«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ДОМБЫРА СЫНЫБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ілияс Омаровты қазақ ұлттық өнерінің дамуына үлес қосқан қайраткер деп айтсақ, қателеспейміз. Ол 1955 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалған кезеңнен бастап көп игі іс атқарды. Оның басшылығымен телеорталық салынып, 1957 жылы облыста ақындар айтысы және ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сол жылы Ілияс Омаровтың бастамасымен Петропавл қаласында музыкалық училище ашылды. Бұл мәдениет саласына тың серпін берген айтулы оқиға болды. Білім ордасының директоры болып Алматы қаласындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Болат Асанов тағайындалды. Ол баритон дауысты әнші болатын. Міне, осы азамат “Білім” қоғамы арқылы бірнеше рет дәріс концерт ұйымдастырды. Дәрісті орыс тілінде оқыса да, тарихи деректер негізінде қазақтың ән-күйін насихаттады. Ол әнді пианиномен сүйемелдесе, мен Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды дәулескер күйшілердің күйлерін ойнайтын едім. Осындай концерттерді 1960 жылдары Қызылжар, Мамлют, Аққайың аудандарында қойдық.
Болат Асанов – талай дарынның бағын ашқан өнерпаз. Әр жылдары аталмыш білім ордасын Борис Дивинский, Сайдаш Гайсин сияқты тағы басқа бірнеше азамат басқарғанын да айтып өткен артық болмас.
Жалпы, училище ашылған уақытта 16 мұғалім жұмыс істесе, солардың төртеуінің ғана жоғары білімі бар болатын. Колесникова, Великошевский, Осипов, Көрпешов, Корсаковтар студенттерге дәріс оқыды. Сол кездері білім алуға ұмтылған қазақ жастары бірен-саран еді. Балалар үйінде тәрбиеленген Хасен Есболатов, Алма Оспанова сияқты санаулы студенттердің талпыныстарын ұмыту мүмкін емес.
1957 жылдың шілде айында жалпы қазақстандық фестивальға қатысуым – өнерге келуіме берілген жолдама еді. Сол шараның арқасында үлкен шаһар – Алматымен танысуға мүмкіндік алдық. Еліміздің астанасын көріп, таңдай қақтым. Ол әлемдегі ең сұлу қала болып көрінді. Концерттен соң қаланың көрікті жерлерін араладық. Үкімет үйінің алдында біздің өңірден барған өнерпаздардың концерті өтті. Келесі күні Абай атындағы опера театрында біздің ансамбльді киножурналға түсірді. Одан кейін радио комитетінде ән-күйлерді жазып, сұхбат бердік. “Музыкалық білім алу ойыңызда бар ма?” – деп маған сұрақ қойған дикторды әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Ол Петропавлда музыкалық училище ашылатынын айтып, жақсы жаңалықпен бөлісті. Мен үшін бұл ерекше оқиға болатын. Кідірместен дикторға домбыра мамандығына оқуға түскім келетінін айттым. Айтқандай, 1957 жылы Петропавлда музыка училищесі ашылып, ұлт аспаптар бөлімі құрылды. Өкінішке қарай, домбыра мамандығы оқытылмады. Бір жылдан кейін тамыз айының соңында білім ордасына бас сұқтым. Училищенің ұзын дәлізімен ақырын келе жатқанда пианиноның сүйемелдеуімен ән орындаған ер-азаматтың баритон дауысы естілді. Сазды әуен естілген сыныпқа кірсем, бойшаң әрі толықша келген қараторы қазақ жігіті Ахмет Жұбановтың Абай операсынан Абайдың ариясын айтып отыр. Ән кілт үзілді. Әлгі адамның қазақша амандасқанына қатты қуандым. Өйткені, өзім орысшаға шорқақ едім. Ол өзін таныстырып, училищенің директоры Болат Асанов екенін айтты. Вокалдан сабақ береді екен. Мен де өзімді таныстырып, домбыра сыныбында оқуды армандайтынымды жеткіздім. Сонда ол: “Әзірге домбыра сыныбы ашылған жоқ. Бұл жөнінде жоғары жақта мәселе қозғалған. Меніңше министрлікте бұл мәселе шешілуге тиіс. Консерватория бітірген немесе музыкалық училищеде оқыған бір маман келуі керек”, – деді. Бірақ директор келетін маманды баспанамен қамтамасыз ету жағдайы қиын болып тұрғанын жеткізіп, домбыра сыныбы ашылса, маған хабарласатынын айтты.
1959 жылы Жамбыл ауданындағы “Баян” ұжымшарына педагогикалық училищенің бір топ студенті егін жинауға келді. Солардың ішінде Ерғали Досбаев, Флора Азаматова, Бақытжан Сәдуақасовтар бар еді. Студенттерге педагогикалық училищенің ұстазы Мәделхан Есмағанбетов жетекшілік етті. Ол музыкалық училищеде вокалдан қосымша сабақ береді екен. Қазақ жастарын музыкаға баулыған ұстаздың есімін жерлестері мақтан тұтады. Кезінде ол Мәскеудегі консерваторияда Ришат пен Мүслім Абдулиндермен, Байғали Досымжановпен бірге оқыған.
“Баян” ұжымшарында егіншілерге арналған концерт өтті. Сол кеште Мәделхан Мұқанұлы ән айтса, мен күй күмбірлеттім. Концерттен кейін онымен жақын танысып, әңгімелестік. Ол өнерлі адам бойындағы Алла берген дарынды шәкірттерге, жас ұрпаққа беру керектігін айтып, музыкалық училищеге шақырды. Осылайша, мен Қызылжарға қайта келіп, училищеге құжаттарымды тапсырдым. Сонда музыкалық училищенің директоры Борис Дивинскийді жолықтырдым. Мен онымен бұрыннан таныс болатынмын. Ол өнерпаздарға өте жақын әрі қамқор еді. Халық аспаптар бөлімінің жетекшісі Ескен Қабиұлымен таныстырып, мені соған тапсырды. 1959-1960 жылдары домбыра сыныбы ашылып, Бақытжан Нұқышев пен Жақсылық Шәріпов сияқты студенттермен бірге оқыдым. Өңірге жолдамамен келген семейлік Әнуар Хамитова бізге домбырадан сабақ берді. Алматы қаласындағы музыкалық училищені тамамдаған ол екі жылдан кейін кетіп қалды. Домбырадан сабақ беретін ұстаз болмағандықтан, бұл жұмысты оқу ордасының басшылығы маған жүктеді. Әлі студентпін. Соңғы курста Шымкент қаласындағы музыкалық училищеге ауыстым. Сөйтіп, Қызылжарда домбыра сыныбы жабылып қалды. Кейін елге оралып, Петропавл қаласындағы №1 балалар музыка мектебіне жұмысқа орналастым. Домбыра сабағы келісім бойынша №2 қазақ интернатында өтті.
Бірде балалар музыка мектебінде сабақ беріп отыр едім, хатшы келіп директордың шақырып жатқанын жеткізді. Мектеп пен училищенің арасы жақын болатын. Сол екі аралықта мені сан алуан сұрақ мазалап, дегбірімді қашырды. Бұған дейін талай жиында музыкалық училищеде домбыра сыныбын қайта ашу мәселесі көтерілген еді. Бұл әңгіме облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі бастығы Сейпіл Уақпаевқа да жеткен еткен. Мәселені, сол кездегі облыстық комитеттің хатшысы Әнуарбек Шманов та білетін. Басшыларды бұл мәселе жөнінде хабардар етуге мен де талай тырыстым. Бірақ сынып ашуға ешқандай мүмкіндік болмады. Маман тапшылығы, қосымша бюджет мәселесі сияқты түрлі сылтау айтылатын.
Директордың кабинетіне кірсем, Қаттай Кеншінбаев отыр екен. Ол “Союзцелинвод” тресінің бастығы болатын, өзі өңірге сыйлы адам. Жиені Қымбат Жамалиеваны домбыра сыныбына оқуға әкеліпті. Мен бойжеткенге өзімнің білгенімді үйретіп, өнерге баулитынымды айттым. Тек домбыра сыныбы ашылса деген ниет білдірдім. “Көп тілегі – көл” демекші, көптің арманы орындалды. Қаттай Кеншінбаев Әнуарбек Шмановпен жақын араласқан. Осылайша, екеуі мәселені ойдағыдай шешті. Бұл сынып талай шәкірттердің өнер жолына түсіп, шыңдалуына жол ашты.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp