«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕЛЕДИДАРДЫҢ ДАРАБОЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында дүниеге келіп, кейін қазақ телевизиясының алғашқы дикторы болып, журналистиканың шыңын бағындырған Совет Масғұтов көзі тірі болса биыл 80 жасқа толар еді. Кеңес одағы тұсында оның қазақ журналистерінің ішінен алғашқы болып Мәскеудегі Орталық телевизиядан сөйлегені жерлестерінің де есінде.

Саналы ғұмырын телевизияға арнап, оны дамытуға бар күш-жігерін жұмсаған атақты журналистің құрметіне орай “Қазақстан” Республикалық телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы филиалына бюсті қойылды. Сондай-ақ, “Теледидардың дарабозы” кітабының тұсаукесері өтті. Алматыдағы қазақ телевизиясының қарашаңырағында өткен салтанатты жиында Сұлтан Оразалин, Құсман Игісінов, Төлеубай Қаймулдинов, Құдайберген Тұрсын, Нұртілеу Иманғалиұлы сынды көзкөргендер телевизияның саңлағы туралы естеліктерімен бөлісті.
– Совет Масғұтов – біздің Қазақстанда, қазақ телевизиясында ер адамдардың ішіндегі тұңғыш рет экранға шығып, алғашқы хабар жүргізген дикторларымыздың бірі. Аса келісті, келбетті, орысша да, қазақша да еркін әрі таза сөйлейтін. Әлем әдебиетінің алыптарын қазақ тіліне аударды, – деді Сұлтан Шәріпұлы өз сөзінде. Ал қаламгердің жары Шолпан Сұңғатқызы: “Қырық жылдан кейін өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды. Жұбайыммен қайта табысқандай күйдемін”, – деп көзіне жас алды.
Телеөнерге толайым табыс әкеліп, еселі еңбек сіңірген Совет Масғұтов дайындаған “Мың да бір рахмет”, “Пай-пай, жиырма бес”, “Алтыбақан” бағдарламалары кеңестік кезеңнің өзінде-ақ қазақ халқының рухын көтере білді. Ол “Тележурналистикаға кіріспе” кітабын жазып, бұл мамандықтың жан-жақты дамуына зор үлес қосты. Қазақ телеөнері ғылымының іргесін қалағаны да әріптестерінің жадында. Қаламгердің мерейтойына орай жарық көрген “Теледидардың дарабозы” атты жаңа кітапқа оның зерттеулері мен өлеңдері топтастырылыпты. Сонымен қатар әріптестерінің естеліктері жинақталған.


Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp