«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРТИФИКАТ ТАПСЫРЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100-ші қадамды орындау аясында Канада мен Австралияның үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясын құру тапсырылған болатын.

2016 жылдың сәуірінде жұмысын бастаған корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялап, мемлекеттік қызметтерді жедел алу мүмкіндігін жасады. Сондай-ақ, Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттаудан өткізу міндеті қойылған болатын.
Бұл тапсырманы орындау мақсатында 2017-2018 жылдары сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарт қағидаттарын енгізу, қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіліп, корпорация қызметі біріздендірілді.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, сапа менеджментінің халықаралық сертификатын алу – көрсетілетін қызмет деңгейі өскенінің дәлелі. “Біздің басты міндетіміз – қызмет алушының талабынан шығып, бар сұранысын өтеу. Корпорациямызға жүгінетін кез келген азамат сапалы қызмет алуы тиіс. Біз бұл бағыттағы жұмысты үнемі жетілдіріп отыратын боламыз”, – дейді корпорация төрағасы.
“Азаматтарға арналған үкіметтің” ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сай келуін тексеру мақсатында сапа менеджменті жүйесінің сертификаттау аудитін “TUVThuringen Е.V.” компаниясы (Германия) жүргізді.
Халықаралық стандарт талаптарына жауап беру – мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа ауыстыруға қатысы бар бизнес-процестерді үнемі жетілдіріп отыруға мүмкіндік береді. Бұл Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінетін тұрғындар санын азайтуға, корпоративті және сервистік мәдениет деңгейін көтеруге, сондай-ақ, корпорация қызметкерлерінің құзыреттілігін дамытуға ықпал етеді.
Корпорация төрағасына ISO 9001:2015 сертификатын аудит жүргізген “TUVThringen Е.V.” компаниясының атынан “Интерсертифика-Тюф” ЖШС-нің директоры Роман Карякин табыс етті.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp