруашылықтарға қолдан ұрықтандыру тәсілдерінің артықшылығын көрсетіп, қазір соны өндіріске кеңінен енгізіп жатыр. Құс шаруашылығымен айналысатын институт мамандары инкубатор жасады. 2018 жылы Гүлжан Темірбекова бастаған мамандар облыстық бағдарлама бойынша қаз өсіретін ферма жасау жобасын дайындап шықты. Енді оны шаруаларға үйрету қолға алынбақ.

Сонымен бірге шетелдік байланыстар дамытылуда. Былтыр Оңтүстік Корея елі мамандарымен бірлесіп, жылыжайлар кешенін дамыту жобасы дайындалды. Қытай мамандарымен де тығыз байланыс орнатылған. Ал көрші Ресей ғалымдарымен жан-жақты ғылыми жұмыстар жасап, бірге кадрлар даярлануда. Әйіп Рәшитұлы институт базасында заманауи ғылыми жетістіктер көрмесін ашып, онда аймақта жан-жақты қызмет көрсететін, көпсатылы білім жүйесі ғылыми орталығын құруды армандайды.

– Қазір біз күн сайын өзгеріп жатқан ғаламда өмір сүріп отырмыз. Бәрі басқаша болар, бірақ кез келген қоғамның жетекшісі – білім мен ғылымның маңызы ешқашан өзгермейді. Алда тұрған көп мақсаттардың ішінде ғалым есебінде ғылым мен білімнің рөлін, осы салада еңбек етіп жатқан қайраткерлердің еңбектерін насихаттауды ерекше атар едім. Бұған дейін қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев және басқа да ауыл шаруашылығы саласының көрнекті қайраткерлері туралы зерттеу мақалаларын жаздым. Алдағы уақытта соны жалғастырсам деген мақсатым бар. Өзім басқаратын институттың ғылыми жаңалықтары еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қосар үлесі мол болғанын қалар едім. Сонымен бірге байлық, биліктен басқа да құндылықтар бар, соның ең бастысы адамгершілік қасиетті жоғалтпау дегім келеді, оны жастар түсінсе екен, – дейді ғалым.

Әйіп Рәшитұлының зайыбы Ажар Батырбекқызы да өзімен әріптес, биология ғылымдарының кандидаты. Ғалымдар отбасында тәрбиеленген қыздары Гүлнұр ата-ана жолын таңдаған. Ұлы Бауыржан жоғары білімді бағдарламашы болса, Нияз – қытай тілінің магистрі, кенжесі Ақан – мектеп оқушысы. Үлкен үшеуі де беделді қызметтер атқарады, домбыра тартып, ән шырқайды. Бүгіндері қос ғалым төрт немересінің сүйікті ата-әжесі болып, ұрпақ қызығына бөленуде.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp