«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АДАМЫН ҚОРҒАУ — МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақ ұйымдарын қоғамдағы ықпалды күшке айналдыруға, жұмысын жетілдіруге әрдайым көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларында, “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” тарихи құжатында ел дамуының, қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын одан әрі жақсартудың қарышты қадамдары мен стратегиялық бағыттары белгіленген, оларды жұмыла жүзеге асырудың бел ортасында кәсіподақ ұйымдары да бар.

Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы елімізде кәсіподақ қозғалысының қозғаушы күші болып табылады. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Егор Каппель осы қоғамдық ұйымның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ой бөліскен еді.
– Бүгіндері еліміздің кәсіподақтар ұйымына қанша адам мүше?
– Қазақстандағы ең қуатты қоғамдық ұйым болып саналатын кәсіподақтар федерациясы екі миллионнан астам адамды біріктіріп отыр. Біздің федерацияның құрамына 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық бірлестік пен 18 мыңнан астам бастауыш ұйым кіреді. Біз оларды басқармаймыз, тек біріктіреміз. Былтыр жұмысымыздың негізгі бағыты жергілікті жерлерде еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс жүргізетін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейтуге бағытталды. Осы мақсатпен 2018 жылы Астана, Қостанай, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл, Мерке курорттық аймақтарында екі мыңнан астам адам қатысқан бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумдарын өткіздік. Былтыр еліміз бойынша құрамында 35 мың мүшесі бар 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
– Кәсіподақтар тәуелсіз ұйым ретінде қандай мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға қатысады?
– Біз “Nur Otan” партиясы және “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен кәсіподақтың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін әлеуметтік әріптестік орнаттық. Осындай әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек дауларының алдын алу мақсатында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойдық. Онда өңірлердегі әлеуметтік шиеленістерге мониторинг жүргізу, ақпараттармен алмасу және еңбек ұжымдарына тікелей бару арқылы алдын алудың кешенді іс-шараларын жүргізу көзделген. Осындай жұмыс нәтижесінде кәсіподақтар федерациясы өзінің әлеуметтік әріптестерімен былтыр Қостанай облысының Тобыл темір жол станциясындағы, Маңғыстау облысының “Oil Strvies Company” компаниясындағы еңбек дауларын ушықтырмай шеше білді.
Мұндай жүйелі жұмыстар былтыр ұжымдық еңбек дауларының 2,5 есе қысқаруына септігін тигізді. Жеке еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіпте татуластыру жолымен шешу үшін Жоғарғы сот пен кәсіподақтар федерациясы арасында тұңғыш рет өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазір барлық аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері жанында 17 “Татуласу орталығы” құрылды. 2018 жылдың наурыз айынан ел аумағындағы “Татуласу орталықтары” арқылы кәсіпқой медиаторлардың, заңгерлердің, кәсіподақтар мамандарының қатысуымен 2140 медиациялық рәсім жүргізілді. Қазір кәсіподақтар федерациясы кәсіпқой медиаторлардың тізімін жасады, оларды жүйелі негізде кәсіптік оқытуды жоспарлап отырмыз.
– Ұжымдық келісімшарттар қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғаудың құралы болып табылады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Нарықтық қатынастардың қалыптасу және меншік түрлерінің алуандығы жағдайында еңбек қатынастарын реттеу үшін ұжымдық шарттың рөлі ерекше өседі. Бұл жағдайда заңнама жалданбалы қызметкерлер үшін кепілдіктердің белгілі мөлшерін белгілейді. Сондықтан еңбек қатынастарын тек ұжымдық-шарттық реттеу кезінде ғана тараптар еңбек жағдайын белгілеу және өзара мүдделер мен табысты әділ бөлудің негізінде ақы алу мүмкіндігіне ие болады.
“Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы” Заң жұмыс берушінің, кәсіптік одақ ұйымдарының және қызметкердің арасында ұжымдық шарт бекіту мүмкіндігін көздеді. Егер кәсіподақ ұйымы мен қызметкерлер ұжымдық шарт бекіту ниетін білдірсе, жұмыс берушінің бас тартуға құқығы жоқ.
Ұжымдық шартта мыналар көзделеді: еңбекті және жалақыны ұйымдастыру; ең төменгі тарифтік ставкалар мен лауазымдық жалақылардың мөлшері; тауарлар мен кызметтерге бағаның өсуіне байланысты қызметкерлер табысын өтеу тәртібі мен мөлшері; қызметкерлер жұмысынан айырылған жағдайда оларды сақтандыру тәртібі мен шарттары; өндіріс уақытша тоқтаған жағдайда оларды қорғау шаралары; жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту мүмкіндігі мен мөлшері; зейнеткерлерге, мүгедектерге, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларына қосымша жеңілдіктер беру мен көмек көрсету; еңбек пен тұрмыс жағдайы; ерікті және міндетті медициналық әрі әлеуметтік сақтандыру; қызметкерлерді жұмыспен қамту және қайта оқыту; өндірісті дамыту мәселелері; еңбек және өндіріс тәртібін сақтауда еңбек ұжымы мүшелерінің жауапкершілігі; басқа да еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі ережелер.
Петропавл қаласында облыс әкімдігі, кәсіподақ орталығы мен кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі бағыттар бойынша тараптардың позициясын анықтайтын келісімдер бар. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 4647 ұжымдық келісімшарт жасалды, олар барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 81,6 пайызын құрайды. Бұл еліміздегі үздік көрсеткіштердің бірі болып саналады. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда еңбек қатынастарын жария ету маңызды болмақ. Өкінішке қарай, кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерімен еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес реттемейді, соның салдарынан еңбекақы төлеу мәселесінде даулар туындап жатады. Мұндай жағдай көбінесе шағын және орта бизнес субъектілерінде жиі кездеседі. Біз ресми еңбек қатынастарының сақталуын басты назарда ұстаймыз. Өткен жылы соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында тоғыз жүзден астам еңбек келісімі жасалды. Бұл бағытта шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің “Ынтымақ” салалық кәсіподағы тиімді жұмыс істеуде. Былтыр елімізде жүргізілген “Еңбек келісімшартын жаса!” акциясы аясында 37 мың қызметкермен еңбек келісімшартын жасау арқылы 10 мыңнан астам жұмыс беруші еңбек қатынастарын жария етті.
– Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысын, күнкөріс минимумын көтеру және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру мәселесі атап көрсетілді. Соның нәтижесінде меншіктің әртүрлі салаларында еңбек ететін 1,3 млн. адамның айлық еңбекақысы өсті. Біз жұмысшылардың төменгі айлық еңбекақыларын өсіру жөніндегі мониторинг бойынша республикалық және өңірлік штабтардың жұмысына белсене атсалыстық. Бастамамызбен негізгі лауазымдық жалақыны есептеу әдістемесі, барлық санаттағы қызметкерлер үшін тарифтік өлшемдер мөлшерлемесі қайта қаралды. Кәсіподақтардың араласуымен азық-түліктік және азық-түліктік емес бөліктерден құралатын күнкөріс минимумының құрылымы өзгерді. Ақшалай өлшемде ол 2019 жылдың 1 қаңтарында 17,7 пайызға өсіп, 29 698 теңгеге жетті.
Жұмысшылардың айлық еңбекақысын алуы да біздің назарымыздан тыс қалмайды. 2019 жылғы 7 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті билік органдарының деректеріне қарағанда Солтүстік Қазақстан облысында 8 кәсіпорынның 256 жұмысшысына жалақы бойынша берешегі 85,8 млн. теңге. Оның басым бөлігі мерзімі өткен қарыздар болып саналады. Басты қиындық бұл кәсіпорындардың бірқатары банкротқа ұшыраған. Қазір жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп мерзімі өткен еңбекақы қарызын төлеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
– Жастар кәсіподақтың жұмысына белсене қатыса ма?
– Былтыр біз Жамбыл облысының Мерке ауылында жұмысшы жастар форумын өткіздік. Бұл ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен қатысқан жас кәсіподақ көшбасшылары жұмысшы мамандығының, еңбек адамының мәртебесін өсіру бағытында жүргізілетін шаралардың бағыт-бағдарын айқындады. Биыл Елбасының бастамасымен “Жастар жылы” болып жарияланды, оның аясында атқарылатын жұмыс ауқымы кең. Биылғы маусым айында Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде ауылдағы жұмысшы жастардың республикалық форумын өткізбекпіз. Ал Тұңғыш Президент күніне орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде республикалық жастар форумы ұйымдастырылмақ. Бұл “Жастар жылы” өткізілетін іс-шараларымыздың бір парасы ғана болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!


Әңгімелескен  Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp