«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір біздің өңірімізде 103520 зейнеткер бар. Олардың 94-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 8277-сі – тыл еңбеккері. Сондай-ақ, облысымызда бес мыңға жуық жалғызбасты қарт тұрады. Үш мыңнан астамы әлеуметтік сала мамандарының қамқорлығына алынған. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің алқа отырысында айтылды. Жиын барысында 2018 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алда тұрған міндеттер сараланды.

Отырыста баяндама жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов қалаға көшіп келген қарттар өткен жылы тізімге алынып, олармен қарым-қатынас орнатуға баса көңіл бөлінгенін айтты. Аға буынның әлеуметтік жағдайы ерекше назарға алынып, олармен кездесулер ұйымдастырылған. Жас ұрпақ тәрбиесі де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екеніне тоқталған Ескендір Есмақұлы барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары тарапынан 2018 жылы зейнеткерлердің әлеуметтік-тұрмыстық көмек алуына жіті көңіл бөлінгенін жеткізді.

Былтыр 889 есеп беру сайлау жиыны өткен. Сондай-ақ, ардагерлер ұйымдарының жетекшілері ауысып, жаңадан он бес бастауыш ардагерлер ұйымы құрылған. Бүгінде өңірімізде 564 – бастауыш, 317 цехтың ардагерлер ұйымында 84796 адам есепте тұрса, соның алпыс мыңға жуығы ауыл тұрғыны екен. Есіл, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Қызылжар, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы ардагерлер ұйымдары белсенді жұмыс істеген.

– Ардагерлер ұйымдары әлеуметтік сала мамандарымен бірлесе қарттардың өмір сүру жағдайын үнемі назарда ұстайды. Өткен жартыжылдықта 17969 зейнеткердің өмір сүру жағдайы тексеріліп, 783-і санаторлық-курорттық емдеу жолдамасын алды. Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлерін, тыл еңбеккерлері мен аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында облыста қайырымдылық сенбіліктері өтті. Соның нәтижесінде 537 ескерткіш қалпына келтіріліп, аумағы абаттандырылды. Қайырымдылық шарасынан түскен 65 миллион теңге соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтауға, материалдық қолдауға зәру зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге жұмсалды, – деді Ескендір Есмақұлы.

Қоғамдық, мәдени шараларға белсене қатысып, жас ұрпақ тәрбиелеуге айрықша үлес қосып отырған аға буын әрқашан құрметке лайық. Бұл орайда “Досуг”, “Ветеран”, “Интеллектуал” атты ардагерлер клубтарының жұмысын тілге тиек еткен жөн. Әдебиет және өнер салаларында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан Мүтәллап Қанғожин, Серікбай Құсайынов сияқты азаматтардың мерейтойлары аталып, оларға құрмет көрсетілген. Қызылжардың тумалары, профессор Зейнолла Молдахметовпен, Алматы қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдиновпен жастардың кездесуі ұйымдастырылды. Еңбегімен елге танылған аға ұрпақты жастарға үлгі етуде Мағжан Жұмабаев, Есіл, Аққайың, Шал ақын, Тимирязев, Мамлют аудандарының тау тұлғалы азаматтарының өнегелі істері өрендерге үлгі етілді.

Отырыста облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы елімізде болып жатқан барлық саяси-әлеуметтік шаралардың орындалуына үлестерін қосып отырған аға буынның еңбегіне жоғары баға берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы мен “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы болып табылатын “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласына тоқталып, оны жүзеге асыруға аға буын айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.

Жиын соңында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған “Ғасыр ғажайыбы – Астана” атты ардагерлер арасында өткен республикалық байқауда біздің өңірден жеңімпаз атанған ардагерлер – Қайролла Мұқанов, Марат Ермұқанов және Тоқтар Зікірин арнайы дипломдармен марапатталды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp