«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОНЖЫЛДЫҚ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ: ҰЛТТЫҢ ЖАҢА ИГІЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның кезекті XVIII съезі өтті. Еліміздегі ең ірі саяси ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған кезекті съезд партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылдануымен айшықталды. Аталған құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген.

Осы үлкен белесті бағындырар жолда партияның Саяси Кеңесі мен Бюросының құрамы жаңартылып, партия жарғысына кейбір нормаларды енгізу арқылы, ең алдымен, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын әріптері қолданылатын болды. Съезд тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алғашқы сөзді Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.


Құрметті делегаттар жəне съезд қонақтары!
Қадірлі партияластар!

Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дəуірге пара-пар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тəуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл əрі маңызды реформалар жасау керек болды. Əйтпесе, өркениет жолына бастайтын əлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды. Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін. Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін.
Ең алдымен, қол жеткізген жетістіктерімізді айшықтайтын нақты фактілерге тоқталайын. Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артты. Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды. Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды.

Бүкіл елімізде əлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Мұның бəрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нəтижесі. «Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді, деп атап өткен Мемлекет басшысы жаңа уақыт алдымыздан жаңа сын-қатерлерді тартып отырғанын, əлем перманентті турбуленттілік жағдайына дендей еніп бара жатқанын айтты. Елбасының айтуынша, бұл жағдай рухымызды түсіріп, болашақ алдында жүрексінуге себеп болмауы тиіс. Кез келген дағдарыс түрлі сілкіністермен қатар жүреді, сонымен бір мезгілде өсуге қажетті кеңістік қалыптастырып, мүмкіндіктер терезесін ашады. Бастысы, дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыра білу.
Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер, əрбір адамның əл-ауқатының артуына əкелмесе, оның үлкен мəні де, құны да болмайды. XXI ғасырдағы мемлекеттердің орнықты даму формуласы мен өркендеуінің құпиясы осында жатыр, деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі съезд өзінің тапсырмасымен əзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын қарастыратынына тоқталды. Елбасының айтуынша, бағдарлама стратегиялық көзқарастың ауқымды көкжиегін ашады жəне қоғам мен мемлекеттің алдағы он жылдықтағы дамуының негізгі қырларын айқындайды. Өйткені, алдағы он жыл біздің озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуымыздағы шешуші кезең болмақ.
Бұл орайда, Қазақстан Президенті біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуға тиіс екенімізді айтты. Ал оның базалық құрамдауыштары ұлттық бірлік, бəсекеге қабілетті қуатты экономика, өркендеуші зияткер қоғам, əлемде лайықты құрметке ие ел екені белгілі. Осының бəрі Қазақстанның табысты дамуының негізі болып саналады. Өз кезегінде, Ұлттық бірлік доктринасы төрт тірекке сүйенеді: 1.Ортақ тарих; 2.Ортақ құндылықтар; 3.Ортақ Отан; 4.Ортақ болашақ.
Елбасы бұдан əрі басты басымдық – азаматтардың тұрмыс деңгейін жəне Қазақстанның дамуын əлеуметке бағдарланған мемлекет ретінде қамтамасыз ету екеніне тоқтала келіп, тіпті ең күрделі кезеңдерде əлеуметтік міндеттемелердің орындалғанын атап айтты.
Біз даму шығындарын төмендетпей, мұқтаждарға көмектесуге тиіспіз. Биыл əлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45 пайыздан астамы бағытталды. Сонымен бір мезгілде бізде белгілі бір теңсіздіктер мен əлеуметтік бөлікте проблемалы нүктелер пайда болды. Осыған байланысты мен Ұлттық қордан азаматтарымыздың өмір сапасы мен əл-ауқатын арттыруға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкімет осы мақсатқа бөлінетін шығыстарды дұрыс əкімшілендіруі тиіс, деген Елбасы біз қазір үлкен сын-қатерлер мен жаһандық белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанымызды, жинақтаған қорымыз бұдан да күрделі уақыттарда керек болуы мүмкіндігін ұмытпауды ескертті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, əлеуметтік саясат теңгерімді болуы əрі масылдық көңіл күйдің өсуіне жол бермеуі тиіс. Көмек аса мұқтаж жандарға беріліп, атаулы сипатта болуы керек. Бөлінген қаражат əрбір отбасына жəне нақты адамға жетуін Елбасы өзі қадағалайтын болады.
Съезде мəлім болғанындай, Президенттің тапсырмасымен партия азаматтарды қатты толғандыратын мəселелерге сараптама жүргізген. Олардың қатарында балалар жəрдемақысын көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту, əлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту сынды басқа да мəселелер бар. Елбасының айтуынша, оларды шешудегі партияның елеулі үлесі үш бағыттағы əлеуметтік саясатты жүзеге асыру арқылы көрінбек. Бұлар:
1.Табысты арттыру жəне халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау.
2. Табысы төмен азаматтардың баспана мəселесін шешу жəне білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсарту.
3. Өңірлерді кешенді дамыту.
БІРІНШІ. Бүгінде қазақстандық отбасылардың əл-ауқат деңгейін көтеру шараларын күшейту маңызды. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қорғау, мəдениет, спорт, ауыл шаруашылығы жəне басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметшілерді тікелей қамтиды, деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 шілдеден бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыруды; аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.
Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформаның нəтижесін əрбір отбасы алыс болашақта емес, дəл бүгіннен бастап сезінуі тиіс.
Əсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажет деп санаймын. Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт жəне одан көп баласы бар. Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі əртүрлі. Сондықтан мемлекет бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы əлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады. Аз қамтылған, əсіресе, көпбалалы отбасыларды қамту аясын кеңейту үшін Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін) 70 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Атаулы əлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы əрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20 789 теңге көлемінде белгілеу керек. Əлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістері барынша жеңілдетілуі жəне проактивті форматқа көшірілуі тиіс.
Осындай отбасылардың жиынтық табысын есептегенде көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жəрдемақылар, мүгедектігі үшін балаларға берілетін жəрдемақы, стипендия сияқты жекелеген жəрдемақыларды есепке алмау керек. Нəтижесінде, 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы əлеуметтік көмекпен қамтылады, деп атап өткен Қазақстан Президенті сондай-ақ, мүгедек бала тəрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) жəрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны жүзеге асыруға 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу тапсырылып отыр. Бұл ретте, əлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты əлеуметтік келісімшарт жəне отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала беретінін айтқан Мемлекет басшысы əкімдерге əрбір отбасына баруды жəне көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейтуді тапсырды.
Елбасының айтуынша, толық емес көпбалалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасын бөлу қисынды болмақ. Бұл жұмыстарды Үкімет пен əкімдер «Нұр Отан» партиясымен жəне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Бұл ретте əкімдер мұқтаж отбасыларға көмектің өңірлік бағдарламаларын «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қайта қарауы керек.
ЕКІНШІ. Білім беру жəне денсаулық сақтау салаларын жақсарту жəне баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды да белсенді жүгізу керек. Үкіметке негізінен көпбалалылар қатарындағы аз қамтылған отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пəтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу жеті жылда жыл сайын қосымша 50 миллиард теңге бөлу қажет. Сонымен қатар табысы төмен көпбалалы жəне толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттырған жөн. Азаматтардың осы санаттары үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін əзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй жинақ банкіне осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформаны қисынды нəтижеге жеткізу керектігін де қаперге салды. Қазіргі заман балаларымыздың бойында жаңа машықтар мен дағдыларды дамытуды талап ететініне тоқталып, бұл тұстағы табыстылықтың жиынтығы педагогтардың біліктілігін ұдайы арттыру, озық материалдық база мен өзекті оқыту бағдарламасы екенін атап өтті. Елбасының айтуынша, əрбір өңірде кемінде бір озық ЖОО жəне 10 заманауи колледж болуы тиіс. Оқу орындары тиімділігінің басты көрсеткіші – түлектердің жұмысқа орналасуы. Еліміздің əрбір тұрғыны білімді жəне денсаулығы мықты болуы тиіс. Сондықтан тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Отандық медицина, ең алдымен, алдын алу мен саламатты өмір салтын ынталандыруды бағдар еткені жөн. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек шығыстары денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінде 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл – əлемдегі барлық дамыған елдердің тəжірибесі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырамын, – деді Елбасы. Мұның нəтижесінде 7 өңірде жылына 100 мың пациентті қамтитын стационарлық-медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі арта түсетін болады.
ҮШІНШІ, деп атап өтті Елбасы, бүкіл еліміз бойынша өмір сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыра бастау қажет. Бізде өңірлердің дамуында айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Неліктен бір облыстарда жолдар жақсы, ал басқаларында жаман? Неліктен бір жерлерде ТКШ тұрақты жұмыс істейді, екіншілерінде дəл ондай емес? Шын мəнінде жұмыс істейтін, адамдардың проблемаларын білетін жəне шешетін əкімдер бар. Халықпен кездесулерден ат-тонын ала қашатын жəне өңір халқының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына жүрдім-бардым қарайтындары да кездеседі. Əкімдерге халыққа жақын болып, оның игілігі үшін бəрін істеуге ұмтылу керек.
Қазақстан Президенті өзінің сөзінде елімізде түрлі бағдарламалар бар екеніне, оған жеткілікті ресурстар бөлініп отырғанына, алайда, адамдардың нақты нəтижені көрмей келе жатқандарына назар аударды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, мұндайға жол беруге болмайды. Үкімет пен барлық деңгейдегі əкімдер бүкіл əлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешулері тиіс жəне жалған көрсеткіштерді қумаулары керек. Өйткені, əр өңір стратегиялық тұрғыдан маңызды. Еліміздің өңірлік өмір сапасының жаңартылған стандарттарына негізделген Жаңа карта қалыптастыру қажет.
Соңғы жылдары республикалық автокөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық жəне жөндеуден өткіздік. Əрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту – бұл орындалуын партия бақылауына алуы тиіс Үкіметтің шешуші міндеті. Аталған мақсаттарға қосымша 350 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар 2025 жылға қарай облыстық жəне аудандық маңыздағы автожолдардың 95 пайызын жақсартуға жəрдемдеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ, өңірлік көлік инфрақұрылымдарының барлық нысаны, оның ішінде аэропорттар, авто жəне темір жол вокзалдары жаңғыртылуы тиіс екендігін атап көрсетті. Астана, Алматы жəне Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға қосымша 90 млрд. теңге бөлінетін болады. Шағын жəне моноқалаларды дамытуға да таяудағы үш жыл бойы жыл сайын қосымша 10 млрд. теңге қарастырылады. Еліміздің барлық тұрғынының таза ауызсуға қол жеткізуі, кең ауқымды газдандыру жұмыстарын жүргізу аса маңызды басымдық болып табылады. Сумен жəне кəріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл аталған салада 2,2 млннан астам адамның проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газдандыру жəне электрмен қамтамасыз ету жұмыстарына шамамен қосымша 190 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар газбен 1,1 млн. адамды қамтуға мүмкіндік беріп, өңірлік электрмен қамтамасыз ету сенімділігін айтарлықтай арттырады. Үкіметке аталған мақсаттарға 2019-2021 жылдарға шамамен 920 млрд. теңге қарастыруды жүктеймін. Жоғарыда айтылғандарды қаперге ала келе, «Нұр Отан» еліміздің инженерлік жəне əлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға екпін түсіре отырып, «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қолымызда 7,5 млн. ауыл халқының əл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік бар екенін көлденең тартты. Бірінші кезекте Үкіметке əкімдермен жəне мəслихаттармен бірлесіп, болашағы бар ауылдарды анықтау, сол жерлерде əлеуметтік саланы дамыту, интернаттар құру қажеттігін тапсырды. Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет. Ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жəне тағы басқалар бойынша ҚХР-дың тəжірибесін пайдалану қажет. Сол жерлерде тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, əлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын жəне орта бизнесті дамыту керек. Сондай ауылдарға болашағы жоқ елді мекендерден адамдар көшіп баратын болады. Жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге ауылдың əлеуеті жеткілікті. Осыған орай, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс əзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд. теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жастардың ауылда орнығып қалуына көмектеседі, – деді Нұрсұлтан Əбішұлы.
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғарыда көрсетілген барлық бағыт пен жобаның кешенді сипаты бар, партияның ұзақмерзімді мақсаттарымен үйлеседі жəне көп кешікпей-ақ адамдарға сезінетіндей деңгейде пайдасын тигізеді. Оларды таяудағы үш жылда жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 2 трлн. теңге бөлінетін болады. Осы қаржы кедендік əкімшілендіру мен бюджет шығыстарын түбегейлі оңтайландыру есебінен қарастырылуы қажет. Бұл арада жергілікті жерлердегі басым бағытқа ие емес, қымбат іс-шараларды күн тəртібінен шығарып тастау керек. Аталған қадамдар таяудағы үш жылда бюджетке 1 трлн. теңге түсіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, Ұлттық қордан 2019-2021 жылдар ішінде қосымша 1 трлн. 350 млрд. теңге бөлу қажет. Жаңа бағдарлама əлемдік шешуші трендтерді зерттеу мен Қазақстанның барлық өңіріндегі жағдайды талдау негізінде жасалды. Онда таяудағы үш жылда мемлекеттің əлеуметтік саясатының іргетасына айналатын жəне бүкіл онжылдықтағы перспективаны көздейтін нақты мақсаттар мен жобалар көрініс тапқан.
Өздеріңіз білетіндей, деп жалғады сөзін Президент, бізде Үкімет ауысып, оның құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңа Министрлер кабинетіне, барлық əкімге дереу мен жариялаған тапсырмаларды жүзеге асыруға кірісу керек. Үкіметтің əр мүшесі мен əкімдер жеке жауапкершілік алады жəне жұмыс нəтижелеріне жеке жауап беретін болады. Партия да халықтың күнделікті мəселелерін шешуге белсенді араласуы тиіс. Бұл жұмысты «Халыққа көмек» жобасы күшейтеді ғой деп сенемін. Бүгінде қоғамның көкейкесті мəселелеріне жедел үн қатып, оларға меморгандардың назарын аударту маңызды. Бұл ең тиімді стратегия болмақ. Ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру керек. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту маңызды. Осы мəселеде бюрократиялық сөзбұйдалыққа жол беруге болмайды. Мұның тек мемлекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сондай-ақ, волонтерлер мен кəсіпкер меценаттар көрсететін атаулы əлеуметтік көмекке де қатысы бар.
Осылай дей келе, Елбасы «Нұр Отанның» барлық филиалы бəрінен бұрын осы жұмысқа бағдарлануы тиіс екенін атап өтті. Партия халықтың барлық жігінің мүддесін қорғап, азаматтар мен мемлекет арасын байланыстыратын шешуші буын ретінде көрінуі тиіс. Бүгінде алдыңғы орынға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде əлеуметтік саладағы бағдарламалардың тиімділігі мəселесі шығып отыр. Осыған орай мен «Нұр Отанға» Президент Əкімшілігімен бірлесіп Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігі мен мониторингін бағалайтын орталық құруды тапсырамын. Партия алаңында əр тоқсан сайын жауапты мемлекеттік органдардың мемлекеттік бағдарламаларды қалай орындап жатқаны туралы тыңдаулар өткізіп тұру қажет. Есептер маған беріліп тұратын болады. Солардың негізінде тиісті қорытындылар жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, тұтастай алғанда, мына мəселені кезекті мəрте ерекше атап көрсетті: экономикалық даму халықтың əл-ауқатының нақты өсуіне бағытталатын болуы тиіс. «Нұр Отан» «Атамекен» кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттің бизнесті қолдау қағидаттарын жақсарту бойынша жұмыс істеуі керек. Жемқорлықты түбірімен жою бағытындағы мақсатты жұмыстар жалғастырылғаны жөн.
Президент келесі кезекте жастарға ерекше назар аударылуы қажеттігіне екпін түсірді. Өйткені, жастар – болашағымыз! Осы орайда 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялағаны атап көрсетілді. Партия мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттыруға қол жеткізуі тиіс. Сонымен қатар «Нұр Отан» белсенді азаматтар үшін басты «əлеуметтік лифтілердің» бірі əрі барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлардың қайнар көзі болуы керек. Заманауи басқарушылардың жаңа генерациясы «Партияның жастар резервінен» пайда болуы қажет.
Барлық нұротандық нағыз патриоттар болулары жəне абырой-беделі кіршіксіз болулары тиіс. Партияның халық алдындағы беделі тек орталықтағы кең ауқымды акциялармен немесе іс-шаралармен ғана өлшенбейді. Партияның образы қарапайым қазақстандықтардың көз алдында жергілікті жерлердегі күнделікті жұмыстармен қалыптасады. Бастауыш партия ұйымдарының қызметі жергілікті жерлердегі жəне өңірлердегі мəселелерді оң шешуге қабілеттілігімен ерекшеленсін. Партиялық іс-шаралардың мазмұндылығы, əсіресе, өңірлердегі мазмұндылығы үшін жұмыс істеу керек. Халықтың əл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартудағы кең ауқымды міндеттер партиядан өз ісіне деген үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Нұр Отан» қоғамдық бақылаудың басты институты болуы қажет. Партияның бағдарламасында бүгін мен айтқан барлық ұсыныстар ескерілуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сөзін: – «Нұр Отан» – толағай табыстың жəне болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ-мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен жəне тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді. Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. Тəуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тəуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен жете берейік! Əрекет ететін кез келді, ағайын! Алға, «Нұр Отан»! Алға, Қазақстан! – деп аяқтады.
Президент өзінің сөзін аяқтаған соң съезді жүргізіп отырған Төрағаның бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев бірқатар шетелдік партия басшыларының атынан «Нұр Отанның» съезіне құттықтау хаттар келіп түскенін жария етті.
Осыдан кейін Алматы қаласының əкімі, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек, Парламент Мəжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Нұртай Сабилянов, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, ақжаулықты аналардың аманатын арқалап келген көпбалалы ана Əлия Ақбасова, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігі директорының орынбасары Иван Зенченко, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазиз, Ақмола облысының Максимовка елді мекенінде тігін фабрикасының жұмысын жүргізіп отырған «SAMHAT» ЖШС бас директоры Самал Тілеубаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырəлі, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қор құрылтайшысы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева, шетелде білім алған жастардың атынан «STEM» академиясының негізін қалаушы Əбутəліп Мүтəлі, Атырау облыстық кардиологиялық орталығының кардиолог-дəрігері Жанар Оралбаева, металлургтер әулетінің өкілі, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы №1, 2, 3 кен-байыту фабрикаларының директоры, металлург Мұрат Бөрібаев, «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық бөлімшесінің жетекшісі Асылжан Бүркіталин сөз сөйледі.
Съезд барысында партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы, партияның Саяси кеңесі мен Саяси бюросының жаңа құрамы бекітілді. Саяси бюро құрамына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мəжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Əкімшілігінің Басшысы Əсет Исекешев, Президент Əкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тəжин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова, Астана қаласының əкімі Бақыт Сұлтанов, Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек, Сенат депутаты Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев, «Қазақстан Халық банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов кірді. Сондай-ақ, съезде Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.


(“Егемен Қазақстан”,
28 ақпан 2019 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp