«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰЛАГЕРДІҢ” ШАБЫСЫ БАЯУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының негізгі екі кезеңінің ойындары аяқталып еді, плей-офф сыны басталды. Өткен жылдың қыркүйек айында бастау алған біріншілікке 10 хоккей клубы қатысуда. Командалар бірінші кезеңде бір-бірімен төрт мәрте кездессе, екінші кезеңде алған орындарына және ұпай санына байланысты тағы екі кездесу өткізілді.

Екі кезеңнің қорытындысына сәйкес турнир кестесінде 1-8-орындарға ие болған “Бейбарыс”, “Арлан”, “Ертіс”, “Алтай-Торпедо”, “Номад”, “Құлагер”, “Алматы”, “Теміртау” командалары плей-офф ойындарына жол-дама алды. Ал ойын өрнегі сүреңсіз “Горняк” және “Астана” клубтары жарыс жолынан шықты.

Біріншілік аясында өткен 54 ойынның қорытындысына сәйкес қоржынында 114 ұпайы бар “Бейбарыс” турнир кестесінде көш бастап тұр. “Арлан” мен “Ертіс” 113 және 106 ұпаймен екінші, үшінші орындарға жайғасқан. 78 ұпайы бар қызылжарлықтар алтыншы орында. “Құлагер” хоккей командасы былтырғы біріншілікте үздік үштікті түйіндеп, ел кубогында да жеңіске жеткен болатын. Алайда, жерлестеріміздің ел біріншілігіндегі көрсеткіштері әзірге көңіл көншітерлік емес. Атап айтқанда, құлагерліктер 22-ші ойынның негізгі уақытында жеңіске жетсе, 23-ші ойында жеңіліс тапқан. Жалпы 148 мәрте мергендік танытқанымен, өз қақпасына 144 шайба өткізген.

Жанкүйерлер асыға күткен плей-офф ойындары аясында 14 ақпан-1 наурыз аралығында – ширек, 15-29 наурыз аралығында жартылай және 2-16 сәуір аралығында ақтық кезең өтеді. Сайыс бағдарламасына сәйкес ширек финалда қарсыласынан төрт кездесуде басым түскен команда жартылай финалға жолдама алады. Жеребе бойынша жерлестерімізге ширек финалда павлодарлық “Ертіс” командасы бұйырды. Бұл команда осал қарсылас емес.

Сырт айдында ұйымдастырылған қос бәсекенің алғашқысында жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші кезеңнің 18-ші минутында қызылжарлық Максим Первухин мергендігімен көзге түсті. Кейін тағы бір жерлесіміз Дамир Рамазанов қарсылас команданың қақпашысынан айласын асырып, шайба авторы атанды. Бұл матчта командамыздың қақпашысы Дмитрий Хозяшев 32 шайбаны қайтарған. Павлодарлықтар қарымта кездесуде есе қайтарды. Бұл ойында алаң иелері басымдық танытып, 0:3 есебімен жеңіске жетті. Үшінші кездесу де жерлестеріміз үшін сәтсіз өтті. Павлодарлық ұжым ірі жеңіске қол жеткізді. Қонақтар матчта 7 шайба салса, жерлестеріміздің арасынан Евгений Попитич пен Филипп Святына мергендік танытты. Есеп – 2:7.

“Құлагер” хоккей клубының бас бапкері Олег Гущинның айтуынша, алдағы кездесулерде жеңіске жету үшін ойыншыларға табандылық таныту керек. Ол үшін барлық мүмкіндік бар.

– Биылғы маусымды сәтті бастаған болатынбыз. Біріншіліктің ортасына дейін турнир кестесінде үшінші орында келдік. Бірақ желтоқсан айында бірнеше маңызды кездесуде жеңіліс тапқаннан кейін ойыншыларымыз психологиялық күйзеліске ұшырады. “Алматы” командасымен өткен екінші кезеңнің соңғы матчында команда мүшелерінің жеңіске деген сенімдері қайтадан ояна бастады. Соңғы кездесулердегі хоккейшілердің ойын өрнегі көңілімнен шығуда, – дейді бас бапкер.

Биылғы маусым қарсаңында клубтың құрамы 50 пайызға жаңартылған болатын. Қатарға жаңадан қосылған ойыншылар оқу-жаттығу жиындарында және жолдастық кездесулерде өздерін жақсы қырларынан көрсете білді. Бірақ біріншілік барысында бірнеше хоккейші жарақат алып, қатардан шығып қалған. Осыған орай клуб плей-офф ойындары қарсаңында жаңа екі хоккейшімен келісімшартқа отырыпты.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp