Ақтөбе қаласында гір спортынан ел біріншілігі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 150 спортшы қатысқан жарыста 22 жерлесіміз де бақ сынады.
Сайыстың нәтижесінде 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында Захар Коваленко (63 кг.) мен Виктор Устинович (73 кг.) топ жарды.
2001-2002 жылы туғандар арасында Илья Ротов (58 кг.) пен Валентин Федоровскийге (73 кг.) тең келер ешкім болмады. Жарыс жеңімпаздары үстіміздегі жылдың маусым айында Францияның Париж қаласында өтетін Еуропа біріншілігінің жолдамасына қол жеткізді.
Ал кәсіби гіршілердің арасында Олег Окс (63 кг.), Михаил Вологодский (73 кг.), Василий Слепых (85 кг.), Виталий Диденко (95 кг.) және Елена Костенко (58 кг.) жеңістің биік тұғырына көтерілді. Петропавл қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінде шынығатын бұл спортшыларға биылғы қараша айында Сербияда өтетін әлем біріншілігінің жолдамасы бұйырды.