«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРЫҚШЫЛАР ҚАМҚОРЛЫҚҚА ЗӘРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кең-байтақ еліміз әсем табиғатымен және бай жануарлар әлемімен мақтана алады. Бір өкініштісі, орман байлығына қырғидай тиетін браконьердің қатары азаймай отыр. Осы орайда “Табиғат жанашырлары – қорықшылардың жеке бас қауіпсіздігі қажетті деңгейде қорғалып жатыр ма?” деген сауал туындайды.

Қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауданында орын алған қайғылы жағдай жаға ұстатты. Оқиға сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттері – ақбөкендерді қорғау кезінде болған. Үш браконьер қос қорықшыны соққыға жығып, аязды түні ес-түссіз жағдайда айдалада қалдырып кеткен. Астана қалалық №1 ауруханасының дәрігерлері ауыр жаралы Ерлан Нұрғалиевтің жанын аман алып қалу үшін қолдан келер көмегін жасаған болатын. Бірақ бәрі кеш еді. Қорықшы келесі күні аурухана төсегінде көз жұмды. Аталған қанды оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Заңсыз киік аулаушылардың қолынан мерт болған инспектордың қазасынан кейін әртүрлі деңгейдегі пікірталастар барысында жануарлар дүниесін қорғау, қорықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілуде. “Екі аяқты жыртқыштар” даланың тағысын қойып, соларды қорғау ісімен шұғылданатын адамдарды атудан тайсалмайтын жағдайға жетті. Қорықшыларға қару кезенгендер мінген “Toyota Land Cruiser” маркалы машина арзан автокөлік емес. Осыған қарап-ақ қылмыс жасаушылардың осал еместігін аңғаруға болады. Ал мұндай қылмыстың етек алуына, браконьерлердің тоңып емес, тойып секірулеріне не түрткі болып отыр? Әрине, оның себебі көп. Түбін қаза берсек, ермек үшін заңды аттап өтудің талай мысалына жолығатынымыз анық. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес соңғы жылдары ел бойынша үш мыңға жуық киік заңсыз атылған, табиғатқа 3,5 млрд. теңгенің шығыны келтірілген. Жалпы табиғат инспекторларының қолына түскен 800-ден астам күдіктінің 17-сі сот шешімімен түрмеге қамалса, 158 азамат шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Елімізде браконьерліктің етек алғандығы туралы көп айтылып жүр. Басқа өңірлерді айтпағанның өзінде, біздің облыста да осындай қайғылы оқиғалар болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни 1969 жылы “Петропавл-Сергеевка” тасжолы маңында ағаш көшеттерін күзеткен техник-маман Есмақан Махметов қаза табады. Алайда, қылмыскерлер табылған жоқ. Екінші қайғылы оқиға 1981 жылдың қыркүйек айында тіркелді. Мамлют ауданында қорықшы Анатолий Гусельников пен қоғамдық аң аулау инспекторы Владимир Гуфенко браконьерлердің қолынан ажал құшты. Сұм әрекетке барғандар тұтқындалды.

Осы орайда біздің өңірдегі қорықшылардың жағдайын білмек ниетпен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық инспекциясының басшылығымен хабарласқан едік. Бөлім басшысы Олег Беспаловтың айтуынша, қорықшылар түз тағыларын қорғау, жергілікті браконьерлердің жолын кесу бағытында аянбай еңбек етуде. Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған.

– Өңірде елуге жуық инспектор қызмет істейді. Жасыратыны жоқ, айдың тең жартысын далада өткізетін олардың жалақысы мардымсыз. Қырық мың теңге көлемінде айлық алады. Бұрын табиғат пайдаланушылардан түскен әр айыппұлдың бір бөлігі инспекторға үстемеақы ретінде төленетін. Қазіргі қолданыстағы заңда бұл мәселе қарастырылмаған. Браконьерлердің құрал-жабдықтары да, техникасы да мықты. Ал біздің инспекторлардың техникасы әбден тозған. Соған қарамастан қорықшылар өз міндеттерін адал атқаруда, – деді Олег Борисович.

Инспекция қызметкерлері браконьерліктің алдын алу мақсатында рейдтік шараларға жиі шығады. Бұл жұмыстар негізінен аңдар жиі жүретін жерлерде өтеді. Қорықшылар облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы мен полиция департаментінің табиғатты қорғау бөлімшесі, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлескен шараларды қолға алуда.

Облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау бөлімшесінің бастығы Сергей Липконың айтуынша, өңірімізде браконьерлердің қатары көбеймесе, азаймай тұр.

– Былтыр табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 990 фактісі тіркелді. Атап айтқанда, заңсыз аңшылық жасаудың – 644, балық және суда мекендейтін басқа да жануарларды аулаудың 268 оқиғасы орын алды. Экологиялық құқық бұзушылық бойынша 96 қылмыстық іс қозғалды. Биылғы жылдың қаңтар айында Қызылжар ауданындағы Смирнов мемлекеттік табиғи қорықшасында елік атқан солтүстікқазақстандық пен Ресей азаматы ұсталды. Жуырда ерекше қорғалатын нысанда Водопроводное ауылының 1986 жылы туған тұрғыны құрықталды. Күдіктінің мемлекетке келтірген шығыны 5,6 млн. теңгені құрайды. Әуесқой аңшы Қылмыстық кодекстің 337-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Күдікті 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі немесе 40 тәулікке дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді Сергей Викторович.

Тәртіп сақшысы бүгінгі таңда браконьерліктің алдын алу үшін табиғатты қорғау қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етті. Сонда ғана өзекті мәселелердің оң шешімін табатынына сенім білдірді.

Қазіргі уақытта облысымызда төрт республикалық және екі облыстық деңгейдегі табиғи қорық бар. “Мамлют”, “Орлиногор”, “Смирнов”, “Согров”, “Ақжан” және “Ақсуат” қорықтарында ерекше қорғалатын жануарлар аз емес. “Қызыл кітапқа” енгізілген аңдар да жетерлік. “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы республикалық мемлекеттік мекемесінің Айыртау ауданындағы аумағы да ерекше қорғауға алынған.

Облыс орталығынан 87 шақырым жерде орналасқан “Красный бор” қорығында марал, елік, қабан, қоян, қарсақ, түлкі, аққалақ, сусар, ақ кіс, күзен, сарыкүзен, субүркіт, қарашақаз, құр, тырна және шіл сияқты аң мен құстардың түрлерін кездестіруге болады. Мекеме директоры Николай Гусельников қорықтағы жануарлар әлемін қорғаумен айналысатын қорықшыларға қажетті жағдайдың жасалмай отырғанын айтып, олардың жеке бас қауіпсіздігіне алаңдаушылығын білдірді. Жасыратыны жоқ, қорық мамандарының ұнжырғасын түсіретін мәселелер аз емес. “Красный борда” қарда жүруге арналған үш “УАЗ” және екі “Нива” маркалы көліктері болғанымен, олар шетелдік қымбат темір тұлпарларды тізгіндеген браконьерлерді қуып жете алмайды. Басшы биыл облыс бюджетінен бөлінетін қаражат жағдайды біршама түзейтінін айтты.

Он жылдан бері ерікті ретінде бұл мәселеге өзіндік үлесін қосып жүрген жерлесіміздің бірі – Марғұлан Жанмұхамбетов өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетіктері бар екенін айтады.

– Белең алған браконьерліктің алдын алуға болады. Ең бастысы, әрбір адам табиғатты көздің қарашығындай сақтауды үйренуі керек. Сонымен қатар алдағы уақытта ел аумағындағы қорықтар қызметкерлерінің санын арттырып, олардың жалақыларын өсіріп, заманауи автокөліктермен қамту керек. Тек сонда ғана өзекті мәселе шешімін табады. Сондай-ақ, табиғи аймақтарды мекендейтін аңдарды қорғаумен айналысатын мамандардың спорттық даярлығы мәселесіне де барынша көңіл бөлу керек деп ойлаймын, – дейді Марғұлан Қайроллаұлы.

Иә, табиғат – біздің ортақ байлығымыз. Кімді болсын өзіне ынтықтыратын ақ қайыңдар аралы, оларды мекен еткен түз тағылары, аспанмен таласа өскен тал-теректер – бәрі Тәңірдің өзі сыйға тартқан ғажайыптар. Оларды көздің қарашығындай қорғау, талан-таражға салынуына жол бермеу – әрбіріміздің міндетіміз.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp