«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕГЕ ҚАРАП ӨСКЕН ҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жерлесіміз, сазгер, журналист Шашубай Малдыбаевтың есімі Қызылжар жұртшылығына, әсіресе, өңіріміздегі зиялы қауым өкілдеріне, руханияттың айналасында жүрген азаматтарға жақсы таныс. Кеше Шашубай Малдыбаев алдағы жылы бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған редакция ұжымымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Шашубай Ғалымұлы үшін ұлттық рух, елдік мүдде дегенде қаламы мұқалмайтын қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақ ерекше ыстық. Өйткені, бұл басылымда әкесі, белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевтың қолтаңбасы сайрап жатыр. Өзі де сонау 1971 жылы алғашқы еңбек жолын Алаштың асыл перзенттері іргесін қалаған газетте бастап, тырнақалды туындыларын осы басылымның қабырғасында жазып, небір жайсаң тұлғалардың тәлімін алды, өнегесін бойына дарытты. Петропавл қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы болып қызмет істеген жылдары атқарған игі жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осылайша, үлкен ізденіс пен шығармашылық жолдан өтіп, облысымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына, қазақ тілінің салтанат құруына бір адамдай еңбек сіңірді. Шашубай ағамыздың осындай еңбектері, әншілігі мен сазгерлігі жайлы сөз сабақтаған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов мейманды газетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Содан кейін “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тарихынан, басылымда әр жылдары қызмет істеген тұлғалар өмірінен сыр шертетін “Дәуірдастан”, “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі”, “Қарашаңырақ” кітаптарын сыйға тартты.

Өз кезегінде Шашубай Малдыбаев журналистердің шығармашылығы, қызмет жолы, алдағы мақсаттары жайлы қойған сауалдарына жауап беріп, Қызылжар топырағынан түлеп-ұшып, қазақтың азаттығы жолында талмай күрескен, әдебиеттің өрістеуіне атсалысқан даңқты тұлғалармен кездесулері туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Кездесу соңында сөзін жерлес ақын, марқұм Жарасбай Нұрқан жазған өзінің “Ой-дүние” атты авторлық әнін орындап берді.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp