«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ ҰРПАҒЫМЕН БАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрын қазақтың әрбір шаңырағында он шақты баладан кем болмағаны белгілі. Ақ жаулықты аналарымыз көп құрсақ көтеріп, саналы ғұмырын балаларына арнады. Медицина дамымаған сонау заманда-ақ өмірге дені сау ұрпақ əкеліп, ұлт сабақтастығын үзбей келген нәзік жандар қаншама?! Батыр аналарымыз қиын-қыстау күнде де тағдыр теперішіне төзіп, перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, тəрбиенің көркем үлгісін көрсетті. Бүгінгі қоғамда да көпбалалы болуды қиындық санамайтын аналар аз емес. Солардың бірі – қызылжарлық Ғалия Таймолдина.

Ғалия Шехиметқызы отбасында жалғыз тәрбиеленген. Кішкентай кезінде өзге отбасылардың балаларының бірге ойнап, у-шу болып жатқанын көргенде, “менің де бауырларым көп болса ғой” деп талай армандапты.

Əрбір шаңырақтың іші сəбидің шат-шадыман күлкісіне толса, ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ екені сөзсіз. Алты баланың анасы Ғалия Шехиметқызы үшін де солай. 38 жастағы көпбалалы ана бүгінде үй шаруасы мен бала тәрбиесін ұршықша иіріп отыр. Осындай алтын құрсақты аналар барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге десек, артық айтқандығымыз емес. Отбасының үлкені – 13 жаста, ең кенжесі бес ай бұрын ғана дүние есігін ашқан. Аналары “қанша бала болса да, қайнататының бір қазан” деп қалжыңдайды. “Күнде кешке әкесі екеуіміз балалармен бірге отырып сабақ оқимыз, тақпақ-өлеңдер жаттап, есеп шығарамыз. Демалыс күндері қаламыздың көрікті жерлерінде бірге қыдырып, таза ауада серуендегенді ұнатамыз. Әр жексенбіні қызықты өткізу жоспарын балалардың өздері құрады”, – деп сыр бөлісті ол. Ертегілер әлемі Ғалия Шехиметқызы үшін нағыз тәрбие көзі. Сондықтан ауыз әдебиетіндегі рухани құндылықтарды балаларының бойына сіңіруде. Бақытты ана аңыз-әңгімелер арқылы балғындарының қиялын ұштап, күнделікті өмірде ертегілердегі кейіпкерлердің жақсы-жаман қылықтарын мысал ету арқылы тәрбие беруге дағдыланған. “Ең бастысы, балалар өткен тарихымызды танып, патриоттық сезімді бойына қалыптастыра білсе екен”, – дейді ол. Ал балаларының тәрбиесі жайында: “Ата-ана алдымен өз парызын, міндетін түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына жағдай жасап, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуіміздің ұстанымымыз осы”, – дейді.

Әбілдиндер отбасы кәмелетке толмаған балаларымен туысқандарының екі бөлмелі пәтерінде тұруға мәжбүр. Шаңырақ иесі Талғат Қуанышұлы полиция қызметінде абыройлы еңбек етіп, осыдан төрт жыл бұрын зейнет демалысына шыққан. Бірақ отағасының қол қусырып үйде отырған күні болмапты. Екі қолға бір күрек тауып, отбасын асырап жүрген жайы бар. Көпбалалы әке мемлекеттік қызметші ретінде 2007 жылы баспана кезегіне тұрып, содан бері он бір жыл өтсе де, жайлы пәтерге қол жеткізе алмай келеді. Көпбалалы ананың айтуынша, ол бес баласына және бір жасқа дейінгі бала күтіміне орай небары 29 мың теңге жәрдемақы алады. “Шынын айтқанда, бұл қаржы коммуналдық қызметтер мен күнделікті жүріп-тұрудан қалмайды. Жолдасымның зейнетақысын үнемдеп, жұмсауға тырысамыз. Қазір қол қусырып отырудың, біреуге қарап, телмірудің заманы емес қой. Қосымша жұмыс табылып жатса, қуанамыз”, – деді ол. Ғалия Таймолдина анасы о дүниелік болған соң әкесін қолына алып, оған да қамқор болуда. Қарттың зейнетақысы дәрі-дәрмегінен артылмайды. Екі күннің бірінде сырқат. Аурудан сәл айықса, жиендерінің тәтті күлкісі мен былдыр-былдыр тіліне мәз-мейрам болып, оларды тәрбиелеуге жәрдемдеседі.

Қазір қоғамда көпбалалы аналарға қатысты көптеген түйткілдер бар. Көбінің баспанасы жоқ, алатын жәрдемақылары азық-түліктен аспайды. Сондықтан сәбилерін тастап, жұмысқа шығуға мәжбүр. “Әлеуметтік желілерден елордалық отбасының бес баласының бір түнде өрт құшағында мерт болғанын естігенде, елмен бірге біздің де қабырғамыз қайысты. Осындай қайғылы жағдай орын алып жатқанда, көпбалалы аналарға қатысты теріс пікірлер де айтылды. Қазақ халқы қашан да аналарды құрметтеген. Бүгінгі ұрпақ ата-бабамыздың осы қасиетінен айырылмаса екен”, – дейді Ғалия Таймолдина. Алла бір қозы артық туса, бір түп жусанды артық өсіретіні белгілі. Әбілдиндер әулеті әр баланың өз несібесі бар деп түсінеді. Әлеуметтік мәселелер қос бүйірден қысқанымен, ешкімге алақан жайған емес.

Бүгінде өңірімізде алты мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Оларға ай сайын жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік жәрдемақы берілуде. Көпбалалы отбасынан шыққан 3613 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Колледждерде оқып жатқан 1300 өрен әлеуметтік көмек алады. Биылғы жылдан бастап көпбалалы аналардың қуанышы еселенбек. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде облысымыздағы “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне берілетін жәрдемақының екі есеге көбейтіліп, 4-5 баладан көп перзент тәрбиелеп отырған аналарға алғаш рет әлеуметтік жәрдемақы төленетінін жеткізді. Мұндай жақсы жаңалық өзге көпбалалы отбасылармен қатар Әбілдиндер шаңырағын да қуанышқа бөледі.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp