«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ ТҰЯҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, кешегі мен бүгінді байланыстырып, келешекке жақсы үлгі қалдырып келе жатқан тұлғаларға бай. Соның бірі тоқсанның төріне жақындап қалған Аида Ахметқызы деуімізге болады. Ғұмырын ауыл шаруашылығы ғылымына арнаған ғалым – Алаштың біртуар азаматтарының бірі Ахмет Жантеліұлының қызы.

“Менің өмірімнің мәні патриот-ағартушы әкемнің аты алдында қызы ретінде оның еңбектерін насихаттап, Қазақстанның тарихи жетістігіне қосқан үлесіне лайықты бағасын беру арқылы парызымды атқару”, – деп ағынан жарылады ғалым. Осы жолда ол 2005 жылы “Мудростью отца восхищаюсь” кітабын жазды. 2010 жылы Петропавл қаласында “Солтүстік Қазақстан: аймақ тарихы, тұлғалар тағдыры” деген ғылыми-практикалық конференция өткен еді. Конференцияны ұйымдастыруға белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мәмбетәлі Қойгелдиев басшылық етіп, ардақты ақын жерлесіміз, Кәкімбек Салықов, академик Салық Зиманов қатысқан болатын.
Конференцияда Алаштың ардақтылары Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Жұмағали Тілеулин секілді тұлғалармен қатар Ахмет Жанталиннің де есімі аталды. Алқалы жиынға Аида Ахметқызы жұбайы Қабдыр ағамен бірге құрметті қонақ ретінде қатысып, әкесі Ахмет Жанаталин туралы құнды мәліметтер айтты. Аттары аталуға тыйым салынып, ұмыт бола бастаған тұлғалар тарих сахнасында қайта жарқырап, ұлт үшін жасаған еңбектері лайықты бағасын алды.
Тағдыр маған Аида Ахметқызымен жақын араласуды сыйлады. Апайдың мінез-құлқынан, іс-әрекетінен текті кісінің ұрпағы екені көрініп тұрады. Ағасы Талғат Тегісов – ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, басшылық қызметтер атқарған адам. Еліміз егемендік алып, өшкенімізді жаңғыртып жатқан заманда мен де Алмалыбақ ауылының “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы белгілі тұлғалар туралы мақала жазумен айналыстым. Алдымен Талғат Ахметұлы туралы мақала дайындау барысында әкесі Ахмет жайында алғаш рет естідім. Талғат Ахметұлы әкесiнің әртүрлi газет-журналдарда шыққан мақалаларының көшiрмелерiн жинақтап, түптеп кеткен екен. Болашақты ойлай жүретiн адамдарға тән қасиетпен Тәкең оған кiрiспе сөз жазып, әкесi туралы бiрқатар деректер қалдырыпты. Онда ол кiсi былай деп жазады: “… тарихты зерттеп, институттардың жас талап қызметкерлерi көп уақытқа созбай әлi ескiрiп кетпеген кезде Ахметтi батыл сынап, әдiл шешуi тиiстi. Ол жалғыз, оның тұқымдарына не болмаса балаларына ғана керек деп ойлануға болмайды”. Осы мәліметтерді жинақтап, 1993 жылы 20 шілдеде “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетіне “Өткен күнде белгi бар. Ахмет Тегiсов” деген мақала жаздым. “Бiр жағынан ұлы адами мәселелердi насихаттап, жеке қара басының емес, бүкiл халық қамын жоқтаған есiл азаматтың небiр әдiлетсiздiкке душар болғанына налысам, екiншi жағынан ол кiсiнiң есiмiн халқына қайта таныстырып, биiк тұлғасын тұтасымен айқындайтын көптеген құжаттардың iз-түзсiз жоғалып не жойылып кеткенiне өкiндiм. Алайда, қолда бардың өзiн де дұрыс базарлап, әлi де көзi тiрi көнекөз қарияларды жағалап, мұражайларды ақтарып, бiраз зерттесе, көп нәрсенiң бетi ашылар деген үмiт оты да көңiлiме демеу болды. Осы орайда облыстық “Қазақ тiлi” қоғамы бас болып, өлкетану мұражайы, жас талапкерлерi қосшы болып Қазан, Уфа, Троицк секiлдi қалаларды қамтып, зерттеу жұмыстарын жүргiзсе, туған өлкемiздiң тағы бiр асыл ұлы тарих төрiнен лайықты орнын алар едi” деп аяқтаппын өзімнің мақаламды.
Құдайға шүкір, тарихшы ғалым Мәмбетәлі Қойгелдиев 2009 жылы “Алаш” журналының №6 санында, “Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов” кітабында (Алматы, 2009), “Қазақ әдебиеті” газетінің 2009 жылғы №43 санында Ахмет Жанталин туралы мақалалар жазған екен. Еліміздің біртуар азаматы академик Евней Букетов те Ахмет атамыз туралы қалам тартыпты. Осы деректерді Аида апамыздың әкесі туралы жазып, 2015 жылы шыққан “Ахмет Жанталин” деген кітабынан оқып білдім. Кітап көлемді болып шыққан екен, облыстық кітапханаларға таратылды, ғаламторда да жарияланды.
Кітап тарих ғылымдарының докторы академик Мәмбетәлі Қойгелдиевтің “Ахмет Жанталин – яркий представитель национальной интеллектуальной элиты XIX-XX веков Казахстана, истинный патриот, грамотный политик, широкогранный просветитель, член партии Алаш” деген кіріспе сөздерімен басталады.
“Становление личности Ахмета” деген тарауда Ахмет дүниеге келген солтүстік аймақтың тарихына шолу жасап, Қожаберген жыраудан бастап Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетов секілді тұлғаларды еске алады. “Дальнейшая судьба отца (Жанталина Ахмета)” тарауында әкесінің өмір жолы туралы деректер береді. Есіл боздақтың ел мұқтажын қорғауға ерте араласып, патшалық Ресей заманының да, кейін кеңестік дәуірдің де теперішін көргені жазылады. Ол кезде отар болған елдің талай зиялы азаматтары көрген қиыншылықтарды Ахмет те көреді, жазықсыз қудаланады. Ақыры Ресейге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болады. Екіншіден, ардақтап өсірген үш бірдей ұлы майданда қаза табады. Осының бәрі асыл азаматқа оңай тимегені хақ. Халық жауы атанған адамның үш ұлы жазықсыз қудалаған елді қорғаймын деп мерт болғаны тағдырдың нағыз тәлкегі еді. Көзі тірісінде осындай қиыншылықтарды көрсе де халқына деген сүйіспеншілігін жоғалпаған Ахмет бейбіт заманда адал еңбек еткен ұл-қыздарды тәрбиелеп, өсіреді. 1950 жылы 75 жасында бақилық болады. Алаштың ардақты азаматы тек 1989 жылғы 16 қаңтарда ақталады. Осы деректердің бәрі Аида апамыздың кітабында толық жазылған.
Кітаптың тағы бір бөлімінде “Улфат”, “Уақыт”, “Қазақ” газеттерiне және “Айқап” журналына жазған мақалалары мен әңгiмелерiнiң жинағы (1906-1915 жылдар), Ахмет Жанталиннiң жазып, баспадан шыққан материалдарының тiзiмi беріліп, маңызды мақалалары жарияланады. Сондай-ақ, Ахмет Жанталин туралы жазылған материалдар да, соның ішінде менің мақалам да келтіріліпті.
Аида Ахметқызы 1930 жылғы 8 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған. Алматы облысының Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында агрохимик-ғалым болып еңбек жолын бастайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың агрохимиялық жолдарын зерттеді, кандидаттық диссертациясын қорғады. Солтүстікқазақстандық азамат Қабдыр Сәкенұлымен шаңырақ құрды. Қызы Гүлнәр – ұстаз педагог, ұлы Ноян ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Ғалиясы Қазақстан Сәулеткерлер одағының мүшесі. Немере-шөбере сүйген ардақты ана. 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай соғыста қаза тапқан үш боздақтың қарындасы әрі тыл ардагері ретінде Мәскеу қаласындағы салтанатқа арнайы шақырумен қатысқан. Ол ағасы туралы “Тегисов Талгат Ахметович. Его имя незабвенно”, жұбайы Қабдыр Сәкенұлымен бірлесіп өмірі туралы “Счастливое долголетие” деген кітаптар жазған. Ардақты анамызды 8 наурыздағы туған күнімен және Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, келешек үшін әлі де табысты еңбек ете беріңіз деген тілек айтамыз.


Әйіп ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының  бас директоры, биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp