Жастар сарайында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының оркестрі мен ән–би ансамблі қала жұртшылығына арнап концерт қойды.
Ұлттық Ұланның мақтанышына айналған қос ұжым бірқатар халықаралық өнер байқауларында топ жарған. Кеш барысында өнерпаздар осы додаларда жеңіс әперген туындыларды шырқады. Шәмші Қалдаяқовтың “Арыс жағасында” әні әуелегенде аға буын өкілдерімен бірге жастар да бір марқайып қалды. “Дударай” әнін оркестр әншісі Абай Саттаров орындап, қошеметке бөленді. Кеңестік кинофильмдердің туындылары да кештің сәнін келтірді. Бауыржан Бақаев күйлерден поппури орындап берді. Ал, Эльвира Нұрғожина “Белый танец” әнін әуелетіп, зор ықыласқа бөленді.
Өнерпаздар концертті Жастар жылына орай ұйымдастырды.