«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫҚ КҮНІ ӘЛЕМНІҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір өзіңсің періштем, пірім менің!

Сезім селін көл етіп жаңбырлаған,
Ақындықты сыйлапты тағдыр маған.
Күндеріме ризамын кірпік ілмей,
Түнді өткізіп, қаншама таңды ұрлаған.

Ой-қиялдың көп жүздім айдынында,
Батпай аман, әйтеуір, қайғы-мұңға.
Шаттық дәурен, бірақ та қайдан болсын,
Жетім өскен шұрқырап тай-құлында?!

Айта берсе, жүректің жарасы мың,
Әкенің ұлдан жалғыз баласымын.
Қатал өмір жылата алмады ғой,
Жастай құрғап қалғасын қарашығым…

Анам болды періштем, пірім менің,
Жетімдігім содан да білінбедің.
Жыртық үйде жүрекке жылу барын,
Ұға алады дейсің-ау бүгінде кім?!

Түсе бермес тірлік-ай еске күнде,
Мұнар бұлттай басымнан көшкені ме?
Анам ылғи мұңды бір ән салатын,
Қыстың ұзақ көңілсіз кештерінде.

Кейін білдім, көбі оның дастан екен,
Жан ауыртқан аяныш жасқа бөтен.
Анам менің осылай жүрегімде,
Жыр бұлақтың қайнарын ашқан екен.

Қандай өзің мықты едің, Тәңірмісің,
Ауырсынбай көңіл шер – шөгіндісін?!
Жүрегіме құйғаның жырдан сәуле,
Анашым-ау, алдымен сенің күшің!

Отбасының ынтымағы, ырысы

Аналар-ай,
Мөлдіреген жаны ізгі,
Бар әлемнің жарық Күні тәрізді.
Тіршілікке шырай берген сендерге,
Қалай осы қайтарамыз қарызды?!

Аналар-ай,
Асылдарым, ардағым –
Өздеріңдей бас имейді жанға кім?
Біз сендерсіз ұғар ма едік, шіркін-ау,
Тіршілікті түйсінудің бар мәнін.

Аналар-ай,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Өбектейтін, бәрін бастан өткеріп.
Бел бүгіліп, шашына ақ түссе де,
Одан асқан, одан сұлу – жоқ көрік.

Аналар-ай,
Дарқан көңіл, пейілдім –
елжіреген үлгісі ғой мейірдің.
Жанарынан жан шуағын төккенде,
Ұмыта алар дейсің оны кейін кім?!

Аналар-ай,
Адамзаттың ұлысы,
Отбасының берекесі, ырысы.
Ана алдында тағзым ету үшін де,
Адал перзент болу керек дұрысы.

Аналар-ай,
Ақ жүректе алғысы,
Ізеті мен инабаты бар кісі.
Адалдықтың ақ жолында оларды,
Алға бастап шығарады ар күші.

Аналар-ай,
Қажымайтын, талмайтын,
Бар ғұмырын ұрпағына арнайтын.
От пен суға түсуден де тайынбай,
Балапанын көгершіндей қорғайтын.

Аналар-ай,
қандай биік, өр едің,
Шыңға біткен шынарлардай көремін.
Перзенттік бір борышымның белгісі –
Сіздерге осы тағзым еткен өлеңім!

Тоқтар ЗІКІРИН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Боз

Боз сайдан бір үн естілген еді,
Бозбала кірпік ілмейтін.
Бір сезім барын кеш білген еді,
Бір мұңның барын білмейтін.

Бозарған таңда түс көрген еді,
Боз дала үні тербеді.
Ғайыптан тылсым күш келген еді,
Түс жорып ешкім бермеді.

Ақбұлақ ылғи тулап ағатын,
Бозарған тұман ішінде.
Бойжеткен ылғи суға баратын,
Бозбала көрген түсінде.


Ару сай қайда, Ақбұлақ қайда?
Арасы да тым қашықтау.
Жарасы жанға қатты батпай ма,
Сезімге бекер асықты-ау?!

Ала көлеңке араласатын,
Сынық ай, сынық сәулелі.
Албырт сезімді ала қашатын,
Алқына соққан тау желі.

Ауыл түнінде ай таранғанда,
Ақ-Ханша еске түсетін.
Боз сайдың үні қайталанғанда,
Бозбала қымыз ішетін.


Боз қымыз ішкен, құмар қанғанша,
Құштарлық бойда созылып.
Боз көңіл сонда сыңарланғанша,
Алдайтын еді боз үміт.

Бойдағы қызу сөйлеткен бірден,
Сөзбенен жасап мүсін де.
Боз көйлек киген, бойжеткен жүрген,
Бозбала көрген түсінде.


Бойжеткен қайда, бозбала қайда?
Аралары да жақындау.
Ару қолында тозбаған айна,
Боздаған көңіл ақындау.

Боз сайдан бір үн естілген еді,
Бозбала кірпік ілмеді.
Бір сезім барын кеш білген еді,
Түсіне тұйғын кіргелі!

Жарқанат ҚИНАУХАН, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Алғыс

Қиянаттың жолдарымен жүргізген,
Мақсатыма жету үшін – адамдық.
Жақсылықтың шын бағасын білгізген,
Алғыс саған, жамандық!


Сәуле таппай жылтыраған жарықтан,
Жету үшін оған талай алдандық.
Ақиқатты адастырмай танытқан,
Алғыс саған, жалғандық!

Өмір жолы түзу емес, кім білген?
Жандар қайда сын таққыш һәм сыналғыш.
Кісіліктің қасиетін білдірген,
Кішілікке мың алғыс!

Менің айнам – мінезім мен өлеңім,
Айбалтадай айбаттым.
Шындықты тек шыңнан ғана көремін,
Арқасында ғайбаттың.

Сәттерімді жүрегіме жүк қылған,
Содан, бәлкім, билік құрды санамда – ар.
Осылардың бәрін маған ұқтырған,
Алғыс саған, адамдар!

Мына өмірді жібердің мәнерлі ғып…

Әлдиіңмен ән айтып, әлем күліп,
Мына өмірді жібердің мәнерлі ғып.
Қадіріңе жете алмай сансыз жұлдыз,
Үнсіз сізге тұрғандай сәлем қылып.
Ана!!!

Жүрегіңнің мәлім-ді сыры маған,
Сол сырыңды халімше ұғына алам.
Бағасы асыл өмірдің өзің жоқта,
Бір-ақ тиын секілді құны маған.
Ана!!!

Ғазиз жаным серік боп гүл өңіңе,
Сол жаныңды жақсылар біледі ме?
Тілегімді тілекке ұштастырып,
Қатпар жинап келесің жүрегіңе.
Ана!!!

Тағдырыма алаңдап…тағы алаңдап…
Самай шашың барады ағараңдап.
Толғаныспен жазылған толғауымның,
Әр шумағын оқимын саған арнап.
Ана!!!

Қапияда жанымды мұң басатын,
Сол мұңымды сіз ғана тыңдасатын.
Он сегіз мың ғаламда жалғыз өзің,
Жұмаққа ынтық жаныммен жымдасатын.
Ана!!!


Нұргүл ОҚАШЕВА, ақын.

Даланың теріп бәйшешектерін берер ем…

Бір сезім кенет, кеудеме еніп кеткендей,
Жүрегім анау, гүлденіп жатқан көк белдей.
Шынымен мынау ынтық қып алған өзіне,
Сарыла күткен, сағына күткен көктем бе-ей?!

Ақпанның ескі көйлегін жыртып түсі аппақ,
Сал-сері көктем көк белді өбер құшаққа ап.
Алтын сәулесі семсер боп күннің құлайды,
Қопаның қатқан ерітіп мұзын пышақтап.

Келгенде көктем, жауқазын гүлдер бүр атып,
Көктегі күннен, құстардан хабар сұратып,
Даланың жұлып бәйшешектерін берер ме ем,
Көңілім ауып, анау бір қызды ұнатып.

Алмасып мезгіл, айлар мен күндер көп өткен,
Көктемді күттім, сезім іздедім бөлек мен.
Бұл көктем маған тұрады неге елестеп,
Махаббатымдай жолығып қалар кенеттен?!


Абылайхан ӘШІМХАН, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp