“Nur Otan” партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев филармония қызметкерлерінің, театр актерлерінің еңбекақысының 30 пайызға өсетінін хабарлады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлованың айтуынша, бюджет саласындағы қызметкерлер, атап айтқанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге қарағанда, мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы аз. Мәселен, қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы өнер университетін бітіріп келген әртістер 30-35 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады екен. Сондықтан жас мамандар басқа жұмыс көздерін іздеуге мәжбүр.
Светлана Иманқұлова атап өткендей, енді актерлерге аттестаттаудан өткеннен кейін санат беріледі. Жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандар бір-екі жыл еңбек етуі керек. Содан кейін оларға бірінші, екінші немесе үшінші санат беріліп, базалық лауазымдық жалақыға қосымша үстемақы қосылып отырады.