«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ — ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Nur Otan” партиясының мерейтойлық съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін негізгі басымдықтарды атап көрсетті. Мемлекет 2019-2021 жылдары əлеуметтік міндеттерді шешу үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,3 триллион теңгеден астам қаржы бөлетін болды. “Nur Otan” партиясының съезінде айтылған міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында қаралды.

Бұл алқалы жиынға Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері, облыстық және аумақтық департаменттер мен басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясының XVIII съезінде еліміздегі əлеуметтік салаларды жандандыруға бағытталған маңызды межелерді айқындап берді. Жаңа əлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру нəтижесі еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасына жəне əлеуметтік əлсіз топтардың кірістерінің артуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша атқарылған жұмыстардың барлығын ауқымды түрде жариялап, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан қазіргі кезде жергілікті жерлерде əкімдіктер, “Nur Otan” партиясының филиалдары осы бағытта жұмыс істемек. Бұл ретте халықпен кері байланыс орнату үшін жұмыс жүргізудің жаңа форматын қарастырамыз, – деді әкімдіктің отырысын ашқан Құмар Іргебайұлы.

Іс-шараларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп отыр. Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға ел бюджетінің 45 пайызы жұмсалмақ. Еліміздің жаңа әлеуметтік саясаты күнкөрісі төмен көпбалалы отбасыларды қамқорлыққа алуға бағытталған. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы көпбалалы отбасылардың әр баласына төленетін жәрдемақы мөлшері алты есе өспек. Бұл шара арқылы біздің облыста 6700 бала көмекпен қамтылмақ. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған екі мыңға жуық отбасына әлеуметтік төлем 30 пайызға өсетін болады. Облысымызда 6764 көбалалы ана ай сайын әлеуметтік көмек алады, оған 1,2 млрд. теңге бөлінген.
“Нұрлы жер” бағдарламасы шеңберінде елімізде жалдамалы 40 мың пәтер салынбақ. Біздің облыста 341 көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж. Биыл кезекте тұрған, күнкөрісі төмен осы санаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін жалдамалы 226 пәтер бөлінбек. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы арқылы жылдық 2-3 пайыз үстемемен ипотекалық несие беру көзделген. Оның бастапқы жарнасының 10 пайызына жергілікті бюджеттен демеуқаржы берілетін болады.
Өңіріміздегі жалақысы төмен 20 мыңға жуық бюджет саласы қызметкерінің еңбекақысы 30 пайызға өседі. Мәселен, аудандық әкімдіктің бір жыл еңбек өтілі бар қызметкері қазір 77 мың теңге алса, 1 шілдеден кейін оның айлығы 100 мың теңгеден асады.
Үстіміздегі жылы білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да айтарлықтай өзгерістер болмақ. Алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек денсаулық сақтау жүйесінің басты буынына айналмақ. Бұл мәселені шешу үшін “Береке”, “Жас өркен” және Ойқала шағынаудандарында үш отбасылы-дәрігерлік амбулатория ашылмақ. Жалақылары төмен медбикелер мен санитарлардың, психологтардың, әдіскерлердің, тәрбиешілердің айлық еңбекақыларын өсіру көзделген.
Елімізде алдағы үш жыл ішінде “Ауыл – ел бесігі” жобасын жүзеге асыру үшін 90 млрд. теңге бөлінеді. Жоба аясында елді мекендердегі әлеуметтік мақсаттағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандары мен жолдар жөнделмек.
– Мемлекет басшысының “Nur otan” партиясының он сегізінші съезінде берген тапсырмаларын орындау үшін біздің облысқа қосымша 40,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қомақты қаржыны тиімді пайдалану үшін жергілікті билік органдары, “Nur otan” партиясының белсенділері, депутаттар тарапынан нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Бекшенов жиналғандарға көктемгі егіске дайындық барысы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 520,4 млрд. теңгеге жеткен. Егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру ұлғайған. Былтыр ауыл шаруашылығына 82,9 млрд. теңге инвестиция тартылған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға көп. Содан кейін баяндамашы тұқыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникаларын әзірлеу туралы ақпарат берді. Бүгіндері облыстағы агроқұрылымдар тұқыммен толық қамтамасыз етілген, енді оның сапасы тексерілуде. Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдары жанар-жағармай, органикалық тыңайтқыштар сатып алу үшін келісімдер жасауда. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет 66,6 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлген.
Әкімдіктің отырысында “АгроКредит” аграрлық несие корпорациясының, “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау” мен “Қазагроқаржы” акционерлік қоғамдарының облысымыздағы өкілдері көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын, астық тасымалдауды, жаңа техника сатып алуды несиелеу шарттарын түсіндіріп, бұл жұмыстардың агроқұрылымдар үшін тиімділігін атап көрсетті. “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Елена Федоренко биылғы көктемгі егіс жұмыстарының ерекшеліктеріне тоқталса, “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова көктем айларындағы ауа райына болжам жасады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әкімдік отырысын қорытындылай келіп, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды, оларды жүзеге асыруға барлық билік органдарының жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген  Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp