«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс орталығындағы Достық үйінде Алғыс айту мерекесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай өңірімізді мекендейтін этностардың облыстық форумы өтті.

Форумда алғашқы болып сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Анваршох Амиршоев жиналғандарды көктемнің алғашқы мерекесімен және Ассамблеяның құрылған күнімен құттықтады. Одан кейін облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов айтулы күндердің мән-маңызына, депортацияланған түрлі этнос өкілдерінің тарихына тоқталды.
– Бүгін – бір-бірімізге құрмет көрсететін күн. Көптеген этностар өз еркінен тыс қазақ жеріне көшуге мәжбүр болғанда, құшақ жая қарсы алып, қиын-қыстау заманда қол ұшын созғаны үшін жергілікті халыққа алғыс айтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қоғамымыз күннен-күнге дамып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін әлеуметтік көмек түрлері қарастырылып жатыр. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Оған өңірімізден де делегаттар қатысып, Достық үйінің жұмысын қорытындылап, алға жоспар құруға қатысатын болады, – деген ол өңіріміздегі бірлік пен келісімді сақтап, нығайтуға атсалысқаны үшін бірқатар азаматқа Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының Алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ, бұл күні “Этно-fashion” ұлттық костюмдер фестиваль-байқауы ұйымдастырылды. Байқауға Петропавл қаласынан және Есіл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысып, әртүрлі этностардың ұлттық киімдерінің үлгілерін көрсетті. Қазылар алқасы сонымен қатар жастардың тілдерді білу деңгейін, билеу шеберліктерін де бағалады.
Фестиваль-байқауда “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығының өрендері бірінші орынды иеленсе, екінші және үшінші орындар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген этно-бірлестік пен облыстық “Urpaq” қазақ мәдени ағарту орталығының өкілдеріне бұйырды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp