«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДІҢ БОЙЫ ЕН ТОҒАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” дегендей, осы жасқа келгенше жақсы мен жаманды, бар мен жоқты көрдік. Есімде қалған естелік те аз емес. Сол бір көріністер әлі күнге дейін көз алдымда.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қарағанды қаласында құдалықта болдым. Үйге оралардан бір күн бұрын Орман құдамыз өзен жағасына демалуға апарды. Шілде айы болатын. Күн ыстық. Төрт машина Қараөткел бағыты бойынша жолға шықты. Біршама уақыттан кейін біз бір төбеге келіп тоқтадық.
– Құда, бізді қайда апарасыз? – деп сұрадым.
– Есіл өзені басталатын қыратқа, – деді.
Діттеген жерімізге келіп, бізбен бірге барған адамдар әп-сәтте күрке құрды. Ортаға дастарқан жайылып, әрқайсымызға қымыз ұсынылды. Сары бауырсақ пен майдың, сүрленген қазының дәмін айтсаңшы.
Сол күнді баршамыз қағытпа қалжың, әдемі әзіл, көтеріңкі көңіл күймен өткіздік. Ертеңіне біз үйімізге оралдық. Бірақ өзен бастауында өткізген бұл сәт маған ерекше әсер етті. Сол күні ақ бұйра толқыны жарды ұрған Есілдің бойына өзенді жағалай қоныстанған елді мекендерге бала-шағамды серуенге апаруды ойладым.
Торғай облысына қарасты Державин қаласындағы мектеп-интернатта оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін кезім. Сол жылы жазда көлігімді ұзақ жолға дайындап, отбасыммен саяхатқа шықтық. Алдымен, сапарымызды Қарағанды қаласынан бастадық. Көмір алабын аралап, ендігі бағытты Ақмолаға бұрдық. Сарыарқадағы сауда орталығы болып саналатын Ақмола еліміздің бас қаласына айналатынын сол кезде білген жоқпыз.
Шеттегі бір қонақүйге жайғастық. Жаз айы, күн ұзақ. Жуынып, үсті-басымызды ретке келтірген соң қаланы араладық. Көрікті жерлерде болып, театрда “Батыр Баян” қойылымын тамашаладық. Келесі күні Атбасарға табан тіреп, тарихы тереңнен сыр тартқан өлкемен таныстық. Патша өкіметі тұсында Мәскеу, Петербург қалаларынан байлар арнайы осы Атбасарға жәрмеңкеге келген. Сондықтан Атбасарға соқпауым мүмкін емес еді. Одан әрі біз Сарыарқаның сайын даласын аралап, қаймағы бұзылмаған талай қазақ ауылында болдық.
Есіл өзенінің бойына тоқтап, дем аламыз. Күрке құрып, өзенге шомылып, балық аулаймыз. Әп-сәтте қармаққа табан, алабұға ілініп, мәре-сәре болдық. Үйден шығарда қармақты алуды есіме салған зайыбыма рақмет. Аулаған балықты пісіріп, табиғат аясында тамақтандық. Бұл мен үшін ұмытылмас сәттер.
Балаларым күнделіктеріне көрген-білгендерін түртіп алды. Есілдің бойындағы ағаштан жидек, бүлдірген теріп, туған өлкенің ауасымен кең тыныстау қандай бақыт десеңізші! Жемісі дәру, шөлді басатын мөлдір суы мен қорек етер балығы да бар Есілдің бойы ен тоғай. “Өзен жағалағанның өзегі талмайды” деген сөзді аталарымыз біліп айтса керек. Қазақтың осындай шұрайлы жеріне көз тіккендер де аз болмады. Бірақ Кеңес өкіметінің соқыр саясаты өзен жағалаған қазақты өз жерінен ығыстырды. “Мың өліп, мың тірілген” қайран бабаларымыз бұл сұмдықты да бастан кешірді.
Сол сапарда Атбасар қаласынан Омбыға дейін қазақтың көптеген жері орысша аталатынын байқадым. Сергеевка, Николаевка, Петровка, Ильинка, Александровка, Покровка, Явленка, Чириковка мен тағы басқа осыған ұқсас елді мекендердің атауы орысша жалғаса береді.
Қазіргі өскелең ұрпақ ел, жер атауларына үңіліп, туған өлкесінің тарихын білуі тиіс. Тарих толқынында талай сынға ұшыраған қазақтың дарқан даласы келер ұрпаққа аманат. Сондықтан ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын кең-байтақ жерімізді жастар әрқашан мақтан етулері керек.

Рахмет ЖҰСЫПОВ,  еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp