«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА – ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген тамаша тәмсіл бар. Шынымен де, тату елдің ырысы артып, береке-бірлігі нығая түсетініне ешкімнің таласы жоқ. Осындай асыл қасиеттердің қазақ елінің де іргесінің берік, керегесінің кең болуына ықпалы зор. Мұны басымызға қонған бақ деп бағалағанымыз жөн. Елбасы да ылайым ауызбіршіліктің арқасында көп жақсылықтарға қол жеткізуге болатынын дәттейді. «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде де еліміздің осы күнге дейінгі жүріп өткен жолы сараланып, алдағы міндет-межелер айтылды.

Қазақстанның басты құндылығы – халқы. Сондықтан да ел тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне әрқашан қолдау көрсетіліп, көптеген игіліктер жасалуда. Алдағы уақытта бұдан да бай-бақуатты өмірге қол жеткізетін боламыз. Шынымен де, бүгінгі күнді Тәуелсіздік алған алғашқы уақытпен әсте салыстыруға болмайды. Заман өзгерді, мемлекетіміз дамып келеді. Бұрын зәулім үйлерде тұру жайлы армандай да алмайтынмыз. Ал бүгін облыс орталығының өзінде қаншама жаңа үйлер бой көтеруде. Жаңа, жайлы баспана маған да бұйырды. Бұдан артық қуаныш бола ма?!

Елбасы съезде сөйлеген сөзінде бүгінгі күнге дейін 141 миллион шаршы метр­ден астам тұр­ғын үй салынғанын айтты. “Бүкіл елі­мізде әлеу­меттік маңызы зор жаңа инфра­құрылым нысандары бой көтерді. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулатория­лар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. «Nur Otan» мемлекеттік ма­ңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді”, – деп атап өткен Мемлекет басшысы жаңа уақыт алдымыздан жаңа сын-қатерлерді тартып отырғанын, әлем перманентті турбуленттілік жағдайына дендей еніп бара жатқанын айтты. Ел­басының айтуынша, бұл жағдай рухы­мызды түсіріп, болашақ алдында жү­рек­сінуге себеп болмауы тиіс. Кез кел­ген дағдарыс түрлі сілкіністермен қатар жүреді, сонымен бір мезгілде өсу­ге қажетті кеңістік қалыптастырып, мүм­кін­діктер терезесін ашады. Бастысы, даму­дың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыра білу.

Ендеше, еліміздің осы тұтастығын сақтай отырып, алдағы күндерге үлкен үмітпен қадам басайық!

Асылбек АЛТАЕВ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp