«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады”, – деп Абай Құнанбаев айтқандай, ұстаз балалар бойына білім-ғылыммен қоса адамгершілік қасиеттерді де қатар дарытады. Болам деген баланың бетін қақпай, белін буып тәрбиелейтін жандардың арқасында өжет, шыншыл және талапты жандардың қатары қалыңдайтыны анық. Ұстаздық етуді өзінің борышы санап, талай баланың сауатын ашқан жандардың бірі – аяулы мұғалім Анар Құлатаева.

Анар Жақсылыққызының шәкірт тәрбиелеп, жүктелген міндетті абыроймен атқарып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Осыған дейін Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында жұмыс істеген ардақты ұстаз төрт жылдан бері Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.

Күн сайын әр шәкіртімен жеке жұмыс істеп, үлгілі тұлға етіп тәрбиелеу қаншалықты жауапты іс болса, оларға қазақтың әдебиетін, оралымды тілінің құдіретін ұқтыра білу педагогикалық шеберлікті талап етеді. Себебі, әдебиетте ұлтымыздың тереңге тамыр жайған тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрі, ұстанымдары мен әдеп-ғұрпы жатыр. Шәкірттің мектептегі анасына айналып, үш бақыттың бірі қазақ тілін қадірлеуге үйрету, патриоттық сезімін ояту – Анар Құлатаеваның басты мақсаты. Ол еңбек жолында оқушыларының алғыр, батыл, әрі ұлтымызға тән тәрбиеге қанық болуына ерекше мән береді.

Уақыт өткен сайын мектеп өміріне де тың жаңалықтар еніп, мұғалімге қойылар талаптар да өзгеріп келеді. Оқушының білімге деген қызығушылығын жаңашыл тәсілдермен арттыра отыра еңбектену үлкен тәжірибені талап ететіні анық. Соны байқаған ардақты ұстаз оқушыға тәлім бере отыра, өзі де біліктілігін жетілдіретін курстарға қатысқанды жөн санайды. Әрбір ұстаздың адал еңбегі шәкірттерінің жетістігімен бағаланады емес пе? Айжан Құсайынова, Балнұр Бекішова, Назерке Әбішова сынды оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленгенін мақтанышпен айтып жүреді. Шәкірттерін талай аламанға баптап қосып жүрген ұстаздың өзі де мұғалімдер арасында өткізіліп жүрген сайыстарды қалт жібермейді. Жақында “Жүзден – жүйрік” атты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздары бақ сынаған облыстық сайыста топ жарып, бірінші дәрежелі дипломға ие болғаны – көп жылғы еңбегінің зая кетпегені. Оған қоса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында облыс көлемінде ұйымдастырылған “Жаңа толқын” жиынына қатысып, ұстаздарға шеберлік сабағын ұсынды. Өз білгенін өзгемен бөлісуді жаны сүйетін мұғалімнің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өткізген ашық сабақтары да әріптестері тарапынан жоғары бағалануда.

Еліміздің болашағы, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздарға тікелей байланысты екенін аңғару қиын емес. Балаларды біліммен сусындатып, қанат бітіріп жүрген ұлағатты жандар үлкен құрметке лайық. Бой емес, ой салыстыратын жиырма бірінші ғасырда ел келешегі тыным таппай еңбектеніп жүрген ұстаздардың қолында екенін естен шығармаған абзал.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp