Жолбарыс бір түлкіні ұстап алады. Түлкі құйрығын бұлаңдатып, тұмсығын жоғары көтеріп:
– Мені жей алмайсың! Мен осы орманға қожалық етуге келгенмін, – дейді.
Жолбарыс түлкіге олай бір, былай бір қарап, сенбей:
– Мүмкін емес, – дейді.
– Сенбесең, менімен бірге орманға жүр. Ондағы барлық аңдардың менен қалай қорқатынын өз көзіңмен көр, – дейді түлкі.
Жолбарыс бұған келіседі. Түлкі жолбарыстың алдына түсіп, паңдана жүріп отырады. Жолбарысты көріп аңдар мен құстар зәресі ұшып, тым-тырақай қашады, ұялары мен індеріне тығылады, аспанға ұшады. Ал қу түлкі басын онан сайын көтере түсіп:
– Ал енді көзің жеткен шығар! Менен қорықпайтын тірі жан бар ма? – деп мақтанады.
– Иә, сен шынында да, айбарлы екенсің, – деп алданған жолбарыс жайына кетеді.