«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК НЕСІБЕНІ ЕСЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Nur Otan” партиясының XVIII съезінде мен сияқты көп бала тәрбиелеп отырған аналарға қуаныш сыйлаған біраз мәселелер айтылды. Солардың қатарында бес немесе одан да көп перзенті бар аналарға үй алу үшін жеңілдіктер қарастырылатыны, әр балаға берілетін жәрдемақының өсетіні көңілге қуаныш сыйлады.

Мен – көпбалалы анамын. Алла берген алты перзентім бар. Бүгінде Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылында тұрып жатырмыз. Бұрын мемлекеттен алты балаға небары отыз мың теңгеге жуық жәрдемақы алып жүрдім. Бұл, шыны керек, балапандарымның тамағынан артылмайды. Әрбір ана баласының дұрыс білім алып, бос уақытын тиімді өткізуін, спортпен шұғылданып, түрлі үйірмелерге қатысуын ойлайды емес пе? Мен де үлкен баламды қаладағы жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне беруді армандап жүрген едім. Қолымның қысқалығы көп ойларымның жүзеге асуына кедергі келтірді. Елбасымыздың көпбалалы аналарға көрсетілетін қолдауын естігенде жанарыма жас келді. Қуаныштың жасы.
Сонымен қатар Президенттің: “Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінсін”, – деген тапсырмасы көңілімізді бір марқайтып тастады. Бұл сәтті жүзеге асырылса жайлы баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қаншама отбасының мәселесі оңынан шешілер еді.
Халқымызда “Әр баланың өз несібесі бар”, “Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі” деген қанатты тәмсілдер бар. Бұлардың бәрі – соңына саналы ұрпақ қалдыруды мақсат еткен ұлтымыздың ұстанымынан туған ойлар. Мен де перзенттерімнің өмірден өз орнын тауып, еліне, Отанына қызмет ететін азаматтар болып өсулерін армандаймын. Ол үшін ата-анаға артылатын жауапкершілік орасан.
Балаларымның болашағына мемлекет жауапты деп, ауызды қу шөппен сүртіп отыруға да болмайды. Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан еңбек етемін, табысқа кенелемін деген жандарға қолдау көрсетілуде. Осы мүмкіндікті біз де пайдаланып келеміз. Бүгінде шама-шарқымызша мал шаруашылығымен, оның өнімдерін сатумен айналысып отырмыз. Әрине, қаржының жетіспеушілігінен кейде көздеген мақсатымызды жүзеге асыра алмай жатамыз. Ана болған соң өмірге перзент әкелудің, олардың алдындағы міндеттерді өтеудің оңай емес екенін жақсы түсінемін. Алты баланы бағып-қағу тіпті қиын. Әйтсе де, мемлекетке қол жая беруге де болмайды. Денсаулық болса, ерінбей еңбек етудің, сол арқылы балаларды жақсылыққа, адал жұмысқа баулудың маңызы зор.


Оғлай ЖАПАБАЕВА, көпбалалы ана.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp