«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҚТЫ ІСТЕР УАҚЫТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен “Nur Otan” партиясының XVIII съезіне біздің облыстан 50 делегат қатысты. Делегация құрамындағы қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар және партия өкілдерімен бірге маған да салтанатты шараға қатысу мүмкіндігі туды .

Бұл жиыннан ерекше әсер алдым. Басты түйгенім – “Nur Otan” партиясының жергілікті жердегі филиалдары бұдан былай Үкімет пен халықты байланыстыратын алтын көпірге айналуы керек. Себебі, билік пен қарапайым халықтың арасындағы байланысты күшейтуге ерекше ден қойылғалы отыр.
Съезд барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үйсіз жүрген қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету және еліміздегі білім беру саласын одан әрі дамыту қажеттігіне баса назар аударды. “Нұрлы жер” бағдарламасының аясында әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жалға берілетін пәтерлердің салынуы туралы бастама көтерілді. Бұл мақсатқа 350 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес та­бысы төмен көпбалалы және толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар отбасылар үшін баспана алу жеңілдейтін болады. Әрине, мұның барлығы көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз.
Съезде білім беру саласындағы реформалар туралы да сөз қозғалды. Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, қазіргі уақытта әрбір жас ұрпақ өкілінің бойында жаңашыл қабілеттер мен дағдылар болуы қажет. Бұл орайда педагогтардың біліктілігін ұдайы арттыру, заманауи материалдық база және оқытудың озық бағдарламаларына ерекше көңіл бөлу керек. Әр өңірде бір ілгері жоғары оқу орны мен он колледждің болу қажеттілігі де осы салаға оң өзгерістер әкеледі деген сенімдеміз .
Алқалы жиында еліміздің әрбір тұрғынын таза ауызсу, электр қуатымен қамтамасыз ету және жаппай газдандырудың маңыздылығы туралы да айтылған еді. Сонымен қатар осы орайда Үкіметке “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасын орындау үшін ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Аталған жобаның нәтижесінде еліміздегі елді мекендердің ахуалы жақсарып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұл өз кезегінде жастарымыздың ауылды аймақтарда еңбек етуге деген ынтасын оятары сөзсіз.
Әңгіме өзегіне айналып отырған ұзақмерзімді бастамалар мен жобалар әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Алдағы игі істерге бір адамдай жұмылып, жақсылыққа ұмтылуымыз қажет.


Кеңес МҰҚЫШЕВ,  “Nur Otan”партиясы Петропавл қалалық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp