«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ – ТИІМДІ БАҚЫЛАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауын, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 93-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында тексеру комиссиясының мәртебесін, тәуелсіздігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін облыстың салық органдарында салықтық әкімшілендіру тиімділігіне электрондық мемлекеттік аудит жүргізу бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылуда.

“Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Заңға сәйкес электронды мемлекеттік аудит ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады.
Тексеру комиссиясы мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде анықталатын бұзушылықтардың алдын алу және ескерту мақсатында алғаш рет облысымыздың аудандарында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен 2018 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Петропавл қаласында, Аққайың, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Ақжар, Айыртау, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Мұндай семинар-кеңестер аудит нысандарының қаржылық тәртібінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл, әрине, жергілікті бюджеттің атқарылу тиімділігі мен сапасына әсер етеді.
Облыстық тексеру комиссиясы 2018 жылы 71 аудит нысанында 18 аудиторлық іс-шараның қорытындысын шығарды. Мемлекеттік аудит 50,9 млрд. теңгеге бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін қамтыды.
Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу 6915,5 млн. теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 1592,2 млн. теңге, рәсімдік бұзушылықтар – 2552,5 млн. теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты, мемлекет активтері – 1,3 млн. теңге, тиімсіз жоспарлау – 2769,5 млн. теңге.


Талдау бұзушылықтардың жалпы көлеміндегі ең көп соманы Бюджет кодексінің (2795 млн. теңге немесе 40,4 пайыз), мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың (1617,1 млн. теңге немесе 23,4 пайыз), бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің (1483,4 млн. теңге немесе 21,5 пайыз), білім туралы заңнаманың (546,1 млн. теңге немесе 7,9 пайыз) бұзушылықтары құрағанын көрсетті.
Экономика салалары бөлінісінде бұзушылықтардың ең көп көлемі қаржы саласына – 2774,1 млн. теңге (40,1 пайыз), білім беруге – 1787,3 млн. теңге (25,8 пайыз), денсаулық сақтауға – 1673,4 млн. теңге (24,2 пайыз) тиесілі болды.


Жергілікті бюджетке қаражат түскен кезде жол берілген бұзушылықтар сомасы 204,3 млн. теңгені құрады. Петропавл қаласының, Мамлют, Уәлиханов, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарының салық органдарының салықтық бақылауды толық көлемде жүзеге асырмауы жергілікті бюджетке 119,2 млн. теңге сомасында салық түспеуіне әкеп соқтырған. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары толық көлемде қабылданбаған және 57 жағдайда салық төлеушілерді салық заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпау фактілері анықталды.
Салықтық әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері бойынша заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға бағытталған, соның ішінде Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдар берілді.
Мемлекет активтерін пайдалану кезінде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 1641,6 млн. теңгені құрады. Мағжан Жұмабаев ауданының орталық ауруханасында фтизиатрия мамандығы бойынша лицензиясы болмаса да амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілген, 54,6 мың теңге сомаға 56 зерттеудің орындалмаған көлемі үшін шығыстар өтелген.
Бюджет қаражатын пайдалану кезінде жалпы сомасы 613,7 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов және Қызылжар аудандарында білім алушылар саны бекітілген кепілді мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмейтін аудан мектептерін ұстау фактілері анықталды. Бақылау өлшеулерімен 5,3 млн. теңге сомаға, соның ішінде Мағжан Жұмабаев ауданының білім бөлімінде мектептерді күрделі жөндеу кезінде, Виноградовка, Новоникольск және Бескөл ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарында жол және көшелерді ағымдағы жөндеу, жаяу-жүргіншілер жолын салу кезінде орындалмаған жұмыс көлемі анықталды. Жалақы, демалыс ақысын есептеу және төлеу кезінде жалпы сомасы 24,9 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Мысалы, Жамбыл аудандық білім бөлімінде химия, физика, технология, шетел тілі мұғалімдеріне, сондай-ақ, кітапханашылар мен мектеп зертханашыларына негізсіз қосымша ақы төленген.
Бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті құру кезінде жалпы сомасы 1483,4 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Негізгі құралдар мен қорларды бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетпеу фактілері анықталды, соның ішінде, Жамбыл аудандық білім бөлімінде, Жамбыл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында, Тайынша аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында. Мағжан Жұмабаев аудандық орталық аурухана ғимаратында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының сомасы дұрыс көрсетілмеген.
Жалпы сомасы 2769,5 млн. теңгеге тиімсіз жоспарлау фактілері анықталды, соның ішінде облыстық және қалалық бюджеттердің кіріс бөлігін тиімсіз жоспарлау кездесті. Тексеру комиссиясы берген ұсынымдарды орындау үшін аудит нысандары 2018 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігінің болжамды көрсеткіштерін нақтылауды жүргізді. Сондай-ақ, бюджет түсімдерін болжау әдістемесіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жолданды.
Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Уәлиханов және Қызылжар аудандарын дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылуын бағалау жоспарланған нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша мемлекеттік ұйымдардың жұмысының тиімсіз екендігін көрсетті. Әрбір ауданда бірқатар мақсатты индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері жоспарлы мақсатқа қол жетпегені анықталды; бағдарламаның мақсатына қол жеткізу дәрежесін өлшеуге және міндеттерді шешуге мүмкіндік бермейтін көрсеткіштер енгізілген. Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар аудандардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары, сондай-ақ, оларды бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар тарапынан бағдарламаларды іске асыруға немқұрайды көзқарас болғанын көрсетті.


Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментіне үш материал жіберілді. Есепті кезең ішінде Қызылжар ауданының Виноградовка және Новоникольск ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарында жолдар мен көшелерді ағымдағы жөндеу бойынша, бюджет қаражатын ұрлау фактісі жөніндегі Қызылжар ауданы әкімдігінің және “СҚО Қызылжар ауданы әкімдігінің “Жігер” ШЖҚ МКК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты аудит материалдары қылмыстық іске қоса тіркелді. Қызылжар аудандық орталық ауруханасының бөлімшелерін күрделі жөндеу және жылу желілерін тарту бойынша 1,3 млн. теңге соманың заң бұзушылығы өтелді.
Тексеру комиссиясы жүргізген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 178 тұлға жауапкершілікке тартылды. Соттар мен уәкілетті органдарға тексеру комиссиясы берген әкімшілік іс жүргізу материалдарын қарау нәтижелері бойынша мемлекет кірісіне жалпы сомасы 2,4 млн. теңге айыппұл өндіріліп алынды.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары аудан әкімдері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары қатысатын тексеру комиссиясының отырысында қаралды. Отырыстың қорытындысы бойынша аудит нысандарына және мүдделі мемлекеттік органдарға тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындыларында және нұсқамаларында айқындалған бұзушылықтар мен жол берілген кемшіліктерді жою үшін 79 ұсыным және тапсырма берілді, оның ішінде әзірге 59 ұсыныс пен тапсырма немесе 75 пайызы орындалды.
Тексеру комиссиясы нұсқаманы тиісінше орындамау фактісі бойынша Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Жамбыл аудандық сотының қаулысымен бұл басшы 36,1 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аудит нысандары лауазымды тұлғаларының Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарын сақтамау фактілері бойынша 11 ұсыныс жергілікті мәслихаттарға жіберілді. Мемлекеттік аудит нысандарының басшылары және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен тұрақты комиссиялардың отырыстарында мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.

Тілеген ҚАСКИН, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, экономиканың РһD докторы, экономика ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp