«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҚТАР АЛАМАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданында ХXIIІ халық спорты ойындарының аясында “Солтүстік – 2019” қысқы спорт мерекесі өз мәресіне жетті. Дәстүрлі жарысқа өңіріміздің 13 ауданынан бір мыңнан астам спортшы қатысып, қысқы президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, футзал, керлинг, шаңғы жарысы, шорт-трек, шайбалы және допты хоккей  бойынша сынға түсті.

 Саламатты өмір салтын насихаттау және қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеген жарыстың ақтық сыны төрт күнге созылды. Нәтижесінде жекелей сындар бойынша шалақындық конькишілер мен шаңғышылар топ жарды. Тайыншалықтар допты хоккейден үздік шықса, Ғабит Мүсірепов атындағы  ауданның өкілдері шорт-тректен көш бастады. Ал Уәлиханов ауданының спортшылары керлингтен мықты екендіктерін дәлелдесе, қызылжарлықтар шайбалы хоккейден қарсылас шыдатпады. Өкінішке қарай, бұл жолы Ақжар мен Тимирязев аудандарының құрама командалары бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Қалған аудандардың спортшылары қоржындарына бір жүлдеден салды.

Тартысқа толы кездесулердің қорытындысы бойынша 158 ұпайы бар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрама командасы жеңімпаз атанды. Ал 156 және 135 ұпайға қол жеткізген Шал ақын және Тайынша аудандарының спортшылары  екінші және үшінші орындарды иеленді.

Келесі “Солтүстік” қысқы спорт мерекесі Тимирязев ауданында өтеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp