«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОТАЙДЫ АШҚАН АДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақаласында Ботай мәдениетінің ашылуы, яғни жылқының қолға үйретілуі біздің тарихымыздың ең айшықты беттерінің бірі екенін айтқан болатын. “Атқа міну мәдениеті мен жылқы ша­руа­шылығы жер жүзіне Ұлы даладан та­ра­ғаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энео­лит дәуіріне тиесілі “Ботай” қонысында жүр­гізілген қазба жұмыстары жылқының тұң­ғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қол­ға үйретілгенін дәлелдеді”, – делінген мақалада.

Жылқыны қолға үйрету арқылы біз­дің бабаларымыз өз дәуірінде адам айт­қысыз үстемдікке ие болды. Жаһандық ау­қым­да алып қарайтын болсақ, шаруашылық пен әскери са­лада теңдессіз революция жасалды. Бес қа­руын асынған салт атты сарбаз айбарлы көш­пенділер империялары тарих сах­насына шыққан дәуірдің символына ай­налды.

Ботай мәдениетінің ашылуы – қазақ тарихының басы деуге болады. Ол нені көрсетеді? Ол бүгінгі қазақтардың арғы тегі, ата-бабалары осы жерді, осы аймақты мекен етті деген сөз. Қазақтан басқа ешкім мұнда тұрған жоқ. Қазір тарихты қайта қарауға себеп болған Ботай мәдениеті қалай ашылып еді деген сұрақ туындауы да заңдылық. Мысалы, Қарағандының көмірін тапқан Аппақ Байжанов екенін бәріміз білеміз. Байдың қойын бағып жүріп, жер бетіне шығып жатқан қиыршық тастарды жинап, отқа жаққаны, оны отын ретінде жақын маңдағы ауылдарға таратқаны мәлім. Бүгінде оған ескерткіш те орнатылды. Ал Ботайда алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи жәдігерлерді тапқан адамның есімі кім екенін көпшілік біле бермейді. Бұған дейін жылқы Еуропада ауыздықталды деп келген ғалымдардың пікірін өзгерткен Ботай мәдениетін алғаш ашқан адамның есімі – Есіләмбек Зікірияұлы.

Есіләмбек Зікірияұлы 1927 жылы туған. Ол – атақты Ботай бабамыздың ұрпағы. Ботайдың жеті ұлының бірі Батырбектен Сағындық тарайды, одан Жақия туған, ал Жақиядан Есіләмбектің әкесі Зікірия дүниеге келген. Тарих беттеріне үңілетін болсақ, Батырбек орыс империясына қарсы қазақ халқының бірінші көтерілісін ұйымдастырған Қасым сұлтанның ұлдары Саржан мен Есенкелді басқарған 1822 жылғы шайқаста сарбаз болған. Көтерілісшілер патша әскерлерінің жойқын шабуылынан шегініп, Торғай өңіріне ойысқанда Батырбек еліне оралады. Кейін Кенесары хан Ботайға бізге қосыл деп кісі салғанда, сарбаздарымен бірге өзінің кенже ұлы, 21 жастағы Кенжебекті қосып жібереді. Кенесарының сарбаздары 1838 жылы Ақмола қамалын алғанда оның екі жүзден астам жауынгері құрбан болады. Солардың ішінде Кенжебек те бар еді. Қазір жауынгерлердің бейіті Астана қаласының орталық жағында орналасқан.

Батырбектің ұлы Сағындық, оның ұлы Жақия Бұхараның медресесін бітірген. Жақия Меккеге барып, қажылық парызын орындаған кісі. Міне, Есіләмбектің арғы аталары осындай білімді, иманды адамдар болған. Ал Ботай Абылайдың ұлы Қасым сұлтанмен жақсы араласып тұрған. Ол ұзақ өмір сүріп, 1860 жылы 97 жасында дүние салады. Бүгінгі ұрпақ Ботай бабаларының аруағын сыйлап, оның өнегелі істерінен, инабатты сөздерінен үлгі алулары қажет. Бабамыздың басына барып, тағзым етіп, Құран бағыштауға міндетті. Басына кесене орнатса да артық емес. Сонда ол көпшіліктің бабамызға тағзым етіп тұратын жеріне айналар еді.

Ресей қазақ жерінде отаршылдық саясатын үдете түскенін тарихымыздан жақсы білеміз. Міне, Ботай бабамыздың өмір сүрген кезі осы заманға сәйкес келеді. Отаршылдар қазақ жеріне кіре бастайды, жергілікті қазақтардың шұрайлы жайылымдарына қоныстаушылар көбейеді. Қазақтар атам заманнан қоныс етіп келе жатқан ауылдарынан, жайылымдарынан айырыла бастайды. Ботай көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азамат еді. Отаршылдық саясатқа қарсы болады, жергілікті орыс әкімшілігіне қызмет етуден бас тартады және өз ауылдастарына ақылын айтып, отаршылдардың құйтырқы әрекеттерін әшкерелеп отырады.

Есіләмбек ағаның туған ауылының арғы аталарының атымен аталуының да тарихы бар. 1932 жылы ұжымдастыру науқаны шарықтап тұрғанда Айыртау ауданының шенеуніктері ұжымшардың атын халық батыры Амангелдінің есімімен атауды ұсынады, бірақ тұрғындар өз аталарының атымен атаймыз деп қарсылық танытады. Сол сәтте олар Ботай атауының келешекте бүкіл әлемге тарайтынын сезді ме екен?

Сол уақытта Ботай ұжымшары үлгілі шаруашылықтардың бірі болады, ауданда ешқайсысында болмаған полуторка машиналары бар еді, оның көмегімен шаруашылықтарын тиімді жүргізеді. Еңбек жетістіктері бағаланып, бірнеше дүркін республикалық, тіпті, Мәскеудегі одақтық көрмелерге де қатысады. Бірақ соғыс басталып, полуторка машиналары тәркіленіп, майданға жіберіледі. Соғысқа дейін ұжымшардың төрағасы Бәшәрдің ұлы Ғалым болған, ол 1942 жылы майданға аттанып, сонда қаза табады. Бәшәр ақсақалдың Ғалымнан басқа тағы да екі ұлы майданға қатысып, тек Әшет деген ұлы елге аман-есен оралды. Ол да мүгедек болып оралып, зейнетке шыққанша Айыртау ауданында басшылық қызметтер атқарды. Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында ботайлық азаматтардың жартысы майдан даласынан оралмады.

Есіләмбек ағаның соғысқа баруға жасы жетпегенмен, ол майдан біткенге дейін елде қалған шал-кемпірлер және әйелдермен бірге егін егіп, шөп шапты. Соғыс аяқталғаннан кейін ауылдағы замандастарының ішінен бірінші болып институтқа сырттай оқуға түседі де тарихшы мамандығын игереді. Оның туған інісі, кейін министр болған Қалит те Ботай ауылы жастарының ішінде алғашқылардың бірі болып Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, тарих факультетін үздік бітірген.

Есіләмбек ағамыз Қарағанды педагогикалық институтында сырттай оқи жүріп, өз ауылында бастауыш мектепте сабақ берді. Ал институттың дипломын алғаннан кейін 50-ші жылдардың аяғында көрші Никольское селосына мектеп директоры болып бекітілді және тарих пәнінен сабағын жалғастырды. Ол тарихшы ретінде мектеп оқушыларын Никольское селосының жанынан өтетін Иман-Бұрлық өзенінің жағалауына экскурсияға шығаруды әдет қылған екен. Оны бала кезінен өзен жағалауында сүйектердің шашылып жатқаны таңғалдыратын. Күндердің күнінде ол бұл жердің ішіне бүккен сыры бар екенін сезген болуы керек, сүйектерді және тастан жасалған заттарды оқушыларына жинатып, қапшықтарға салып, сол кездегі облыс орталығы – Көкшетау қаласындағы мұражайға апарып тапсырады. Тастар он шақты жыл мұражайда жәдігер ретінде тұрады, оған ешкім мән де бермейді.

Тек 70-ші жылдардың басында сол мұражайға Қызылжардағы педагогикалық институттың оқытушысы Виктор Зайберт бас сұғып, археологиялық заттарға көңіл аударады. Бұл жәдігерлердің қайдан келгенін біліп алғаннан кейін ол Никольское селосына жол тартады. Міне, Ботай мәдениеті деген атпен бүгінде бүкіл әлемге белгілі қоныс осылай ашылған еді.

Сондықтан біз Есіләмбек Зікірияұлын Ботай мәдениетін бірінші ашқан адам деп мақтанышпен айта аламыз. Ал археолог Виктор Зайбертті ғылыми тұрғыдан зерттеуші тұңғыш ғалым деуге әбден қақымыз бар. Қазақтың атын әлемге шығарған Ботай жайлы айтқан кезде осы екі азаматтың аттарын қатар атағанымыз әділдік болар еді.

Ботайдың тарихы тереңде, сыры әлі толық ашылған жоқ. Оны Есіләмбек Зікірияұлы жақсы түсінді. Сондықтан ең әуелі Ботай бабасы, оның атын иеленген ауылы туралы кітап шығаруды өзіне міндет етіп қойды. Жасы келіп қалса да Ботай ауылының жан-жақта жүрген түлектеріне хат жазып, дамыл таппады. Алматыда тұратын туған інісі Қалиттің үйін мәжіліс залына айналдырып, сол кездегі астанада тұрып жатқан жиырма шақты жерлесін жинап алып, кеңес құратын. Міне, осындай қажымай-талмай істеген еңбектің нәтижесі ретінде қысқа мерзім ішінде үш кітап жарыққа шықты. “Ботай”, “Ботай баба”, “Ботай ұрпақтары” атты кітаптардың да шығуына Есіләмбек ағамыз көп еңбек сіңірді. Алайда, ағамыз одан кейін жарық көрген “Досан батыр – Ботайдың әкесі”, “Кенжебек Ботайұлы” басылымдарын көре алмады. Ол 2007 жылы мамыр айында сексен жасында дүние салды.

Өкінішке қарай, Есіләмбек Зікірияұлының Ботай мәдениетін ашқан жаңалығы өз бағасын әлі алған жоқ. Себебі, біздің тарихымызды бұған дейін өзгелер жазып келді. Енді елдің шын тарихын жазатын уақыт жетті. Елінің ертеңі үшін еңбек еткен адамдардың есімдері де тарихта лайықты бағаларын алуы тиіс.

Әміржан ШАЛТЫҚОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp