«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНСҮЙГІШТІК – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы бірлесіп, “Қазақстандық патриотизмді насихаттаудағы әскери бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысын өткізді. Оған Ұлттық ұланның қолбасшылығы мен әскери институттың өкілдері, баспасөз орталықтарының жетекшілері мен журналистика кафедрасының студенттері қатысты.

Бүгінгі таңда республикада әскери тақырыпта тек онға жуық газет-журнал жарық көреді. Қазақстандық патриотизмді нығайту мәселесінің өзектілігі артқан жағдайда мұндай басылымдардың саусақпен санарлық болғаны аталмыш саланың ақсап тұрғандығын айғақтайды. Әскери институт бастығының орынбасары Савердин Имировтың айтуынша, бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі әскери журналистиканы нығайту қажеттігін айқындап отыр. Әрі республика бойынша әскери салада қалам тербейтін журналистер жоқтың қасы. Әсіресе, бұл мәселе өңірлерде өзекті саналады. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әскери журналистика кафедрасын ашуды жоспарлап отыр. Осыған орай арнайы оқыту бағдарламасы әзірленуде. Сонымен қатар Ұлттық ұлан жанынан әскери журналистердің альянсын құру көзделген. “Қалқан”, “Сарбаз” газеттерінің және “Бүркіт”, “Айбын” журналдарының тілшілері біліктіліктерін арттыру мақсатында Мәскеуде білім алуда. Жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына он мыңға жуық сарбаз қабылданады. Оларға патриоттық тәрбие беруде әрі болашақ сарбаздарды әскер қатарына шақыру үшін имидж қалыптастыру бағытында газет-журналдарда қызмет ететін мамандарымыздың білімді болуы маңызды”, – деді Савердин Имиров.

Қазақстандық патриотизмді дамыту тақырыбында профессор Зарқын Тайшыбай тұшымды ой айтты. Ол Отанға, туған жерге деген құрмет халық ауыз әдебиетінде көрініс тапқанын, 1870 жылдардан бастау алған қазақтың тұңғыш басылымдарында да кеңінен қамтылғанын жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы да қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда таптырмас еңбек. Зарқын Сыздықұлы әскерилерді тәрбиелеуде осы құжатқа көңіл бөлу қажеттігін алға тартты.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Сурет интернеттен алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp