«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕТКЕН ЖЫР КЕШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ішінде өзің қағып алған қардың,
Жүрегім бесігі аппақ армандардың.
Көктемде гүл мен жанға нәр беретін,
Мен де бір туған жерге жауған қармын”, –
деп жырлаған жерлесіміз, ақын Ерік Асқаров тірі болғанда биыл алпыс жастың төріне көтерілер еді.

Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан талантты тұлғаны жас ұрпақтың есінде қалдыру мақсатында өңірімізде түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті.
“Елі еркелеткен Ерік еді” деген атаумен ұйымдастырылған аймақтық жас ақындар мүшәйрасына біздің өңірімізбен қатар Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарының намыстарын арқалап он үш талапкер келді. Олардың бәрі сайыстың іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер. Жас ақындарды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов құттықтап, сәттілік тіледі. Содан кейін еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев, Ерік Асқаровтың туған апасы – Алма Нұрышева мен “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов талантты тұлғаның өмір жолы, шығармашылық мұрасы, айтыс өнеріне қосқан қомақты үлесі жайлы салмақты сөз сабақтап, жиналғандарды толқытты.
Мүшәйраға қатысқан өрендер Ерік Асқаровқа арнап жазған, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы жайлы және еркін тақырыптағы үш өлеңін оқыды. Олардың арасында жылт еткен шумақтарымен, белгілі ақын Алмас Темірбай бастаған қазылар қауымын да, жиналған жұртшылықты да елең еткізгендер аз болмады.
Сайыс қорытындысында Павлодар облысынан келген Дәрия Келген бас жүлдеге, көкшетаулық Думан Самат бірінші орынға лайық деп танылды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Жарғанат Қинауханға екінші орын, павлодарлық Раушан Амангелдіге үшінші орын бұйырды. Ал Қарағанды облысынан келген Жасқанат Жұман Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлдені иеленді.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp