«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРПІЛІС КЕЗЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Nur Otan” партиясы облыстық филиалында салтанатты іс-шара өтті. “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов қатысушыларды партияның 20 жылдығымен құттықтады.

– “Nur Otan” партиясы алдағы жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Қазіргі уақытта партия үшін реформалардың жаңа кезеңі туындады. Партия бұл жобаларды іске асыру арқылы адамдар мен әлеуметтік топтардың нақты мүдделеріне жауап береді. Мысалы, 2018 жылы 20 жаңа жоба іске қосылды. Олардың ішінде оқушылар үшін тегін білікті мамандар даярлауға IT-сыныптар, IT-орталықтар ашу, бос жер телімдері бойынша бірыңғай ұлттық геоақпараттық онлайн-сервисін құру, мектеп асханаларын жаңғырту және басқа да көптеген жобалар бар. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруға ерекше мән берілуде. Бүгінгі күні біздің облысымызда 40 мыңға жуық мүшесі бар 351 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Біз үшін бастауыш ұйым – партияның іргетасы, – деп атап өтті Артур Молдағұлов.

Жиналыс барысында кезекті ХVІІІ съездің делегаттары Жанар Таласпаева пен Максим Большедворов алқалы жиыннан алған әсерлерімен бөлісті, әлеуметтік саланы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті жақсартуға бағытталған реформалар туралы әңгіме өрбітті. Олар атап өткендей, көпбалалы отбасылардағы әр балаға берілетін ең төменгі жәрдемақы 21 мың теңге болмақ. Сонымен қатар Елбасы мүгедек балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырды. Халықтың әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жылдық 2-3 пайызбен жеңілдетілген тұрғын үй несиелері бөлініп, 1 шілдеден жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға артатын болады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек шығыстары 40-60 пайызға дейін ұлғаяды, денсаулық сақтау саласының дамуы үшін жыл сайын 120 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұруды қамтамасыз ету үшін қосымша 140 миллиард теңге бөлінеді.

– Бұл съезде айтылған жағымды жаңалықтар алдағы жұмысымызға серпін береді. Президент еліміздің даму бағытын айқындап берді, 2030 жылға дейінгі партия бағдарламасының ерекшеліктерін атады. Еліміздің көптеген тұрғындары үшін барлық салаларды дамытуға қомақты бюджеттік қаражат бөлінді. Бақылауды партиялықтар жүзеге асыратын болады. Мен съезге бизнес саласының атынан қатыстым. Бұл – еліміздің дамуы және жастар үшін басым бағыт. Осы бағытта қаражат сауатты жоспарланатын болады деп үміттенемін, – деді “Nur Otan” партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, “Радуга” ЖШС-і бастауыш партия ұйымының төрағасы Максим Большедворов.

Жиналыста партияға қабылданған 11 жаңа мүшеге салтанатты түрде билеттері табыс етілді. Бір топ партия белсенділері Алғыс хатпен марапатталды.

Ілияс СӘБДЕНОВ, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp