Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қытайлық инвесторлармен кездесті. Өңірге Қытайдың іскерлік делегациясы бірлескен жобаларды нақты талқылау үшін арнайы іссапармен келді. Аспанасты елінің инвесторлары өңірде “Бірлескен өнеркәсіп кәсіпорындары паркін” құруды көздеп отыр. Шетелдік бизнесмендер бірнеше бағытта жұмыс істемек, оның ішінде жүк көліктерін құрастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қант зауытын салу, майлы дақылдар және бидайды терең өңдеу бойынша кәсіпорындар ашу көзделген.
Сондай-ақ, инвесторлар кабель мен трансформатор зауыттарын салмақ. Алдағы бес жылдың ішінде жалпы инвестиция көлемі 10 млрд. долларды құрамақ.
– Бір жыл бойы біз келіссөздер жүргіздік. Барлығын есептеп, мүмкіндіктерімізді зерттедік. Өнімге сұраныс қандай болады, оны да қарадық. Бірлескен жұмыстан соң меморандумға қол қойылды. Біздің делегация Қытайда болды. Облысымызда жобаны жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Құмар Ақсақалов.
Азия даму іскерлік компаниясының бас директоры Сю Ли Рэн стратегиялық әріптестік аясында достық қарым-қатынас орнатып, оң нәтижеге қол жеткізілетініне сенімді екенін атап көрсетті. Қытайлық тарап облыс әкімін Қытайда өтетін “Бір белдеу, бір жол” форумына шақырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.