«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қаусаған қасіретті қара шалмын,

Бұл күнде қара шалмен санасар кім?!

Жанымды жегідей жеп қарттар үйі,

Күн сайын қуат кеміп аласардым…”, – деген шумақпен басталатын “Қара шал” термесі тыңдаған адамды терең ойға жетелері сөзсіз.

Кешегі күні елдің еңсесін тіктеп, халық тұтастығының сақталуына бір кісідей үлес қосқан данагөй ата-әжелеріміздің кейбірі бүгінде өз қарашаңырақтарына сыймай, қарттар үйін паналауға мәжбүр. Ел басына күн туған зұлмат заманда да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған қазақ халқы үшін қарттарды түзде тентіретіп қою жат қылық емес пе еді?

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қарттар үйі мен оны паналайтын ата-әжелеріміздің саны көбейген. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” дегендей, ата-әжелеріміздің ең алдымен қазақы тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмыт қалдырғандаймыз. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды ұялатып, тура жол сілтейтін де сол аға буын өкілдері. Алдыңғы толқын мен жастар арасындағы байланыс үзілсе, сыйластыққа сызат түссе ұрпақтың да ұлттық тәрбиеден жұтап өсетіні анық.

Өкініштісі сол, біздің өңірімізде қолда барда алтынның қадірін білмей, қарттарының көңіліне қаяу түсіріп жүрген жандар аз емес. Тіпті, олардың саны күн өткен сайын көбейіп барады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген ата-аналарын ер жеткеннен кейін елемей, алақанға салып бағудан қашатын безбүйрек балалардың мұндай әрекеттері жаныңды жабырқатады. Жанашыр жандардың бойынан қуаты кеткеннен кейін өз ошағынан ұзап, “тастандылардың” қатарын толықтырып отырғаны кімді болсын алаңдатпай қоймайды.

Біздің облысымыздың өзінде қарттарға арналған екі мекеме бар. Оның бірі Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында орналасса, екіншісі Тайынша қаласында. Бүгінгі күні қарттар үйлерін 450 адам паналап отыр. Терезеге телміріп, “балам қашан келеді?” деген сауалдың жауабын таба алмай, тірлік кешіп жатқандардың қатарында 23 тыл еңбеккері мен Ұлы Отан соғысының бір ардагері бар екенін екінің бірі біле бермейді. Қарттардың 40-қа жуығы қазақтың ата-әжелері. Мекемеде балалары шетелге кетіп, қараусыз қалғандар мен туғандарына кедергі келтірмейін деп өз еркімен келгендер, тұрмыстық жағдайлары нашар жандар және мүгедектер тұрып жатыр. Бауырынан тараған перзенттері керек қылмай, тастап кеткен қариялар да аз емес.

Сан қилы тәлкекке түскен тағдырлар тоғысқан ортада Қайыргелді Сыздықов та бар. Мұңын шаққан ол жалғыз қызы Жадыра өмірден озып, кейін жары кетіп қалғанын айтты. 1997 жылы денсаулығы сыр беріп, өкпесі ауыра бастаған зейнеткердің қарттар үйіне келгеніне 15 жыл толыпты. Өзі секілді қорғансыз жандарды қанатының астына алып, жағдайын жасап отырған қарттар үйінің қызметкерлеріне алғыстан басқа айтары жоқ. Туғандарымен байланысын үзген қария осында өзімен шүйіркелесетін, жан азабын түсінетін адамдар тапқанына риза. “Мұндағы дәрігерлерге, бөлмемді жуып-тазалайтын жандарға рақметім шексіз. Біздің барар жер, басар тауымыз жоқ қой. Балалары мен немерелері бар қарияларды көргенде, жанарыма жас аламын. Олар алыстағы балам келіп, немеремді бір иіскетіп кете ме деген соқыр үмітпен алаңдап жүреді”, – дейді қарт.

Қарттардың қазіргі жағдайын білу мақсатымен Смирноводағы қарттар үйі директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлшара Нұрмағамбетовамен тілдескен едік. Оның айтуынша, ата-әжелерге қажетті қызметтің барлығы көрсетілуде. Олар мәдени іс-шараларға, экскурсияға, түрлі көрмелерге, концерттерге барып тұрады екен. Интернатта “Гармония” атты би және “Надежда” ән үйірмелері ашылған. Онымен қоса тігін, етік, ағаш өңдеу шеберханалары, қолөнер және сурет салу үйірмелері жұмыс істейді. Қарттардың денсаулығына да көп көңіл бөлінеді. Дәрігерлер мен мейірбикелер сырқаттанып қалған жандарға қол ұшын созуға әзір. Интернатта емдік дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар.

Директордың орынбасары мемлекет тарапынан қарттар үйіне қамқорлық көрсетіліп жатқанын тілге тиек ете келе, өз ошақтарынан алыста өмір сүріп жатқан жандардың көңілі жабырқаулы екенін бүгіп қалмады. “Олар бала сияқты. Сәл нәрсеге ренжиді. Мөлдіреген жанарларынан балаларына деген сағыныштың табы байқалады”, – дейді ол.

Қарттар үйіне қанша жерден жағдай жасалғанымен, тасбауыр балалардың бұл әрекеттерін ақтауға болмайды. Бұған ата дініміздің де айтар уәжі бар. “Құран Кәрімнің Ісра сүресінің 23 аятында: “Раббың, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, “түһ” деме” деп жазылған”, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің имамы Аян Алыпқашев. Бұл ата-анаға ауыр сөз айтудың өзі үлкен күнә екендігін растайды.

Қоғам қатыгезденбесе, бала безбүйрек болмаса, қарттар үйінде “Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар, Қарттардың тек қартайған айыбы бар, Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке, Көбінің үйде бала, зайыбы бар”, – деген шерлі өлең тумас еді.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp