«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ— ӨНДІРІСТІҢ ӨЗЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Петропавл қаласындағы зауыттарда “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Меймандарды “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамына облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастап барды. “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының құрамына кіретін кәсіпорын бүгіндері “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы мен еліміздің батысындағы мұнай-газ кешендері үшін құралдар, қондырғылар шығарумен айналысуда.

Кәсіпорын басшылары механикалық цех пен қайта құру учаскелерінің жұмысымен және негізгі өнімдерімен таныстырды. Бас директор Амангелді Арғынбаевтың айтуынша, жеті жүзге жуық адамды жұмыспен қамтыған зауыт биыл 7,26 млрд. теңгенің өнімін шығаруды жоспарлап отыр. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-мен жасалған келісімшартқа сәйкес, 1,6 млрд. теңгенің тапсырысы орындалмақ.

Зауыт цехтарында темір жол көлігі үшін автотелемеханика, байланыс және қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғылары, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдары да шығарылады. Премьер-министрдің орынбасары кәсіпорын өнертапқыштары құрастырған “Қарағай” және “Ақтерек” радиостанциялары мен әскери салада пайдаланылатын басқа да өнімдерге жоғары баға берді.

Жуырда компанияда шығарылатын өнімдердің қатары көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісімен толықты. Меймандар баспа платалары жасалып жатқан цехтарда болып, жаңа технологиялармен танысты. Заманауи өнімді шығару үшін зауытта техникалық қайта жаңғырту шаралары қолға алынған. Бұл мақсатқа ел бюджетінен қаржы бөлінбек. Қолдаудың арқасында шетелден осызаманғы құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланған.

Кәсіпорында “Цифрлық Қазақстан”, “Кибер қалқан” бағдарламалары аясында бірнеше жоба қолға алынуда. Былтырдан бері “Казцентр ЖКХ” АҚ-мен келісімшартқа отырған жергілікті кәсіпорын көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылатын жылу есептегіш құралдарынан ақпарат жинап, өңдейтін “Іoton” модемін жасап шығаруда. Бұл құрылғы жылу беру жүйесіндегі шығын мөлшерін азайтады. Жыл сайын 187 млн. теңгенің 30 мың құрылғысын шығару көзделген. Сондай-ақ, “Қызылжар су” ЖШС-нің сорғы станцияларын диспетчерлеу бойынша қанат-қақты жоба қолға алынған. Бұл тұтынушылардың шығынын 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов меморандумдар мен келісімшарттар нәтижесінде машина жасау саласындағы кәсіпорындардың тапсырыс портфелі 20 млрд. теңгені құрағанын атап айтты. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 30 млрд. теңгеге жетпек. Үстіміздегі жылы саланың даму көрсеткішін сақтап, 272 млрд. теңгенің өнімін шығару жоспарланған.

Бірегей кәсіпорынның өнімдерімен танысып шыққан вице-премьер алдағы үш жылда солтүстікқазақстандық зауыттарды технологиялық жаңғыртуға ел бюджетінен 6,6 млрд. теңге бөлінетінін, осыған орай ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді шығару қажеттігін атап айтты.

– Мұндай қолдаудың нәтижесінде қосымша 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды. Кәсіпорындардың басшылары қазірдің өзінде өнімді сату және ұзақмерзімді кепілдендірілген тапсырыстар алу үшін экспортқа көңіл бөлулері қажет. Өндірісті жаңа технологияларды енгізу арқылы дамыту керек, – деді Асқар Қуанышұлы.

Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “ЗИКСТО” АҚ-ның өндірістік цехтарын аралап, кәсіпорынның өнімдерімен танысты. Жұмыс сапарының соңында қорғаныс-өндірістік кешен кәсіпорындарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp