«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІНӘСІ ДӘЛЕЛДЕНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық сотында “Ударник” түнгі клубының маңында былтыр күзде екі қызды қағып кеткен “Лексус” көлігінің жүргізушісі Илья Старухинге қатысты қылмыстық істің нүктесі қойылды. Мас күйде рөлге отырып, 22 жастағы Татьяна Балабанды және 25 жастағы Ксения Овсянникованы соғып кетті деп айыпталған оны сот кінәлі деп таныды.

Алғашқы сот отырыстарында Татьяна Балабан өзіне материалдық және моральдық шығын толық өтелгендіктен, айыпталушы Илья Старухинге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан болатын. Сондықтан сот аталмыш эпизод бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ал Ксения Овсянниковаға қатысты эпизодты қарау біршама уақытқа созылды. Ол алған жарақатының салдарынан бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмған еді. Бұл эпизод бойынша зардап шегушілер – оның екі жасар қызы және әпкелері. Кәмелеттік жасқа толмағандықтан, анасыз қалған қыздың мүддесіне сот процесінің барысында оның әкесі, Ксения Овсянникованың бұрынғы жұбайы Павел Овсянников өкілдік етті. Алайда, Павел Овсянников алғашқы отырыста-ақ айыпталушыға қатысты ешқандай шағым айтқан жоқ. Себебі, оның айтуынша, Илья Старухиннің туыстары анасынан айырылған бүлдіршінге материалдық және моральдық шығындарды өтеп, алдағы уақытта да көмектесуге уәде берген. Сондықтан ол соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады. Ал Ксения Овсянникованың туған әпкелері: Татьяна Попова мен Людмила Волвенко сот процесі басталғаннан бері айыпталушы қатаң жазаға тартылуы тиіс деген сөздерінен таймады. Айыпталушы марқұмды жерлеуге және адвокаттың қызметіне кеткен 984 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеген. Енді сот айыпталушыны үкім күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде әрқайсысына тағы 2 млн. теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттеді.

Екі айдан артық уақытқа созылған сот отырыстарының барысында іс бойынша куәгерлердің жауабы тыңдалып, істің мән-жайы анықталды. Дегенмен, сот барысында түсініксіз жайлар да орын алғанын айтуға тиіспіз. Мәселен, алғашқы отырыстан бастап-ақ куәгерлер сотқа дейінгі тергеу барысында айтқан сөздерінен тайып, жауаптарын мың құбылтып, айыпталушыны ақтауға тырысты. Күзетші Қуаныш Қасымғожин мен досы Әлішер Сейіткереев Илья Старухиннің спирттік ішімдік ішіп-ішпегеніне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында берген жауаптарына кереғар сөйлеп, жалған куәлік еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын. Бірақ сот Әлішер Сейіткереевтің бес жылдан бері Илья Старухинмен достық қарым-қатынаста, ал Қуаныш Қасымғожин айыпталушының әкесінің танысы екендігін ескеріп, олар айыпталушының жазасын жеңілдету мақсатында жалған куәгерлік танытты деп шешті.

Илья Старухин кінәсін ішінара мойындады. Есеңгіреп, қорыққандықтан Ресей еліне қашқанын айтып ақталды. Қайғылы оқиғаға өкінетінін айтқанымен, өзінің спирттік ішімдік ішкенін жоққа шығарумен болды. Дегенмен, сот жоғарыда көрсетілген жайттарды ескере отырып, айыпталушыны сол түні ішімдік ішті деп шешті. Үкімді де соған қарай шығарды. Бұған кеңседен оқиға орнына жеткенге дейінгі бейнекамера жазбалары дәлел. Бейнежазбаларда оның өзі айтқандай сау болмағаны аңғарылған.

Сонымен қатар айыпталушының адвокаты оның кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен берілгенін ескеруді сұраған еді. Алайда, полицияға оқиғадан соң екі ай өткеннен кейін келгендіктен сот оны өз еркімен берілді деп санамады. Әрі ол кезде айыпталушыға іздеу жарияланғандығы да ескерілді.

Қорыта келгенде, сот Илья Старухинді мас күйде рөлге отырып, адам өліміне әкеліп соққан жол апатын жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен түзету мекемесінде өтейтін болады. Ол, сондай-ақ, бес жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp