«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КІЛТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастар үшін болашақ мамандығын және оны меңгеретін жоғары оқу орнын таңдау – әрдайым қиын әрі маңызды қадам. Сапалы жоғары білім мен дұрыс таңдалған мамандық ертеңгі күнге деген сенімді арттырып, табысты мансапты, лайықты жалақыны, жоғары әлеуметтік мәртебені және қоғамдағы беделді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдау талапкерлер үшін дұрыс шешім екеніне сенімдіміз. Осы орайда білім ордасының бірнеше артықшылығы мен тиімділігіне тоқталғанды жөн санадым.

Университеттегі білім беру бағдарламалары ұлттық және шетелдік агенттіктермен аккредиттелген. Білім ордасындағы кампус тоғыз оқыту корпусынан, төрт жатақхана және үш спорт залдан, обсерваториядан, мұражайдан және халықаралық стандарттағы заманауи жүзу бассейнінен тұрады.
Сексен жылдық тарихы бар университет бүгінге дейін ауыл шаруашылығы, білім беру, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, IT-технологиялар, қаржы-техникалық және басқа салалар бойынша 50 мыңнан астам жоғары білікті маман даярлады. Биыл білім ошағында 24 жаңа мамандық, агротехникалық, инженерлік және цифрлық технологиялар факультеттері, жоғары медицина мектебі өз жұмысын бастады. Студенттерге дәріс беріп, шеберліктерін шыңдау үшін Польша, АҚШ, Мысыр, Қытайдан оқытушылар, Иордания мен Литвадан екі топ-менеджер арнайы шақыртылды.
Университетте бүгінде жергілікті жастармен бірге, еліміздің түкпір-түкпірінен, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан және Бангладеш елдерінен келген жеті мыңнан астам студент оқиды. Үстіміздегі жылы олардың қатары Үндістаннан келген 82 студентпен толықты. Жастардың алаңсыз білім алулары үшін қолайлы жағдай жасалған.
Университет Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның 250 үздік жоғары оқу орнының қатарына енді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген зерттеуге сәйкес түлектер арасында сұранысқа ие еліміздегі жиырма білім ордасының қатарынан көрінді.
Өткен жылы аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің бағалауы бойынша білім ордасы бірнеше индикаторға сәйкес 58 университеттің ішінен 13-інші орынға лайық деп танылды. Олардың қатарында университеттегі талантты студенттердің, оқытушылар мен зерттеушілердің көптігі, академиялық ұтқырлық, түлектердің бәсекеге қабілеттілігі, сондай-ақ, оқытушылардың, магистранттар мен докторанттардың ғылыми басылымдары бар.
Сонымен қатар “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жоғары оқу орындары арасында әртүрлі өлшемдер бойынша сараптама жүргізген болатын. Оның мақсаты елімізде кәсіби мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал ету болды. Сараптама нәтижесінде университетімізде әзірленген 16 бағдарлама – бірінші, төрт – екінші және бес бағдарлама үшінші орынды иеленді. Университеттер түлектерінің жұмыспен қамтылуы, еңбекақының жоғарылығы, тағы басқа өлшемдер бойынша бағаланды. Бұл жетістік оқытушылар мен студенттер еңбегіне берілген жоғары баға деп есептейміз. Ал биыл СҚМУ еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының қауымдастығы – Қазақстанның академиялық адалдық лигасына енді.
Студенттер мен олардың ата-аналарын университетті тамамдағаннан кейін жұмысқа орналасу мәселесі толғандыратыны анық. Жалпы өңіріміздегі және облыс орталығындағы жұмыс берушілер біздің университеттің түлектеріне басымдық беретінін атап өткен жөн. Түлектеріміздің бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде білікті маман ретінде қызмет етіп жүргені оқу орнындағы білім сапасының жоғарылығын аңғартады. Жыл сайын университет бітірушілердің 80 пайызы жұмысқа орналасады. Бұл еліміз бойынша жоғары көрсеткіш. Өңіріміздегі жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Жергілікті университетке грантқа оқуға түсу үшін мүмкіндік зор. Биылғы оқу жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен республикадағы бюджеттік орындар саны 20 мыңға артқан болатын. Оның үстіне СҚМУ-ға оқуға түсуге үміткер жастар Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласы әкімдерінің гранттарына ие болды. Жоғары ынтасымен әрі білімділігімен көзге түскен студенттерге екінші курстан бастап академик Манаш Қозыбаевтың және университет ректорының гранттары бөлінеді. Сондай-ақ, биыл үш студенттің Тұңғыш Президентіміз – Елбасының стипендиясына ие болғанын атап өткім келеді. Мектеп бітіруші түлектер жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық олимпиадалар арқылы да грантқа түсе алады. Жүлдегерлерге университетте оқуға 20 және 40 пайыз жеңілдік қарастырылса, жеңімпаздар білім ордасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасының аясында студенттеріміз бір семестр бойы басқа мемлекеттерде оқи алады. Мәселен, осыған дейін дарынды өрендер Латвия, Литва, Ресей, Словакия, Польша және Қытай елдерінде білім алып, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған студенттермен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Арктикадағы экологиялық экспедицияға қатысқан студенттер де бар.
Ресейдегі Екатеринбург қаласында орналасқан Орал федералды және Литва мемлекетіндегі ұлы Витаутас университеттерімен бірлесіп қосдипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жаратылыстану және ауыл шаруашылығы мамандықтарын тамамдаған студенттер жергілікті және шетелдік университеттің дипломын ала алады деген сөз.
СҚМУ өзінің спорттық жетістіктерімен де мақтана алады. Спортшыларымыз өткен жылдары муайтай, керлинг және көпсайыс бойынша Азия біріншіліктерінде, баскетбол, гір спортынан халықаралық турнирлерде, Президенттік көпсайыстарда жүлделі орындар иеленіп, жеңімпаз атанды. Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Айдар Қазов, Маргарита Мұқашева сияқты түлектеріміздің есімдері әлемге танылып жүр.
Биылғы жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Жастар жылы” деп жариялағандықтан, өскелең ұрпақтың алдында жаңа жобалар мен идеяларды жүзеге асыру міндеті тұр.


Ербол ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp