“Nur Otan” партиясының облыстық филиалында өткен жиында «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Жиында “Қазақстан ұлттық банкі” АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Бақыт Сәбиева бүгінге дейін 427 солтүстікқазақстандықтың аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет танытқанын жеткізді. Өтініші мақұлданған 270 азамат жазда пәтер кілттеріне ие болмақ. Жалпы, бағдарламаға өңірдегі екінші деңгейлі жеті банк қатысуда. Үміткерлерге қойылатын ортақ талап – жеке басында баспанасы мен ипотекалық несиелері болмауы тиіс. Қазіргі таңда бағдарлама аясында облыс орталығындағы “Жас өркен”, “Береке” шағынаудандарында және Жуков көшесі бойында көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылуда.
Кездесу барысында облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Валерий Дорошенко жергілікті құрылыс компаниялар басшыларын мазалап жүрген мәселелерді көтерді. Бүгіндері олар ескі үйлерді сүрумен айналысып жүрген көрінеді. Осыған орай, аталмыш қауымдастық өкілдері «Береке» шағынауданының жанынан инфрақұрылымы ойластырылған «Жұлдыз» шағынауданын салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Болашақ шағынауданның жобалық-сметалық құжаттары да әзір.