«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СМАРТФОН АРҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде жүзеге асырылып жатқан “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы жаңа технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Бағдарлама шеңберінде тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру міндеті белгіленген.

Бүгінгі таңда азаматтарға “Электронды үкімет” порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды оқытатын цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары еліміздің барлық облыстарында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды үйрететін аймақтар ашылуда.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттыруға сүбелі үлестерін қосуда. Атап айтқанда, олар қызмет алушылардың телефондарына “Telegram” және “Mgov” қосымшаларын орнатып, анықтамалар мен қызметтерді алу ретін түсіндіріп береді. Онлайн арқылы қызмет алу – бүгінгі заманның талабы. Бүгінде “Telegram” қосымшасында 24 қызмет түрі қолжетімді. Жүйе іске қосылған сегіз айдың ішінде 140 мың адам оны қолданып үлгерді. Сондай-ақ, қосымшадағы “Egovkzbot”-тың көмегімен 160 мың рет түрлі анықтамаға өтініш берген. Тарқатып айтар болсақ, мессенджер қолданушылары 60 мың рет мекенжай, 20 мың рет соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама сұратқан. Өз кезегінде, “Mgov” қосымшасы арқылы 90 мемлекеттік қызметті онлайн алуға болады. Былтыр ел тұрғындары бұл қосымшаны “Googlе Play” дүкенінен 1,3 миллион рет жүктеп, 3,6 миллион қызмет алған.
Қалтамыздағы смартфон халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға көмектесуде. Көрсетілетін электрондық қызметтер санының артуына байланысты мемлекеттік корпорация тұрғындар арасында қызметтерді онлайн түрде алуды үйрететін шаралар өткізіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл қосымшаларды пайдалану үшін солтүстікқазақстандықтар мобильді азаматтар базасында тіркелуі қажет. Оны орталықтың қызметкерлері жүзеге асырады. Тәртіп бойынша қызмет алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефоны байланыстырылып, базаға енгізілуі тиіс.
Бүгінге дейін ел бойынша 8 миллион қазақстандық “Электронды үкімет” порталын пайдалану дағдыларын игерді. Сонымен қатар мемлекеттік корпорация мамандары жергілікті әкімдіктердің қызметкерлеріне “Электронды үкіметтің” www.egov.kz веб-порталын пайдалануды үйретіп, 686 мың азаматқа оқыту өткізді. Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорация қызметкерлері апта сайын емхана, әскери бөлім, жоғары оқу орындары мен өзге де мекемелерге барып, орталықта көрсетілетін қызмет түрлері қосымшаларын пайдалануға машықтандырады.
Бүгінде реестрдегі 752 мемлекеттік қызметтің 506-сы, яғни 67 пайызы электронды форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электронды жолмен көрсетілетін қызмет түрлерінің саны көбеюде. Басты мақсат – бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 90 пайызға жеткізу. Ал халықтың цифрлық сауаттылығының деңгейін 2022 жылға қарай 83 пайызға дейін арттыру көзделген.


Ерназар НҰРҒАЛИЕВ, “Азаматтарға арналған үкімет” акционерлік қоғамы  облыстық филиалының  РR-менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp